• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2017

«Тайсойған полигонының 624 мың гектар жері Ресейден қайтарыла бастады»

423 рет
көрсетілді

Атырау облысында табиғат қорғау шараларына соңғы бес жылда 452 млн теңге бөлінді. Алайда, мұнайлы аймақтағы экологиялық ахуал айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Ірі кәсіпорындар тарапынан ауа қабатына зиянды заттар тастау фактілері әлі бар. Күні кешегі Теңіз кенішінде болған апат – соның тағы бір мысалы. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиевпен сұхбатта қоршаған ортаны қорғау жайы сөз болған еді.

– Орақ Әнуарбекұлы, Қашаған жобасының жобалық қуаттылығына енуі, Атырау  мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылып, өнім шығару көлемінің артуы, Теңіз кен орнындағы үш зауыттың іске қосылуы ауа қабатына шығарылатын ластауыш заттардың еселей артуына әкелері сөзсіз. Облыстағы ірі табиғат пайдаланушыларда заманауи үлгідегі сүзгілер мен тазарту қондырғылары бар ма? Жалпы, облыс аумағында ауа, су, топыраққа жүйелі зерттеулер жүргізіле ме? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Әрине, тексерулер мен зерттеулер тұрақты түрде жүргізіледі. Облыста 11 станса ауа райын үнемі бақылап отырады. Жайық, Қиғаш, Шарон және Жем өзендері мен Каспий теңізінің жағалауында 9 гидропост бар. Елді мекендер мен өндіріс ошақтары бар аумақтарда атмосфералық ауа сапасын бақылайтын 45 станса орнатылған. Өткен жылдың өзінде Атырау қаласындағы ауа сапасын бақылау стансалары күкірттісутегінің 81 рет шекті рауалды концентрациядан асу фактілерін көрсетті.  Бірақ тексеруші органдар күкірттісутегінің шығу көзін анықтай алмай отыр. Қазір НКОК компаниясы стансадан берілетін мәліметтерді 2 сағаттан да азайтып, 5-10 минутта берілуіне жұмыстанып жатыр, ол экологтардың ластауыш шыққан уақытта тез барып анықтауына мүмкіндік береді. 

– Каспий теңізінің тереңінде мыңнан астам мұнай ұңғымалары қараусыз жатқаны жайлы әлдеқашан айтылғанмен, нақты нәтижеден бейхабармыз. Ескі ұңғымалардан экологиялық қауіп бар ма? Бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Шыны керек, облыс аумағында мұнай ұңғымаларының ағу фактілері кездеседі. Жалпы облыста  90 апатты жағдайдағы ұңғыма тіркелген, оның 88-і жер қойнауын пайдаланушылардың келісім- шарттық аумағында орналасқан, 2 ұңғыма мемлекеттік қорда. 88 ұңғыманың 13-і тығындалды.  61 ұңғыма қауіпсіз деп танылды. Ал тығындалуы тиісті 14 ұңғыманың бесеуі жер қойнауын пайдаланушылардың теңгеріміне алынбаған. Осы 14 ұңғыманы тығындау жөнінде ҚР Энергетика министрлігіне және Атырау облысы бойынша Экология департаменті мен жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның батыс өңіраралық басқармасына тексерістер жүргізу жөнінде хат жолдадық. Нәтижесі болар деген үміттеміз. Мемлекеттік қордағы екі  ұңғыманың  біреуі 2015 жылы тығындалды, екіншісімен жұмыс биыл жүргізіледі. Құрманғазы ауданы аумағындағы «КөлжанОйл» ЖШС-нің «Күмісбек» кен орнындағы  ұңғымалардан мұнай ағуы толықтай тоқтатылды. Ол жердегі топыраққа сіңген мұнай қалдықтарын жою жұмыстары бойынша шаралар алынып жатыр.

– Ал гидрогеологиялық ұңғымалардың жағдайы қалай?

– Жылыой ауданы аумағында 180 өзағар гидрогеологиялық  ұңғыма бар, оның 123-і иесіз ағып жатыр. 57 крандық режимдегі ұңғымалар да өздігінен ағуда. Бұл мәселе бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі 2018 жылдан бастап жылына 15-20 ұңғымадан тығындала бастайтынын мәлімдеп отыр.

– Экологиялық ахуалы қиындау өңір үшін орман шаруашылығы, жасыл желек жайы да маңызды.

– Иә. Атырау облысында жалпы орман қоры 52 446 га, ал оның алқапты орманы 15081 га жерді 110 адамнан тұратын орман күзеті қорғайды. Орман шаруашылықтары әрқайсысы 20-25 га жоспарлы орман екпелерін отырғызады, 80 шақырымда қауіпті деген учаскелерде орман өртіне қарсы минералдандырылған жолақтар салады. Индер орман шаруашылығының орман қоры учаскелері толығымен қоршалды. Атырау орман шаруашылығының 60 пайыз жері қоршалды. Құрманғазы орман шаруашылығы Қиғаш өзенінің сағаларында болғандықтан, тек қана елді мекендердің тұстары қоршалған. Өткен жылы орман шаруашылықтарының тұқымбақтарында 326 мың түп ағаш көшеттері күтіліп, бапталды. Бір атап өтерлігі, орман тұқымбақтары толықтай тамшылатып суару әдісіне көшті.Бұл әдіс пайдаланатын суды үнемдеуге, топырақтың тұзданбауына, көшеттерді арам шөптерден тазарту жұмыстарының едәуір жеңілдетуіне көп септігін тигізеді. Атырау, Индер, Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуына 2010-2016 жылдарға 171 млн теңге бөлініп, арнайы техникалар, жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Атырау және Индер орман шаруашылығы үшін өрт-бақылау мұнарасы құрылысының жобасы жасақталуда. Биыл Махамбет селосында Атырау орман шаруашылығының кеңсесі, өрт сөндіру стансасы мен техника қоятын орнының құрылысы салынады. Алдағы уақыттарда Индер және Құрманғазы орман шаруашылықтары бойынша да аталған құрылыстарды қаржыландыру мәселесін қарастыру жоспарда бар.

