• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 02 Маусым, 2017

Әулиеатада Мырзатай Жолдасбековтің кеші өтті

273 рет
көрсетілді

Таластың толқындарынан тамыр тартып, қарт Қаратаудың қазынасына бойлай өскен Мырзатай Жолдасбеков биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр.

Көне жазба мәдениетіміз болып саналатын Орхон-Енисей жазбаларынан бастап, Тоныкөк, Күлтегін заманын орай өтіп, Жамбыл мен Кенен сынды кемеңгерлер кеңістігіне бір-ақ шыққан ғалым қазақ ғана емес, түркі дүниесіне де айтарлықтай еңбек сіңірді. Кезінде ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі университет қабырғасында қалуға ықпал еткен, ал ұстаздары Бейсенбай Кенжебаев пен Зейнолла Қабдоловтар талантын тап басып таныған сол кездегі бала Мырзатай бүгінгі дана Мырзатайға дейінгі ұзақ та ұлағатты жолды жүріп өтті. Әлкей Марғұлан жас ғалымның кандидаттық диссертациясын докторлыққа теңегені бір бөлек әңгіме. Сондай-ақ, Мырзатай Жолдасбеков қазақ ғылымында ғылыми ойлау мен деректі негіздеудің өзіне тән жолын тапты деуге болады. Сол кездегі саяси қарсылықтарға қарамай Мұхтар Мағауин екеуі көне түркі және хандық дәуірдегі әдебиеттен ғылыми жұмыс жазғаны да ерлікпен бірдей іс еді.

Ал еліміз егемендік алып, азаттық таңы атқанда да Мырзатай Жолдасбеков өзін мемлекет қайраткері ретінде танытты. Елбасының жанында болып, ел іргесін бүтіндеуге, бағытын айқындауға үлес қосты. Қаламгерлігі мен қайраткерлігі қатар өрілген көрнекті тұлғаны жуырда ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мерейтойымен құттықтап, І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын. Сондай-ақ, самалды Сарыарқаның төрінен басталған сексен жылдық ғұмырлық мерейтой абыздың өзі дүниеге келген Әулиеата топырағында жалғасты.

Жамбылдық жұртшылық туған жерге табан тіреген тұлғаны үлкен құрметпен қарсы алды. Ғалыммен бірге композитор Ілия Жақанов пен жазушы Болат Бодаубай Тараз жеріне келіп, құрметті қонақ болды. Одан кейін Мырзатай Жолдасбеков өзі дүниеге келген Талас ауданы, Ақтөбе ауылына барып, мерейтойлық арнайы рәсімге қатысты. Бұл күні дала төсіне қазақы жолмен киіз үйлер тігіліп, ән шырқалды. Өткен күннен естеліктер айтылып, Жамбыл тағылымы, Кенен кеңістігі төңірегінде әсерлі әңгімелер шертілді.

Ертеңіне Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтында Мырзатай Жолдасбековпен кездесу өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, институт ректоры Дария Қожамжарова, өңірдің зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, жоғары оқу орнының оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Атақты ғалым жиналған көпшілікке алғысын айтып, туған елге, жерге деген өзінің лебізін арнады. «Менің туған елімнің абыройы жұлдыздан да биік, мен үшін әрбір адамы Күннен ыстық, Айдан жарық. Туған елге әрдайым ризамын», деп тебіренген мерейтой иесі өмір жолында кездескен тартысты кезеңдер жөнінде де баяндады. Бұдан кейін Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында болып, әулиеаталық өнер иелерімен кездесті. Мұнда да Мырзатай Жолдасбеков өзінің өмір және шығармашылық жолынан сыр шертсе, досы Ілия Жақанов ғалымның композиторлық қырына ерекше тоқталды. Ал Болат Бодаубай қайраткерлігі хақында әңгіме өрбітсе, облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрсифат Салықова әулиеаталық өнер иелері атынан сөз сөйлеп, тілек білдірді. Белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов Мырзатай Жолдасбековтің Иран Ислам Республикасында елшілік қызметте жүргенде арнап жазған өлеңін оқыды.

Мырзатай Жолдасбеков ғылыммен қатар, қазақтың ән мен күй өнеріне де үлес қосқан тұлға. Ел мен жердің киесін ұғынып өскен ол өз алдына кісілік мектебін қалыптастырып, тағылым өрнегін салды. Облыстық қазақ драма театрында ғалымның «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты шығармашылық кеші өтті. Айтулы шараға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы келіп қатысты. Бірақ бұл салтанаттың ерекшелігі – Әулиеата аспанында ән әуелеп, күй шалқыды. Нұрлан Өнербаев, Клара Төленбаева, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Сарина, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова сынды әншілер тамылжыта ән шырқаса, жырау Елмұра Жаңабергенова толғау орындады. Сондай-ақ, күйші Жанғали Жүзбаев қасиетті қара домбыра арқылы күй құдіретін танытты. Белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев арнау айтып, кеш шырайын аша түсті.

Ал арнайы мерекелік дастархан үстінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мырзатай Жолдасбековті мерейтойымен құттықтап, темір тұлпардың кілтін табыс етті. Кеш иесі де елге, халыққа рахметін айтып, алғысын білдірді. Ұлт тұлғаларының ұлағатын бойына сіңіріп өскен көрнекті қайраткердің, ғұлама ғалымның сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойы осылайша көне Тараз жерінде лайықты деңгейде аталып өтті.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы