• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Маусым, 2017

Доминикан министрі Астанаға алғаш рет ресми сапармен келді

204 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxманов Доминикан Республикасының Сыртқы істер министрі Мигель Варгаспен кездесті.

Кездесу барысында қос тарап Қазақстан-Доминикан арасындағы ынтымақтастық мәселесін талқылап, саяси декларацияға қол қойды. – Біз маңызды, сындарлы ке­ліс­­сөз өт­кіздік. Бұл құжатта екі ел ара­­сын­дағы қарым-қатынас­тар­­дың басты аспектілері мен ведомство­ара­лық құжаттардың маңызды­лығы белгіленген. Келіссөз барысын­да бірқатар мәселелерді талқы­ладық. Астана мен Санто-Домин­го арасындағы саяси, сауда-эконо­ми­калық, инвестициялық, туристік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жайы қаралды. Қос тарап сауда мен инвестициялардың көлемін арттыруға ниетті. Сонымен қатар, До­миниканға саяхаттап жүрген қазақ­стандықтардың қатары аз емес. Осы себепті, визалық режімді жеңілдету үшін келісім дайындалып жатыр, – деді Қайрат Әбдіраxманов. Кездесуде Доминикан Респуб­ликасының ЭКСПО-2017 көрмесіне қа­тысатыны бұл өз кезегінде екі ел ара­сындағы қарым-қатынастың ны­ғая түсуіне септігін тигізетіні атап өтілді.  Ал Доминиканның Сыртқы істер министрі кездесу барысында нақты құжаттарды рәсімдеуге мүдделі еке­нін мәлімдеді. – Біздің басты мақсатымыз – сауда-инвестициялық байланыстарымызды жаңа деңгейге шығару. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесінде ашылатын Доминикан Республикасының ұлттық павильонындағы жұмысқа белсене кірісетін боламыз. Осы ар­қы­лы қос мемлекет арасындағы сауда-эко­номи­калық және іскерлік қарым-қа­ты­нас дами түседі, – деді Мигель Варгас. Айта кетейік, Қазақстан мен До­ми­никан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 2011 жылы 7 маусымда орнатылған болатын. Доминикан министрі Астанаға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық нәтижесінде ірі кө­лем­де экспорт пен импорт жүзеге асты. Қа­зақстан кеден органдарының мәлі­меті бойынша, 2016 жылы сауда ай­на­лымы 890,3 мың долларды құра­ды. Бұл өткен жылдарғы көрсеткіш­терден 1,5 есе көп. Нақтырақ тоқталар болсақ, сауда айналымы 2015 жылы 560,8 мың доллар, 2014 жылы 560,4 мың доллар, 2013 жылы 659,1 мың дол­лар сомасын құраған еді. Екіжақты қарым-қатынастар тари­xында былтыр алғаш рет Қазақ­станнан Доминиканға 211,6 мың дол­лар көлемінде экспорт жасалды. Ал оған дейін негізінен Доминикан импорты ғана тіркелген еді. Доминиканнан Қазақстанға импортталатын тауарларға пластмассалар, медициналық құрылғылар, табаны резеңкеден дайындалған аяқ киімдер, табиғи немесе ком­по­зи­циялық былғары (жалпы импорттың 30%-ы), электр тіз­бек­терін ажырату, ауыстырып қосу және қорғауға арнал­ған электр аппаратуралары (10%) жатады. Ал Қазақстаннан До­ми­­ни­канға фосфинат, фосфонат, фосфат және полифосфат экспортталады.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»