«Атқа салдым ерімді, Бермедім жауға елімді. Мұсылманнан жау шығып, Сындырдың Алла-ау, белімді». Тағы бір қабырғасындағы мәрмар тасқа осы кесенені салушы Әубәкір Қылышбайұлының бір ауыз өлеңі жазылыпты: «Сұлтан қайда сүйегін қорлатпайтын, Өлі-тірі аруақты сорлатпайтын. Халқы үшін қор болған, қайран Кейкі, Көрі де жоқ, соны ойлап, жай таппаймын». Кейкі батыр 1871-1923 жылдар аралығында өмір сүрген. 1916 жылдары Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасында жүрді. Азан шақырып қойған есімі – Нұрмағамбет, жұбайы – Ақыжан. Қазіргі Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байтұма қопасында дүниеге келіпті. Бес ағайынды болған. Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұбар.
Кейкінің дүниеге келуінің өзі аңыз боп айтылады. Анасы Кейкіні құрсағында көтеріп жүрген кезінде қасқырдың жүрегіне жерік болған екен. Әкесі Көкембай аң аулап, әйеліне қасқырдың жүрегін әкеп береді. Жалпы, батыр балуан денелі, түсі суық адам ретінде суреттеледі. Әсіресе, көзі өткір екен. Бұрынғылардан бізге «Нұрмағамбет батыр боп туған азамат қой. Көзінің өткірлігі сондай, оның көзіне жауы тұрмақ досы да тіке қарай алмаған. Мұндай қасиет тек батырларда ғана болады» деген әңгімелер жеткен.
Кейкі Көкембайұлы кешегі ұлт-азаттық көтерілісінде Амангелді батырдың оң қолы, сенімді серігі бола жүріп мергендер жасағын басқарады. Оның мергендігі жайында мынандай да әңгіме бар. Кейкінің құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз қалған. Торғай мен Ұлытаудың арасында жолбарыстай жалғыз жортып, жапанда аң аулаған батыр бірде Нұртай деген кісінің үйіне қонақ боп түседі. Заманға сай дәулеті бар, еліне сыйлы Нұртай мен Кейкі ертеден сыйлас екен. Ол Аққұмның бойында, ұлы Жыланшықтың жағасында отырса керек. Атағы алысқа кеткен мергенді ортаға алып, мәжіліс қызған шақта балалар ойнап жатқан жақта шу шығады. Сөйтсе, өзенге құлаған киіктердің бірі әлденеден үрікті ме, әйтеуір үйірінен бөлініп, тік жардан жиекке шыға алмай жанталасып суда жүзіп жүр екен. Әні-міне дегенше тура мерген отырған үйдің тұсына жақындап та қалады. Ауылдағылар батырдың мергендігін сынамақ болып, Кейкіге қолқа салады. Сонда батыр түрулі тұрған керегеден мылтығының ұшын шығарып, өзі теріс қарап отырған күйде киікті атып түсіріпті.
Қазақта шайқас барысында жарақаттанып, бірақ ұрыс даласын тастамай, жанкештілік танытқан ерлерді қара берен деп атаған. Үрпек, Доғал шайқасының қызған шағында Кейкі жауырынан оқ тиіп жарақаттанады. Алайда, қасындағы жауынгер серіктеріне білдірмей, соңына дейін майдан даласын тастамайды. Шайқас біткеннен кейін Тастының бойындағы Низамбай оташыдан жауырынындағы оқты алып тастауды өтінеді. «Оқ сүйекте емес, етте тұр, ала алмаймын» депті оташы. Сонда «Егер менің қансырап өлгенімді қаламасаң, оқты тез алып таста» деп ақырады батыр. Оташы шыдамды ердің жауырын етін кесіп жіберіп, бір түйір оқты қара берен батырға ұстатады. Кейкі ол оқты шүберекке түйіп, қойнына салып алған көрінеді.
Бір жылдары Тасты өзенінің Ащылы сай қойнауын жайлап отырған Кейкінің ауылына ақтардың 23 атты әскері сау етіп келе қалыпты. Олар есіктен кіре төр менікі дегендей ауыл адамдарының басына әңгір таяқ ойнатады. Ауылда қантөгіс боп кетпесе екен деп қауіптенген ақсақалдар сәл жырақ қоныстанған Кейкіге адам жіберіп, әскерден сабыр сақтауды өтінеді. Кейіннен Бекіш, Тоғызақ деген елдің қадірменді ақсақалдары батырға болған оқиғаны жұмсартып жеткізгенімен, ол сенбей атқа қамшы басады. Солдаттар қазіргі Қарынсалды ауылына қарай қыр асып бара жатқан кезде мерген қуып жетіпті. Жау соңынан жалғыз өзі қуып, алдарын орап, қасқайып тұра қалады да, сегізін бірден атып түсіреді. Әп-сәтте қатары селдіреп қалған солдаттардың естері шығып кетіп, бет-бетімен қаша жөнелген екен. Сонда соңынан қуып жеткен ауыл ақсақалдары батырды әрі қарай жібермей, әрең тоқтатыпты. Сол сәтте Кейкі батыр «Менің Құдайдан тілеп жүргенім қан майданда жүрегіме қадалар жалғыз ғана оқ қой. Мені Амангелді батыр сияқты қапасқа қамап, азаптап өлтіргенше мейлі, ақ, мейлі, қызыл болсын қан майданда өлтірсе екен» деп егіліп тұрып жылаған көрінеді.
1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр да қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Торғай ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналған конференцияда Амангелді батырдың немересі, ғалым Батылхан Иманов рухы толы тарихымызды жазуда өзімшілдікті қойып, ғылыммен ұштастырып, халықтың пікірін ескеріп, ұлт-азаттық көтерілісті, оған қатысқан ұлтжанды ұлдардың өмір жолдарын әлі де тереңірек зерттеуге шақырған еді. Бұл көпшілікке үлкен ой салды. Шынында, бұл салада зерттелуі тиіс дүние әлі көп. Соның ішінде Кейкі батырдың өмір жолы өз алдына бір төбе екені анық.
Әзімбек Тілешов, еңбек ардагері Тараз