• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2017

Парасат пен дарақылық

460 рет
көрсетілді

Фильмнің «мінезі» де адамның мінезі секілді әрқилы болып келеді. Бір фильм бар, өн бойынан мейірім төгіліп тұрады, енді бірі мұңды, келесі бірі бас-көз демей «сойып салатын» өткір. Оның өзі де әрқилы.

«Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» сияқты астарлы, емеурінмен берілетін немесе бас-көз демей «шыңғыра» беретін, т.б.), енді бірі күлдіреді (ол күлкінің өзі де әртүрлі: жараның орнын тырнай отырып, сыздататын күлкі, сана мен сезімге әсері аз ыржалақ күлкі, арзан күлкі, сайқымазақ күлкі, жылататын күлкі, т.б.), кейбірі қызыл сөзге құмар, ашылып-шашылған неше түрлі эмоцияға бай (бірақ, әсері аз, тым жалықтырып жіберетін), ал енді бір фильмдер бар, бір қарағанға сөзге, сезімге өте кедей, бірақ өзіне байлап, арбап қояды. Кейбір фильмдер «жағыну» үшін, неше түрлі «қылық көрсетеді», көрерменнің сезімін, ақыл-ойын «уысында» ұстап, «ойнағысы» келеді немесе аяушылық сезімін тудырып, өзіне назар аудартпақ болып, қып-қызыл әлекке түседі. Енді бір фильмдерді көріп отырсаң, айқыш-ұй­қыш жолмен келе жатқандай, бе­рекең кетеді. Біреулері ұшқалақ ке­леді, біресе анда, біресе мұнда ұры­на­­ды, әйтеуір «қонарын сай, ұшарын жел біледі».  Қысқасы, адам болмысы мен мінез-құлқындағы небір иірімдер сияқты фильмдердің де «мінезінде» соншама иірім бар. Солардың кейбіріне қайта оралып, тағы бір рет көргің келеді. Өйтейін десең, «адам сүйер қылығы» жоқ. Тартпайды. Ал енді қанша ұрпақ ауысса да «ескірмейтін», уақыт өткен сайын қайта жаңғырып, қайта түлеп отыратын фильмдер болады. Шынында, мұндай дүние екінің бірінің қолынан келмесі анық. Осының сыры неде? Әрине, талант дейміз, суреткердің ақыл-ой, сезімінің тереңдігі, т.б. дейміз. Бірақ, ең бас­ты бір себебі болуы керек қой. Біздіңше, өл­мей­тін шығарманың діңгегі – парасат. Шы­ғар­маның өн бойында талант та, ниет те, шеберлік те сезілуі мүмкін. Алайда, па­расат жоқ жерде алдыңғы үшеуінің құ­ны арзандап кетуі әп-сәтте. Парасатқа не­гізделген дарын, ниет, шеберліктен туындаған дүние ғана – мәңгілік. Басқаша болуы мүмкін емес.  Осы тұста алыстан іздемей-ақ, қазақ ки­носының классиктерінің шығар­ма­ларын мысалға келтірсек те жетіп жатыр. Жыл сайын оқуға түсемін деп келе­тін талапкерлердің жалпы өнерге, ки­но­ға деген көзқарасын, дүниетанымын біл­мек ниетпен, оларға түрлі фильмдерді көрсе­те­міз. Шынын айту керек, «Атамекен», «Тұл­пардың ізі», «Қилы кезең», «Қайрат», «Кардиограмма», «Бауыр» та­ғы басқа фильмдерді көрген соң, «Абай­ла, сиыр» («Осторожно, корова»), «Сә­би­на келін» («Келинка Сабина»), «30-да күйеу­ге шығу» («Замуж в 30») тектес фильм­дерге деген көзқарасы өзгеріп сала беретінін көзімізбен көріп жүрміз. Бай­қа­саңыз, жаңағы талапкерлер мүлдем басқа уақыттың өкілдері.  Әлбетте, алдын­да ата­лып өткен фильм­дердің олар­дың жан дү­ниесін жаулап алуының сы­ры неде де­ген сұрақ туады. Әрине, ол шығармалар­дың барлық артықшылықтары мен ерек­шеліктерінен бөлек, ең бастысы тамырында парасатқа жүгінген ой мен идея жа­тыр. Ал парасат болған жерде шынайы сүй­іспеншілік пен адамгершілік те болады. Жастар соны түйсігімен сезінеді. Жалпы, адам баласының өмірден іздейтіні де осы емес пе. Кейінгі аталған фильмдерге деген көзқарасының өзгеретіні де сондықтан. Өйткені, ондағы кейіпкерлер, олардың басынан өткеретін түрлі оқиғалар мен іс-әрекеттерінен туындайтын әрқилы сезім мен көңіл күйдің астарында парасаттан гөрі дарақылықтың жатқанын сезеді. Аяғындағы шұлығын шешіп, қорыл­дап ұйықтап жатқан адамның аузына ты­ғуы («Сәбина келін») немесе белгілі ән­шіні көріп қалған қыздың көлік ішінде аласұрып, сон­шама шыңғыруы («Қазақша бизнес») дарақылықтың жарқын көрінісі емес пе? Бұл енді күлдіру үшін жасалған түрлі-түрлі амалдар ғой. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ, дарақылыққа тұнған күлкіден парасатты талап ету де, әй қайдам...  Кейде осы тектес шығармалар химия мен синтетикаға толы консервіленген, нәр­сіз, ағзаға пайдасы жоқ құнарсыз та­ғам сияқты әсер қалдырады. Бұл енді уа­қыт­ша тоқтық сезіммен ағзаны «алдау» ғой. Соңғы кездері қазақ киносында осы тек­тес фильмдер қаптап кетті. Бір-бір жа­рым сағат бойы күлдіріп немесе мұ­ңай­­туы мүмкін. Бірақ, соңынан ең бір құн­ды дүниең ұрланғандай, жаңағы көр­ге­нің аштық сезімін қайта алып келген­дей әсер­де кете барасың. Бір сөзбен айтқанда, нәр­сіз, құнарсыз дүниеге бір жарым сағат бойы «алдандың». Бар болғаны осы. Сондықтан, экрандағы күлкі мен қай­ғы­ның, мұң мен сағыныштың, т.б. ас­тарын­да үлкен парасат болмаған соң, бәрі бекер. Осыдан соң-ақ адам үшін ең бір асыл се­зімдер фильмде дарақылыққа ұры­на­ты­ны да сондықтан.  Белгілі жазушы, драматург Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесінде былай делінеді: «Көркем әдебиет, музыка, театр, кино неғұрлым дөрекі сезімдерге толы болған сайын, неғұрлым шектен тыс ұятсыз болған сайын, соғұрлым өтімді. Бетховенді тыңдамайтындар ең төменгі санаға арналған тұрпайы музыкаға құмыр­с­­- қаша қаптайды. Шынайы да мағыналы көр­кем фильм жасаған режиссер бағасын ала алмай, бағы жанбай, қайыршылықта жү­руі мүмкін, ал таза порнографиядан добалдап фильм жасаған шалағай біреу ақшаның астында қалып жатады. Яғ­ни арсыздық әлеміне сұраныс мол». Шір­кін, дейсіз осындайда, дарақылық пен ар­сы­з­дық әлемінен гөрі, парасат әлеміне сұраныстың мол болғанына не жетсін...