Ұлттың рухын көтеретін, халықтың санасын серпілтетін құнды құжат жарияланған күннен бастап қоғамда қызу талқылау тудырды. Елбасы айтқан ең басты мұрат – еншіміздегі рухани ен байлықты игеру арқылы жаңғыру жолына түсу болып табылады. Ықылым заманнан сыр тартатын көне жазбалар, мәдени мұралар да рухани жаңғыруымыздың негізі болмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Кәдірбек Сегізбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенғараева және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет Жамбыл жеріне келіп, жұртшылықпен жүздесті.
Қаламгерлер әуелі Жамбыл, Жуалы және Байзақ аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Елбасы мақаласында айтылған өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғаған ақын-жазушылар өңір тұрғындарының сауалдарына да жауап берді. Бұдан кейін Тараз қалалық мәдениет үйінде қорытынды жиын өтіп, онда Елбасының бағдарламалық мақаласы кеңінен талқыланды. Мінбер биігінен сөз алған Кәдірбек Сегізбайұлы тіл тағдыры төңірегінде әңгіме қозғап, жастарды, әсіресе, тілді құрметтеуге, тілді бұзып сөйлемеуге шақырды. Сондай-ақ, жазушы жыл өткен сайын сөйлеу мәдениетіміздің жұтаңданып бара жатқанын да айтып өтті. «Көп жастар қазір дұрыс сөйлей алмайды. Және жазу мәдениеті мен мәнері де жас жазушылар мен журналистердің үнемі есінде болуы керек», деді жазушы. Ал Ханбибі Есенғараева қазақтың тағдыры мен латын әліпбиін ұштастырып, әсерлі әңгіме өрбітті. Әңгіме барысында өзінің әдебиетке келу жолын, туындыларының тарихын да оқырманға баяндап берді. «Бала күнімізде газет-журналдарды латын әліпбиінде оқи беретін едік. Латын әліпбиіне көшу – маңызын жоғалтпайтын мәселе. Елбасының осы ойды дер кезінде қозғап, қоғамға қозғау салғанын да айтып өткен жөн», деп, жиналған көпшілікке ақын ретінде өлең оқып берді. Сондай-ақ, Ұлықбек Есдәулет бағдарламалық мақаланың тұтас мазмұнын қамтыған рухани жаңғыру жөнінде ой қозғай келіп, қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының таңдаулы шығармаларын әлемнің ең озық тілдеріне аудару қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, жас қаламгерлердің шығармаларын шет тілдерге аудару мәселесі өзекті екенін жеткізді. «Тараз жері ежелден ақындардың мекені. Сол үрдіс бүгінде де үзілген жоқ. Таразда Несіпбек Дәутайұлы бастаған талантты қаламгер азаматтар бар. Жас ақындар да бар. Енді сол көрнекті қаламгерлер мен жастарды шет тілдерге аудару мәселесін шешкен дұрыс. Осы мәселені Жамбыл облысының әкімі қолға алса дұрыс болар еді», деген ұсынысын да айтты. Бұдан кейін өлең оқып, көпшілік тілегін қанағаттандырды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған дүниелердің бәрі де ұлттың болашағына керек. Ал саналы адамның үнемі білімін жетілдіріп, өзін өзі рухани тұрғыда шыңдай беретінін ескерсек, аталған мақаланың маңыздылығын одан әрі терең түсінуге болады. Әдеби тұлғалармен кездесуде халық мақалада айтылған ойлардың аса өзекті екенін жеткізіп, Алматы және Шымкент қалаларынан арнайы келген қаламгерлерге алғысын білдірді.
Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы