Фильмнің өзегі – жетімдер үйінің тәрбиеленушісі жеткіншек Бибол мен жарынан айырылып, жалғыздыққа душар болған қамкөңіл қария Қасымхан Ахатұлының арасындағы қызықты һәм тағдырлы оқиғалар негізінде өрбиді. Жетім бала Бибол мен Қасымханның кездейсоқ жолығуынан басталған көрініс әрі қарай тез ширығады. Қарияның космополит әрі тасбауыр қызы әкесінің үйін сатқызып, оның қаржысын өзі пайдаланбақ. Баспанасыз әкесін қарттар үйіне өткізбек. Ал Бибол ақсақалға жан жылуын сыйлағысы келеді. Бірақ әзірге дәрменсіз... Әсіресе, шерменде шалдың бір эпизодта панасыз жетімекті құшағына қысып отырып: «Уа, дүние-ай! Қара шашым ағарып қартайғанға дейін мен немере сүйе алмай шерменде жүрсем, сен бесіктен белің шықпай жатып атасыз қалып қаңғырып жүрсің! Бұл не тағдыр сонда?!» деп күңіренуі – бұл киноның күрмеуі. Тағдыры қиын күрмеуді режиссер сәтті шешіпті: фильм соңында қария мен бала – ата мен немереге айналады. Туындының тұсаукесер рәсіміне қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы рөлдерді сомдауға тәжірибелі, талантты өнер иелері қатысқандықтан шығарма осал болуы мүмкін емес дегенге тоқталып, шығармашылық ұжымға өз атынан алғыс білдірді. Шара соңында режиссер Талғат Теменовтың де пікіріне құлақ түрдік: – Бұл фильм алғашында «Кішкентай ханзада» деп аталған. Кейін оны «Бибол» деп өзгерттік. Қазіргі қазақ қоғамындағы тастанды бала мен қарттар үйін сағалаған қариялардың көбейіп кетуі, әсіресе, тек баюды мақсат тұтқан, әке-шешесінен жерінген маргиналданған ұрпақ фильмде көрініс табады. – Фильм түсіруге қанша уақыт жұмсалды? – Сценарий жазуға бір ай уақыт жұмсалып, ал фильмді 19 күнде түсіріп үлгердік. Былтыр көрерменге жол тартуы керек еді. Қаржылық себептерге байланысты кешікті. – Туынды үлкен экранға қашан шығады және оның басты ерекшелігі ретінде не айтасыз? – Алдағы қыркүйек айында фильм үлкен экранға шығады. Туындының басты ерекшелігі – музыкалық әрленуі. Менің барлық фильмдеріме музыка жазған талантты композитор Төлеген Мұхамеджанов. Осы досымның арқасында бұл фильмнің де музыкалық әрленуі өте тамаша шықты. Сонымен қатар, дарынды домбырашы Айбек Бекбосыновтың орындауында қазақтың күйлерін пайдаландық. Бір сөзбен айтқанда, фильмнің ұлттық бояуы қанық, қазіргі қоғамдағы оғаш оқиғаны сәтті бере алуымен құнды. – Басты рөлді сомдаған әртістерді таңдау қалай болды? – Ақсақалдың рөлін сомдаған Төлеубек Аралбай ағамызға қатысты таңдауда көп қиналған жоқпыз, ал жетім бала Биболдың рөліне 2000-нан астам жеткіншек тартылды. Осылардың ішінен Есік қаласында тұратын кішкентай бала Әнуар Төлеуғажы таңдалып алынды. Қосымша эпизодтағы кейіпкерлерді Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері сомдады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»