• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2017

Кейкінің сүйегі табылмады

250 рет
көрсетілді

Кейкінің сүйегін іздеуге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің, Түркі академиясының, Тарихшылар конгресінің қолдауымен арнайы ұйымдастырылған «Туған жерім-алтын бесігім» атты экспедиция шыққаны туралы бұдан бұрын хабарлағанбыз.

Экспедиция құрамындағы археологиялық топ Кейкі батыр Көкембайұлын 1922 жылы сәуірде (кейбір жазбаларда 1923, 1924 жылы деп те жазылған) Жалаулы өзені бойындағы Сүтемгеннің Жәкені деген адамның үйінде жазалаушы қызылдар атып кеткен деген орынға 8 күн бойы қазба жұмыстарын жүргізді.

«Батырдың сүйегі қалған деген жерді Кейкі туралы кітап жазып, материал жинаған Сенат депутаты Серік Ақылбайдың, жергілікті өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің айтуымен, көрсетуімен 2016 жылы күзде келіп, көріп, қазуды жоспарлап кеткен едік. Ең алдымен тарихи оқиға болған Жәкен деген кісінің үйінің орнын тауып, үй артындағы «сүйекті сүйреп шығарып тастаған» жыраны қаздық. Біз қазба жұмысын бастағанда Шөптібай ағамыз бірге келіп, тағы да жол бастады, Кейкінің туыстары қойған белгі-шарбақтың астын сол кісінің айтуымен қаздық және ол кісінің әкесінен, ауылдың қарияларынан естіген әңгімелері желісімен тобылғылардың түбін, жырахананы қаздық.Арнайы георадармен олар меңзеген, көрсеткен орындарды артығымен алып, тор шаршыларға бөліп, археологиялық әдістемелерді қолдана отырып, барлау жұмыстарын жүргіздік. Уақыт өткен сайын жер бедерінің өзгеретінін ескере отырып, жыраларды екі жағынан да артығымен алып отырып, георадармен сканерге түсірдік, барладық. Біз тек жергілікті өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің айтуы бойынша ғана емес, Кейкі туралы ақпараттарды 90-шы жылдардан бері жинастырған, көзкөрген ақсақалдарды жазып алған журналист Мақсұтбек Сүйлейменнің көрсетуімен де қазба жұмыстарын жалғастырдық, археология тілімен айтқанда, топырақтың материк қабатына дейін қаздық.

Өкінішке қарай, ешқандай сүйек табылған жоқ, мал сүйегі, тұрмыста қолданылған самаурынның шүмегі, мал жүнін қырқатын қырықтықтың бөліктері секілді заттар кездесті» дейді қазба жұмыстарын басқарған археолог, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетіндегі Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлан Үмітқалиев. 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов жетекшілік ететін экспедиция мүшелері ақылдаса келе, қазба жұмыстарын тоқтатуды бұйырды.

«Кеңес өкіметі 20-шы жылдардан кейін орнығып, өзінің большевиктік идеологиясын жүргізе бастады, яғни қызыл террор басталды. Ақтардың соңына, меньшевиктердің, алашордашылардың соңына түсті, бай-манаптарды қуғындады, ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқандардың соңына түсті, олардың және олардың үрім-бұтақтарын зерттеу үшін НКВД-ға тапсырма берілді. Бәрі құпия тізімге алынды, олардың не нәрсемен айналысатыны қадағалануда болды.Кейкінің сүйегі жерленген жерге осындағы туған-туыстары, жергілікті халық барып, құран оқып, оның ісін еске алмауы, халықтың көкейінен Кейкіні жою, оны кісәпір етіп көрсету үшін мүрдені құпия түрде бір түннің ішінде қазып алып, жоқ қып жіберу үшін тапсырма берілуі әбден мүмкін. Бұл миға қонымды нәрсе. Өйткені коммунистік басшылық кезінде НКВД-да осындай жұмыстардың жүргізілгені жөнінде фактілер бар» дейді Ерлан Батташұлы.

Осымен Кейкіні өлтірді деген оқиға орнынан оның сүйегі табылмағандықтан, қазба жұмыстары тоқтатылды. Қазір Амангелді ауданындағы Тасты ауылдық округіне қарасты жерде, ұлы жолдың бойында Кейкінің бас сүйегі, егер табыла қалғандай болса сүйегімен қоса, табылмаған жағдайда батырдың қаны тамған жердің топырағы бірге қайта жерленетін кесененің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, батырдың сүйегін қайта жерлеу рәсімі аясындағы шаралар өтетін Арқалық қаласында да дайындық жұмыстары қыза түскен.

Нәзира Жәрімбетова

«Егемен Қазақстан»

Қостанай-Арқалық- Амангелді-Қостанай