Біздің БАҚ әлемдік көштің ұлттық тармағы ретінде мультимедиалық алаңнан көрініп жүр. Тәуелсіздік алған жылдары дәстүрлі БАҚ-та көбінесе тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарды жария етудің, ақтаңдақтарды ашудың үрдісі қалыптасса, одан бері біздің медиа сұхбат жанрларына, интерактивті бағдарламаларға көше бастады. Уақыт өте келе дәстүрлі медианың жаңа конвергентті алаңы енді. Оның ішінде газет сайттарының, порталдардың, электронды ресурстардың дамуы ақпаратты жылдам таратудың, сапалы жеткізудің, халыққа қолжетімді етудің жолы ретінде мультимедиа алаңынан орнын тапты. Қазір біз кез келген ақпаратқа әлеуметтік желідегі сілтемелер арқылы кіреміз. Сондықтан, дәстүрлі көрерменнен гөрі мультимедиалық көрермен деген ұғым қалыптасты. Бұл – нарықтың талабы. Мультимедиа – көптеген медиа құралдардың жиынтығы, олардың бір алаңға тоғысуы. Біздің медианарық тұтыну жағынан да, мультмедиалық технология тұрғысынан да дамушы елдердің қатарында жақсы позицияда тұр деуге болады.
Осыдан шығатыны – қазақ тілді контенттің сапасы. Контентті толтыру, сапалы ету, әсіресе қазақ тілінде сөйлету мәселесі өзекті. Ақпараты қазақша сөйлеген елдің тілі де дамиды. Медианарықта да позициясы басым бола түседі. Қазір қазақ тілді аудиторияның үлес салмағы едәуір артты. Себебі, білім алып жатқан ақпараттық ресурстар, орта қазақ тіліне бет бұра бастады. Мәселен, медиалаңда өзіндік орны бар «Қазақпарат» мультимедиаға алғаш қадам басқан агенттік. Қазақ тілінде ақпарат таратудың үш жазу тәсілін ұсынды. Алғаш инфографиканы да қолға алды. Ақпараттық оқиғаны инфографикалық тәсілмен суреттеу – визуалды мәдениетті арттырады. Себебі, аудиторияның талғамы артқаны соншалық, құрғақ ақпараттан гөрі визуалды ақпаратты қабылдау тренді басым. Адам ақпаратты оқу арқылы есте ұзақ сақтайды. Бұл мультимедиалық форматқа көшудің белгісі. Осылайша, оқылуымен, тыңдалуымен, көрілуімен құндылығын арттырамыз. Қанша оқырман оқыса, демек құнды деген сөз.
Елбасының мақаласында гуманитарлық технологияны дамытатын идеялар баса айтылады. Мысалы, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» дейді. Бұл ұсынысты қолдауымыз керек.
Бұл гуманитарлық ғылымға берілген сенім, басымдық, үміт. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жақын арада гуманитарлық барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасауға ерекше тоқталды. Бұл парасаттылықтың, ізгіліктің, іңкәрліктің тұтас гуманистік идеясының моделі болуы керек деп ойлаймын. Ғалым ретінде қасиетті орындардың мәдени-географиялық белдеуі туралы естігенде қатты қуандым. Осы уақытқа дейін Қазақ ұлттық университеті ғалымдары тарапынан тырбанып жүргізіп келе жатқан «Қазақ елі» экспедициясының да мақсаты Елбасының идеясымен сабақтасып тұр. Жұмысымызды өте серпінді түрде жалғастыруға дайынбыз. Биыл жазда экспедицияның ауқымын кеңейтуді қолға аламыз. Біз археолог-ғалымдармен бірге көне патшалар мекеніне атбасын бұрамыз. Астана мен Алматы ғалымдары Берелде кездесіп, көптеген шараларды ұйымдастырамыз деп отырмыз. Археологтар мен студенттер ашық дала семинары және әр аймақта арналған мобильді мектеп аясында археолог-ғалымдарға көне жәдігерлерді сандық форматқа көшіру, мультимедиалық тұғырнамаға қалай ауыстыру жөнінде шеберлік сыныптарын өткіземіз. Біздің бұл бастамаға ЮНЕСКО және БҰҰ-ның Қазақстандағы департаменттері және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Биыл өтетін шара үлкен кешенді қадам. Сондықтан, біз қазақ халқының кіндік көне өркениетіміздің дамыған жерінен медиа керуенді бастаймыз. Археолог-ғалымдар мен журналистер қасиетті орындарды аралап, жазбасын түсіріп, соңында Берелде басты шараларды жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Медиакеруен «Ұлы Алтай жолымен» деп аталады. Медиакеруеннің құрамында 5 экспедиция бар. Медиакеруен траекториясы екі бағыттан бастау алады. Алматы – Шілікті – Күршім –Берел; Астана – Шыңғыстау – Берел. Берел тарихи мемлекеттік мұражайында өтеді. «Берел» экспедициясының жетекшісі Зейнолла Самашев, «Алтай» археология экспедициясының жетекшісі Ғани Омаров, «Шілікті» археологиялық экспедициясының жетекшісі Әбдеш Төлеубаев, «Шыңғыстау» экспедициясының жетекшісі Ұлан Үмітқалиев, «Қазақ елі» экспедициясының жетекшісі осы жолдардың авторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен үш экспедиция, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен екі экспедиция жасақталуда. Бұл кешенді шара еліміздегі ғылым, мәдени тұрғыдан серпін жоба болғалы тұр. Бірнеше экспедиция бас қосып, қазба жұмыстарынан бөлек, ағарту шараларын да өткізеді. Біз бұл жоба арқылы Берел аймағын ЮНЕСКО-ның мәдени мұрағаттар тізіміне қосуды ұсынбақшымыз. Бүкіләлемдік деңгейде тұрақты туризм дамуына да осы шаралар арқылы ықпал еткіміз келеді. Көптеген ғалымдармен ақылдаса отырып, туризм картасын сызып, көне жәдігерлерге елдің, жұрттың назарын аудармақпыз. БҰҰ бұған қолдау білдіріп, халықаралық тұрақты туризм жылы аясында өткізуді ұсынды.
Гүлмира Сұлтанбаева,
саяси ғылымдар докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі