• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2017

«Ғылым ордасында» еліміздің айтулы ғалымдары бас қосты

316 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Ғылым ордасында» еліміздің айтулы ғалымдары бас қосты. ҚР ҰҒА Жалпы жиналысының сессиясы аясында ҚР ҰҒА Төралқасының 2017 жылғы жұмысы және Қазақстан Республикасында ғылымның одан әрі дамуы туралы ҰҒА Президенті Мұрат Жұрыновтың ақпараттық есебі тыңдалды.

 Басқосу қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.  Алқалы жиын барысында  ғалымдар Елбасының рухани жаңғыруға арналған мақаласын жүзеге асырудың ғылыми тектіктерін талқылады. Олардың ойынша, ашық қоғам құрып ұлттық сананы дұрыс қалыптастыру үшін гуманитарлық салада нақты істерді жүйелі түрде жоспарлау керек. Сонымен қатар, өндірісті ғылымға негіздеу мақсатында зерттеу институттарына білікті кадрлар тарту мәселесінің де назардан тыс қалмауы  баса айтылды.  Сессия қорытындысына сәйкес биыл Ұлттық ғылым академиясының құрамы 30 академикпен толығып, 29 ғалым корреспондент-мүшелікке қабылданды. Құрамға жаңа енген ғалымдар Физика, математика, Химия және технологиялар, Биология және медицина, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ, Аграрлық ғылымдар бөлімшелері бойынша Отандық ғылымның дамуы жолында қызмет ететін болады.

 – Біздің ғалымдарымыз қоғамдық ғылымдарды дамытады. Гуманитарлық ғылымдардың қанат жаюына қызмет етеді. Өзіміздің төл тарихымызды  зерттейді. Көптеген белгісіз болып жатқан жағдайларды ашып дәлелдеп жатыр. Ғылымсыз қоғам да, мемлекет те дамымайды. Ол – акциома. Кәсіпкерлеріміз көп жағдайда инновацияны айтады да, ғылымды көп айтпайды. Ғылым болмаса ешқандай инновация дами алмайды. Осыны әрдайым қаперімізден шығармағанымыз абзал. Өткен жылғы Жалпы жиналысынан кейінгі бір жыл көлемінде ҰҒА Төралқасының аппараты көптеген жұмыстар атқарды. ҚР ҰҒА-сы – Еліміздегі жалғыз классикалық әмбебап академия, барлық атақты, маңдайалды, дүниежүзіне белгілі ғалымдардың жиынтық академиясы. Сондықтан біздің академияның күрделі мәселелері Елбасының тікелей назарында болып келеді. Өткен жылдардың нәтижелері ҰҒА-сының ең таңдаулы ғылыми ұжым екенін көрсетті. Майталман академик-ғалымдарымыздың қатары талантты  жас ғалымдармен – ҰҒА корреспондент-мүшелерімен толықты. Ал қазір біздің академия әлемдегі мүшелері ең жас (орта жасы – 65!) классикалық академия болып тұр. «Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постинаустриялық әлемге қарай жылжып келеміз» деп Елбасымыз айтқандай елдігіміздің жарқын болашағы білім мен ғылым, сол арқылы ауқымды инновацияларға жол ашылып, біздің сәулетті болашағымыздың айқын көрінісіне айналмақ – дейді ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов.    Шара барысында  Отандық ғылымды дамытудың тетіктері, алдағы уақытта атқарылатын шаруалардың тізбегі жайлы жоспар құрылып,  ұсыныстар ортаға тасталды. Бүгінгі таңда ҚР Ұлттық Ғылым Академиясында 6 бағыттық бөлімшелер  мен 10 облыстық филиалдар жұмыс істеуде.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