• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Маусым, 2017

Тұлға тағдырындағы туған жер

984 рет
көрсетілді

Табалдырықтан асқан тау жоқ, сол сияқты туған жерден биік тұғыр да болмайды. Іңгәлаған сәтіңнен іргелі тұлға болғанға дейінгі аралық – ешқашан қайталанбайтын ұлы ақиқат. Ал жазу дейтін жауһар әлемнің ішінде тағдырды тебірентетін жалғыз ғана қасиет, жүз бұратын құбыла да туған жер.

Арманшыл жүрек алысқа жетелейді, талапшыл тұлғаны қалыптастырады. Біздіңше, жақсылық диқаншысы да, ізгілік себепшісі де тек әдебиет адамы сияқты болып көрінетін. Әлі де солай болса керек. Ілгеріде «Интернат наны» деген әңгіме оқып, авторы Шерхан Мұртаза екен, тағдыр туралы тәмсілді сонда түсініп едік. Әлтайдың тұтас болмыс-бітімі, түр-тұлғасы көз алдымызда. Әдебиет дегенде әсемқоңыр әуенге елтіп сала беретін көңіл әсте жалғыз әңгімемен қанағаттана қоймаған. Кейін бала Барсхан бейнесі бірде қуантып, бірде мұңайтып жүрді. Туған әкенің түлеп ұшқан топырақтан жырақ кетуі, жалған жаланың кесірінен жат жерден топырақ бұйыруы, одан кейінгі ауылдағы сүреңсіз өмір, әсіребелсенділердің әкіреңдеген айқайы, жетім баланың жарым көңілі, жесір ананың көңілін бағу, одан зұлмат соғыс, жоқшылық... бала Барсханның басындағы кеп осы. Мұңайтады, әрине. Ал қуантатыны, ол жасық емес еді. Аб­зал әкенің қарашаңырағын қасиеттеп ұс­тайтын, қадірлеп күтетін парасатты пер­зент еді. Бүгінгі отбасының тірегі, бәлкім болашақта баба жолын, ата салтын ұстанған сөз мұрагері... Осы жайдың бәрін де Шерхан  Мұр­таза «Ай мен Айша» шығармасында  жа­з­­ғанымен, бұл адамзаттың азабын арқау ет­кен ғұмырнама. Өмірден не көрдің, неге жете алмадың, неге жеттің?! бәрі осында. Шығармада әуелгі Барсханның, кейінгі Шерханның азаматтық болмысында, жазушылық ұстанымында қалыптасқан қағидалар бар. Тіпті, шығармадағы өзі тіз­ген оқиғалардың ішінен өзінің шы­ғар­ма­шылық тағдырын айқындаған, жа­зу­шылық кемелдігін танытқан сәттерді де көруге болады. « – Сонда Мұртаза халықтың бәріне қарсы шыққан ба? – деймін мен шыдай алмай.  – Қайдағы қарсы шыққан, ойбай! Байдың баласы дейді, Тротске дейді, Рыс­құлшина дейді – жабам десе, жаласы көп. – Тротске, Рысқұлша деген не? – Е, мен қайдан білейін, Сталинге қарсы дей ме... – Кенет Айша дауысы өзгеріп: – Тыныш жат, аузыңнан шығарушы болма мұндай сөзді, – деп жекіп тастады...» Тұрар Рысқұлов... Кейіннен өзі жазған «Қызыл жебе» романының негізі осы кезеңнен бастап-ақ қаланған екен. Шыңырау түбінен шымырлап шыққан шер, әділетсіздікке қарсы айбар һәм мезгілсіз өлімнің күйін шертетін, жоғын жоқтайтын шығарма болып қалыптанды. Бәріне куә бұл дала. Ешкімге ақтал­майды, ешкімнің айыбын бетіне бас­пайды. Алпыс екі тамырыңды қуалай соққан қоңыр самал бағзы шақтарда өткен естеліктерді тербеп, еске салып тұрғандай. Жуалы ауданының іргесінде «Ескі қыстау» дейтін жер бар. Ұлы далада кезінде сай-жыралардың басына шашырай қонған жұртшылықтың елесі әлі де сақталып қалғандай әсер береді. Бірақ бүгінде кәдімгі далаға айналған «Ескі қыстау» бір заманда талай адамға пана, ес