Өйткені, бұрын мемлекеттік биліктің негізгі буындары, әсіресе орталық билік өкілдері қоғам алдында есеп бермейтін. Мәселен, министрліктегілер өз қызметтері туралы халық немесе қоғамдық ұйым өкілдерінің алдына шығып, баяндап жатпайтын. Министр Парламентке барып, белгіленген «Үкімет сағаты» аясында депутаттар қойған сауалдарға жауап беруі мүмкін. Оның қызметінің жариялылығы, қоғам алдындағы есептілігі осымен шектелетін. Сондықтан Елбасының бастамасымен әрбір мемлекеттік билік органының жанынан құрылған қоғамдық кеңестер осы іске тың серпіліс беріп отыр деп айта аламыз. Бұл – жәй ғана айтыла салған сөз емес. Өйткені, Қоғамдық кеңестің өкілдігі мен құзыреті және жауапкершілігі арнайы заңмен бекітілді. Сондықтан алдағы уақытта олардың қызметі демократия мен жариялылықтың көрінісі ретінде өріс алып, коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың министрліктің жұмысын ашық түрде талқылау ісіне қатысушылығын арттыра беретіні айқын. Инвестициялар және даму министрлігі Қоғамдық кеңесінің осы уақытқа дейін жүргізген жұмысын соның бір дәлелі ретінде ұсынуға болады. Кеңес өз жұмысын белгіленген жылдық жоспарға сәйкес атқарып келеді. Ал жоспарға мынадай маңызды мәселелер енгізілген: мемлекеттік орган басшысының жылдық есеп беруіне қатысып, оны талқылау; өзекті мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу; министрліктің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарларының орындалуын қарап, әркез назарда ұстау және тағы басқалар. Мәселен, Қоғамдық кеңестің мүшелері «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексінің жобасын талқылауды ұйымдастыруға белсене қатысты. Кодекстің жобасы Астана қаласында 300-ден астам осы саланың мамандары мен қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелерінің, іске ынталы жекелеген азаматтардың қатысуымен кеңінен талқыланды. Мұндағы баяндамаларды Инвестициялар және даму министрлігі, Энергетика министрлігінің жауапты басшылары мен тәуелсіз сарапшылар жасады. Кодекс жобасы қызу талқылауға түсті. Соның нәтижесінде құжатқа бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Осындай қоғамдық тыңдау кеңес мүшелерінің бастамашылығымен жуықта Алматы қала- сында да болып өтті. Уақыт өткен сайын Қоғамдық кеңес жұмысының ауқымы кеңейіп келеді. Осыған байланысты кеңес мүшелері үш комиссияға бөлініп жұмыс істеуде. Министрліктің экономиканы дамытуға байланысты атқарып жатқан жұмыстарын Қоғамдық кеңестің Индустриялық-инновациялық даму комиссиясы назарда ұстауда. Ал Геология және жер қойнауын пайдалану комиссиясы кен орындарын игерген кезде жергілікті тұрғындардың құқықтарының сақталуын қадағалап, заң бұзушылықтың алдын алуға ықпал етуде. Қоғамдық кеңестің үшінші комиссиясы айналысатын көлік логистикасы инфрақұрылымдарын дамыту проблемасының республикада тұратын барша халыққа қатысы бар. Міне, осындай істерде халық мүддесінің қорғалуына қоғамдық бақылау жасап отыру әрбір комиссия мүшесінің міндеті екендігі айқын. Инвестициялар және даму министрлігі басшыларының Коғамдық кеңеспен қарым-қатынасы сыпайы, белгіленген құжаттар аясында, соның ішінде, Қоғамдық кеңестер туралы заң аясында өріс алып келеді. Олар кеңес тарапынан туындаған бастамашылыққа қолдау білдіріп отырады.
Жеңіс Құлсейітов, Инвестициялар және даму министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, профессор