– Ендігі әңгімені аймақтағы полигондар мәселесіне қарай бұрсақ. Мысалы, Азғыр, Тайсойған...

– Азғыр ядролық полигоны Құрманғазы ауданында орналасқан. Ол жерде 1966-1979 жылдар аралығында 1491-1613 метр тереңдікте қуаты 10 килотоннадан 100 килотоннаға дейін 17 жер асты ядролық жарылыстар іске асырылған. Азғыр полигонында 10 технологиялық алаң және «Ява» қондырғысы бар. «Ява» объектісі – диаметрі 11 метрлік шар. Онда жасанды алмаздар шығару жоспарланған. Алайда, объектіде ядролық сынақтар жүргізуге тыйым салынғандықтан, ол жұмыстар жүргізілмеген. Полигонда ҚР Ұлттық Ядролық орталығы ядролық физика институты радиоэкологиялық және радияциялық мониторинг жүргізіп келеді. 2012 жылы ҚР Энергетика министрлігі Азғыр және Капустин-Яр полигондары бойынша экологиялық, медициналық және радиологиялық кешенді зерттеулер жүргізді. 2015 жылы зерттеулер қорытындысымен Азғыр өңірі экологиялық апатты аймаққа жатқызылмады. Ал Тайсойған әскери-сынақ полигоны Қызылқоға ауданында. Полигон Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің №23338 әскери бөлімшесі қарамағында, онда 1990 жылдан бері ешбір сынақ жасалмаған. 2016 жылдан Тайсойған әскери-сынақ полигонының 624 мың гектары облыстың босалқы жеріне кері қайтарыла бастады. ҚР Энергетика министрлігі Атырау облысы бойынша Экология департаменті арқылы Тайсойған полигонының жекелеген 13 жерінен (топырақтан, ауадан және судан) сынамалар алып, оның шектеулі рауалды көрсеткіштен аспағандығы белгілі болды.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына қатысты проблема бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұл жайында не айтасыз?

– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары Атырау қаласында және аудан орталықтарында бар. Олардың қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжаттары рәсімделген. Ауданның селолық округтерінде қатты тұрмыстық қалдықтар алаңдары бойынша жер телімдері рәсімделгенмен, эмиссияға рұқсат құжаттары жоқ. Жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтар Атырау қаласында 1977 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан полигонда көміліп келеді. Бұл полигонның тозығы жеткен, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді. Полигондағы қалдықтар 2,2 млн.тонна шамасында. Құны 12 млрд теңге болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту жобасының инвестициялық негіздемесі жобасы министрлік арқылы жасақталды. Махамбет ауданының Алмалы ауылдық округі аумағынан Атырау қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен оларды қайта өңдеу кешені үшін 50 га жер учаскесі бөлінді. Атырау қалалық құрылыс бөлімі арқылы полигон құрылысының жобалау-сметалық құжаттары, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы арқылы ескі полигонды қалпына келтіруді жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Қазір бұл жобаны Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арқылы қаржыландыру мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Жоспар бойынша полигон құрылысы 2018 жылы басталуы тиіс.

– Осы саланың кәнігі маманы ретінде сізді не толғандырады? Тағы қандай проблемалар бар?

– Бір атап өтерлік мәселе, «Қазгидромет» РМК және Экология департаментінің бүгінгі қолданыстағы құрал-жабдықтары ауадағы ластауыш заттарды анықтағанмен, оның шығу көздерін табуы мүмкін болмай отыр. Сондықтан «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы және Экология департаменті жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Аудан орталықтарына қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысын, кәріздік тазарту имараттарын салу, елді мекендерді құм көшкінінен қорғау жұмыстары да кезек күттірмейді. Мысалы, ауылдарда мал санының шектен артуы елді мекендер айналасының тақырлануына, құм көшкінінің болуына алып келе жатыр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Жылыой ауданындағы Құрсай өзенінің лайлануын болдырмау және санитарлық жағдайын, қалыпты гидрологиялық режимін ұстау жобасын жүзеге асыру, апатты жағдайдағы 14 мұнай ұңғымасын тығындау, 180 өзағар гидрогеологиялық ұңғымаларды жою сынды проблемалармен айналысып жатқанын айтым келеді. Алдағы уақытта бұл мәселелердің шешімін табарына және өңірдің экологиялық қауіпсіздігі сақталатынына сенімдіміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытгүл Бабаш, «Егемен Қазақстан»

Атырау