болған киелі мекен. Бала Барсханның тартқан тағдыр тауқыметі, орындалуы беймүмкін арманы, өзгеден көрген қысастығы, осының бәрінен көкейіне берік орнап қалған кісілік дейтін қасиетті ұғым осы жерде қалыптасқан болса керек. Бұл көріністі Шерағаң «Мыңбұлақ» дейтін әңгімесінде «Ескі қыстау – бұл елдің бұрынғы мекені. Бұл өлкені жұрт Мыңбұлақ дейді. Бұрын әр сайдың бойында бес-алты үйден ата-ата еді, бертінде көше деген шықты да, ел ежелгі жұртын тастап, қаздай тізіліп, тың жерден көшесі бар қоныс салды.   Ескі қыстаудың саудыраған қаңқадай дуалдары ғана қалды да, бірте-бірте олар да мүжіле-мүжіле құлап бітті.  Ескі қыстаудың орнын бізге Батырхан Мұртазаұлы көрсетті. Сол жерде Шераға жайлы шындық шертілді. Батырхан қария әңгімені ағасы Шерханның Мәскеуде оқып жүрген шағынан бастады. Талайды көрген тірі шежіре тұлға туралы толғана келіп, «Ай мен Айша» кітабында бейнеленген шындықтарды тағы да үстемеледі. Кітаптағы әлгі «Рысқұлшина... Сталинге қарсы...» деген сөздердің ақиқат астары осы жолы тағы да ашыла түскендей еді.  – Шерхан Мәскеуден оқудан келгенде, өзімен бірге қара шабадан ала келді. Сөйтсек, оның іші толған хаттар екен. Өзі Алматыға кетерде шешеме «Мына қағаздарды әр көктем сайын жайып тұрыңыз. Әйтпесе бүлініп кетеді. Ел бұл хаттарды әлі іздейді ғой» деп қатты тапсырып кеткен. Ағай Алматыға кеткен соң, қызығушылығым оянып әлгі хаттарды оқыдым. Сонда мынадай бір жағдайға таңғалдым. Қуанышбай деген туысқанымыз бар еді, бүгінде марқұм болып кетті. Сол Қуанышбай ағамыз әскер қатарында жүргенде, Шерханға хат жазыпты. Өзі жаза алмайтын еді, жанындағы жолдастарына жаздырған ғой. Амандық-есендіктен соң жазылған «Ұлы Сталиннің қамқорлығымен әскер қатарында жүрмін» деген жолдар бар екен. Шерхан осы сөйлемді тұтастай қып-қызыл сиямен сызып тастапты. Жақтырмағаны көрініп тұр. Өрімдей жас болса да кеудесіндегі кек қатып қалған екен ғой. Біздің жазған хаттарымызды да түзеткен, толған қате, деп күрсінді қария. Талапты ауылы елуінші жылдары құрылған. Бүгінде Мыңбұлақ ауылдық округіне қарайды. Әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның туған ауылы, міне, осы. «Ескі қыстаудың» халқы бүгінде сол Талаптыда тұрады. Шерағаның «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін», деп елжірейтіні бар ғой... Батырхан ақсақал ежелгі «Ескі қыс­тау» жайынан әңгіме шертті. Бала Барс­ханмен тетелес өткен балалық ша­ғын есіне алып тебіренді. «Ол кезде сай-сайдың жағасында отырамыз. Бұлақта су көп. Бір-екі үй бір бұлақты иемденіп отыратын. Әкеміз Мұртаза осы жерден ұсталып кеткен. Кейін Шерхан есейіп, оқуға араласа бастағанда «Халық жауының баласы» деп адамдар көп кедергі келтірді. Кейін Бектөбе деген жерге шешемнің нағашыларының қолына көштік. Өз нағашыларымыздың бәрі де айдалып, сотталып кеткен», деді. Тарихтың тылсым қабаттарында сан түрлі сыр бүгулі. Тасқа басылмаған, хатқа түспеген шежіре әлі де ел жадын­да. Заманында Талапты ауылын отыз жыл басқарып, бүгінде сексеннің сеңгі­рі­нен асқан қадірменді қария Рахман Мыр­зах­метов те әсерлі әңгімесімен бөлісті. – Бұл да бала күнімізде естіген әңгіме еді. «Ескі қыстаудан» бір-екі шақырым жерде бекет болған екен. Одан кейін Шақпақ жақта бір бекет болған дейді. Бұл жиырмасыншы жылдары болу керек. Сонда керуендер осы жолмен жүріпті. Сондай-ақ, керуеншілер бекетте ат асырайтын болған. Себебі, алыстан арып-ашып келе жатқан атты осы бекетке дейін мініп келеді де, оны қалдырып, дайын тұрған екінші атты мініп кетеді екен. Бірақ, бір өкініштісі солардың бәрі жойылып кетті. Бертінге дейін бекет үйлерінің күйген кірпіштері шашылып жатушы еді. Қазір ол да жоқ, – дейді қария. Керуен демекші, осы «Ескі қыстау­дың» іргесінде Жібек жолы болған дейді. Бірақ халық оны шаңдағы көтеріліп жатқанына қарап Қаражол атап кетіпті. Алып таулардың аңғарында орналасқан Жуалының қойнауы құт-қазынаға толы екенін аңғаруға болады. Қаражол жайлы әңгімені Батырхан ақсақал жалғады. «Бала күнімізде кейбір адамдардың піл мініп жүргенін көретінбіз. Сөйтсек, олар алыс­тан керуен тартып келе жатқан үндістер екен. Бұрын-соңды бізге піл деген таңсық болатын. Ауыл адамдары бұған қызығып, тіпті бала таппай жүрген әйелдер пілді әулиесініп, астынан өтетін. Ал үндістер Қаражолдың бойында біраз аялдап, сапарын әрі қарай жалғастырушы еді», деп естелік өрбітті. Талапты ауылында бүгінде сегіз жүз­ден астам адам тұрады. Ал Үкімет бағ­дар­ламасы арқылы несие алған 44 шаруа сүт бағытында жұмыс атқарып отыр екен. Ауыл тіршілігі осы. Әңгіме барысында Рах­ман ақсақал Шерхан Мұртазаның туған ауы­лына талай көмегі тигенін айтты. Ауыл­ға жол, мектеп, мешіт салдыруға ықпал етіпті. Туған жердің топырағынан парыз бен қарыз арқалап алыс жолға шық­қан аяулы азамат топырақтың киесін сақтап қалды. Ескі қыстау... Бұл жерден кеш батып, жұлдыз жарығы түсер-түспесте қайттық. Мүлгіген тыныштық мұңға бөлейді. Ескі қыстау егіле сыр шертеді. Мұртазаның әкесі Бердімбет те осы жерді жайлапты. Уақытында «Бердімбет сайы» деген болған екен. Енді қазір құба дала бәрін бойына сіңіріп, сыр білдірмей тұр. Ауық-ауық тамшылап тұрған жаңбыр соғыстан қайт­пай қалған Шераға кітабындағы Орха мен Ноханың көз жасы сияқты. Табанымызды тесіп өтердей тастар колхоз бастық Тасқожаның тас мінезді тә­кап­парлығындай. «Анам Айшаның ай­туына қарағанда, мен туған әкем Мұр­тазаның қазасын естірткенде де жыламаппын. Атақты отыз жетінші жылы «халық жауы» атанып, сотталып кеткен әкем Мұртаза шамада 1940 жылы құлақ естіп, көз көрмеген «Дәлній босток» деген жақта, Зея деген өзеннің бойында, ну орманда ағаш кесіп жатқанда, үстіне қарағай құлап кетіп, басып қалып, содан ажалы жеткен. Сол суық хабарды жұрт жиналып келіп, анам Айшаға естіртеді ғой. Бей­шара Айша ат беліне түсетін бұрымын тар­қатып, қалың қолаң шашын жайып жіберіп, қызыл шырайлы, ай дидарлы бетіне тырнақ салып, қанатқанда, мен оның бетін сүртіп тұрыппын». Мұнда бәрі де болған. Енді қазір бәрі де көшкен елес, өшкен сағым іспетті. Тек бала Барсханның жанарын мұң торлаған кейпі көз алдымыздан кетпей қойған.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы