• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2017

Жұмыс жайын еңбектенген білер

199 рет
көрсетілді

Көктемгі егіс жұмыстарының барысы қалай? Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен агрокеңес отырысында биылғы көктемгі егіс жұмыстарына барлық жағдай жасалғаны барынша атап көрсетілген еді. Осыған көзімізді жеткізу үшін біз Көкшетау қаласына жақын маңдағы Зеренді ауданы Кусепский ауылдық округінің Раздольное ауылында болып, «Грин Азия» ЖШС жұмысымен жақын танысып қайттық.

Көкшетау қаласынан 45 шақырым жерде ор­на­ласқан ауылға жету оңайға түс­кен жоқ. Кеңестік дәуірден бе­рі жөндеу көрмеген шұрық тесік жол есімізді шығарды. Жолы осын­дай болғанда, ша­руа­шы­лық­тың жайы мәз емес шығар деген күдіктің болғаны да рас. Осы­лайша екіұшты ойда жеткен біз­дерді ақ түсті «джип» мінген «Грин Азия» ЖШС директоры Олег Хан күтіп алды. Бір кездері өзі құрған шаруашылық базасына апарып, жұмыс барысы­мен таныстырды. Оның айтуын­ша, қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мен күз­гі жиын-терімге қатысты қа­рапайым жұмыс тетігін ойлас­ты­ру қажет. Бұған дейін олар Азық-түлік корпорациясымен жұмыс істеп, егін алқабы ау­ма­ғы бойынша тапсырыс беріп, ақ­ша алып келіпті. Оны күз­гі жи­ын-терімде не өндірген өнім­де­рімен немесе ақшалай қай­тар­ып отырған. Өте ыңғайлы әрі қарапайым тетік еді, дейді Олег бізден қолдау күткендей. Ал егер құрғақшылық бола қал­са не істейсіздер, дедім сұ­ра­ғымды төтесінен қойып. Оған асып-саспастан жауап қат­қан шаруашылық басшысы кез келген жағдайда жермен жақ­сы­лап жұмыс істей білген адам бә­рібір бірдеңе алатынын, ол үшін жер өңдеу технологиясын сақталынуы қажеттігін жә­не барлығын дер кезінде атқара алуы керектігін ортаға салды. «Біз жермен жұмыс іс­теген бес жылда минусқа кет­кеніміз жоқ. Қан­ша салсақ та әйтеуір нә­па­қамызды айырып отыр­дық», дейді Олег Викт­о­рович.

Қазіргі таңда 7,5 мың гектар жерге тұқым сеуіп жатқан «Грин Азия» ЖШС-нің қол ас­тында 60 адам жұмыс істейді екен. Олар осы айналадағы елді мекендер тұрғындары. Өзі де осы жерге тұрақтағандығын, ен­ді осында қалатынын жет­кіз­­ген серіктестік директоры  оң­түстік пен солтүстіктің өзін­дік ерекшеліктермен де бөлісті. Алматы қаласының тумасы болса да оған солтүстік тұр­ғындарымен жұмыс істеу оңай­ырақ көрінеді. «Жергілікті тұр­ғындарға қолдау білдіріп ке­ле жатқанымыз фирма үшін анау айтқандай қиын да шаруа емес. Бірақ адамдар үшін бұл ерекше қуаныш сыйлайтын игі іс дегім келеді», деді ол өзі басқарып отырған фирма жұмысына ойысып. Биыл атал­ған серіктестік зығыр мен ра­пс тұқымын сепкен. Сонымен қатар аздап бидай да егіпті. Түс­кен өнім элеватордан тікелей са­тылып отырылады екен. Қа­зір­гі таңда ауылшаруашылық өнім­де­рін сатуда ешқандай проб­- л­ема жоқ көрінеді. Сондықтан да серіктестік қажетті ауыл­ша­руашылық техникаларын әртүрлі жолмен:  нақты ақ­ша­ға, несиеге немесе лизинг ар­қылы сатып алып жатқан жа­йы бар. Өзге шаруашылық су­бъектілерімен бірігу жайын сұрағанымызда ЖШС директоры өзі үшін кооперацияға бірігу әлі де пісуі жетілмеген мә­селе екендігін алға тартты. «Өй­т­кені 70 жыл дәурен құр­ған кеңестік кезде барлығы да ор­тақ болатын. Қазіргі кезде әр­­кім өзінше қарекет етуде. Ен­д­і қайтадан бірігу қажет екен. Ме­нің түсінбейтінім, неге өз­ге бі­реумен бірігіп, сол үшін жау­ап- кершілікті өз мойыныма алу­ым керек?! Біреу тұрмақ, өзім­нің жағдайым ертең не боларынан бейхабармын», дейді Олег Викторович. 

Шаруашылық жұмысымен танысу барысында жанымызда еріп жүрген Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жүсіпбеков та көптеген жайттан хабардар ете кетті. Оның мә­ліметіне қарағанда, биыл ау­данда 231 мың 600 гектар ал­қапқа тұқым себілген. Осы мақ­сатқа өткен жылы 21 мың 800 тонна конденсатталған тұ­қым­­дық әзірленіпті. Бүгінгі таң­да аудандағы барлық ша­руа­шы­­лық жеңілдетілген жанар-жа­ғармаймен қамтамасыз етілген және жұмыстарын өрге бастыру үшін 638 млн теңге несие де алыпты. Сондай-ақ, 500-600 млн теңгенің жұмыстарын олар өз қаражаттары есебінен атқаратындықтары да аталмай қалған жоқ. Осылайша, 1 млрд 200 млн теңге көктемгі егіс жұ­мыстарына бағытталуда. «Бү­гін­гідей екпінмен жұмыс жүр­гі­зі­летін болса, онда ертерек аяқ­тап қоюымыз да мүмкін. Оған қа­жетті техника мен жағармай жет­кілікті. Реті келгенде айта кету керек, аудан бойынша 82 шетелдік трактор бар. Оған қоса биыл тағы 300 млн теңгеге 22 дана трактор мен себу қон­дыр­ғылары сатып алынды. Қыс­қасы, жердің ылғалдылығы жет­кілікті, оның үстіне барлық жағ­дай жасалған», деді Ербол Кәрімұлы. Белгілі болғандай, би­ыл аудан бойынша егін алқабы 231 мыңнан 166 мың гектарға дей­ін қысқарған. Соның ішінде бидай алқабы 120 мың гектардан 99 мыңға дейін кеміген. Оның бас­ты себебі, шаруашылықтар май дақылдарын өсіруге бей­ім­делуде көрінеді. Өйткені майлы дақылдар өзін-өзі ақ­тай­ды. Мысалы, өткен жылы зы­ғырдың тоннасы 120 мың теңгеге жетіпті. Бұдан басқа, ша­руашылықтар биылдан бас­тап жасымық егуге де кірісіпті. Оның үстіне биыл 173 гектар ал­­қаптың ылғал сақ­тау тех­но­ло­гиясы бойынша құ­нар­­лы­лығы ар­ттырылып отыр. Ау­дандағы жұ­мыссыздық жайы туралы қойған сауалымызға әкім орынба­сары өздерінде анау айтқандай бос жүргендер жоқтығын алға тартты. Аудан тұрғындары үшін дүкендер ашу, наубайхана­ны іске қосу, мал бордақылау си­яқ­ты 88 жоба қолға алыныпты. Адамдарды жұмыспен қамтудың тиімді те­тігі осылайша жүзеге асып ке­леді екен. Сондай-ақ жер­гі­лік­ті тұрғындардан сүт са­тып алу да жолға қойылған.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы