• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 02 Маусым, 2017

Жаңа технология жемісін жегізуде

301 рет
көрсетілді

Мақтамен даңқы шыққан Мақтаарал ауданына көкала көктем, сарыала жазда еткен еңбектің несібесін жинайтын қоңыр күзде барсаңыз қалың тойдың үстінен түсер едіңіз. Басына орамал жапқан келіндер табалдырық аттап жатады. Ақ күнекесі алыстан жарқыраған еңселі үйлерде қоныс тойы өтеді. Қай шаңы­рақты аттасаң да жүзі жарқын жандарды көресің. Тамақ тоқ, көйлек көк, тоқшылық иісі бұрқыраған ауыл «қайран, алтын ұям-ай» дегізеді.

Бірақ, кейінгі жылдары Мақтаарал бұрынғы сәнінен айырылған, өңі тай­ған жасамыс қызға ұқсап жүр. Мақта баяғыдай көл-кө­сір пайда бермей қалды. Мақ­та жақсы шыққан жылдары Ливерпуль биржасының қабағы келіспей қалады. Жыл сайын сорын шайып, бір дақылды еге бергеннен кейін жер жарықтықтың да діңкесі құрып болдырады. Жыл сайын төгілетін улы селитра ал­қы­мынан алып, еркін демалдырмайды. Мақтадан көңілі қалған көптеген диқандар бау-бақ­ша, көкөніс өнімдеріне өте бас­таған. Әйтеуір, қаракетсіз емес. Дегенмен, агротехникалық талаптарды жақсы сақтасаң ақ мақта әлі де аузыңнан ақ май ағызады. Оны бес жылдан бері жаңа технологиямен шитті мақта егіп келе жатқан Шардара ауданы Жаушықұм ауылындағы «Иіржар-агро» серіктестігінің жұмысынан байқадық. «Иіржар» серік­тестігінің атқарушы дирек­торы Б.Қамбаров жаңа техно­логияның арқасында өткен жылы әр гектардан 51 центнерден мақта алғандарын айтады. Бұл бүгінгі кезеңдермен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Жаңа технологияның пайдасы, бір өзі бірнеше функ­цияларды атқара алатын техника шитті тұқымын шахмат жүрісіндей әдіспен топыраққа біркелі тастап, тамшылатып суару шлангаларын қоса көміп, үстінен пленка жауып өтеді. Сонда жер астындағы шитті мақ­та өсіп-өнуі үшін суық қор­қынышты емес, күн жылуын сақтайтын қорғанышы бар. Ал тамшылатып суа­ру­дың пайдасы мақтаға керек­ті тыңайтқыштарды мөл­шері­мен береді. Осындай әдіс­тің арқасында қоза көсегі түгелдей ашылып, пайданы еселеп береді. Былтыр «Иіржарлықтар» 240 гектар жерге шитті мақ­та ексе, биыл 300 гектарға жеткізді. Б.Қамбаров алқапқа жоғары сұрыпты «2747» мақта дақылы мен таң­даулы қытай сұр­пын егіл­гендігін айтады. Әр гек­тарға 270-280 теңге ара­лы­ғында шығын жұмсал­ғанымен күзде пайданы әлденеше еселеп алатын­дықтарына сенімді. Биыл Шардара ауданында 59 мың 300 гектар жер көктемгі дала жұмыстарына дайындалса, соның 14 мыңына шитті мақта егілмек. Әрине, жаңа технология жетістіктерінің жемі­сін жеу әрбір диқанға ар­ман. Жалғыздың қолы қыс­қа. Сондықтан, кооперация жүйе­сіне көңіл бөлініп жатыр. 

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы