60-шы жылдар – соғыстан кейінгі қайта өрлеудің алғашқы кезеңі. Жұрт жаңадан ес жинап жатты. Дегенмен, өкініштердің орны толмай тұр. Көш бастайды деген азаматтар көп еді. Амал не, майданнан оралған жоқ. Қай жаққа қарасаң да тапшылық. Жоғары білімі барлар жоқтың қасы. Басқа аймақтың түлектері Нарынқолға қайдан келсін?! Әркім өз жерінен артылмайды. Міне, осындай шақтарда оқу іздеп Алматыға кеткен ағалардың алды туған жерге ту тігеміз деп оралды. Ел-жұрт ерекше қуанды. Орнында бардың оңалғанына шүкіршілік етті. Қала мәдениетіне сай киінген білімді де білікті жігіттер әсіресе, ауыл балалары біздер үшін нағыз үлгі еді. Ағаларымыз Нарынқолына жалғыз келмепті. Жандарында құдай қосқан қосақтары бар. Қаланың сұлулары. Жеңгелеріміз текті жерден шыққандарын дәлелдеді. Үлкендердің алдынан қия өтпейді. Азаматтарының елі мен жерін жігіттерінен кем сүймейді. Күні ертең осы әулеттің ұрпағына ана болатындарын біледі. Прораб Меліс Бұғыбаевтың қасында Түймен әпкеміз жүр. Орман шаруашылығының инженері Болат Мәмбетов Дәмет жеңгемізбен бірге. Дәрігер Мұхтар Әлімов өзі секілді маман Майра тәтеммен қол ұстасқан. Ал зоотехник Құдайберген Тегінбаев аға мен Алтын апай ше? Бұл кісілердің саны аз болғанымен, өнегесі саз-ды. Айналасын білім мен мәдениетке баулитын тастүйін шоғыр болатын. Біз, мектеп оқушылары, енді сабақты бұрынғыдан да жақсы оқуға ұмтылдық. Арманның ақиқатқа айналатынына сене бастадық. Ағалардай болу қолымыздан келетін сияқты. «Жақсыдан шарапат», деген рас-ау. Алдыңғы толқын өнегесінің әсері менің өміріме де нәтижесін берді. ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті атандым. Ауылдың қарапайым ұстасы – әкем Әлихан бәрін үндемей отырып сезетін. Осынау өнегелі жігіттерге ол кісі де дән риза. «Ағаларыңа ұқсап жолыңды тапсаң, еліңе еңбек етсең – жарадың», – деді оқуға түсіп келгенімде басымнан сипап. Ұмытпасам, 1970 жыл. Аудандық «Советтік шекара» газетінен Мұхтар ағаның суретін көрдім. Әдемі фото бірінші бетте тұр. Бас дәрігер болған соң солай еткен шығар дедім. Мына кереметті қараңыз! КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен ағамыз 1000-ға жуық отаны сәтті жасағаны үшін Ленин орденімен марапатталыпты. Шалғай аудандағы ұйымдастырған жұмыстары да жақсы жағынан аталыпты. 33 жастағы дәрігерге үкіметтік дәрежедегі мұндай құрмет көрсету ол кезде сирек кездесетін оқиға. Бұдан кейін Мұхтар ағаның тұлғасы мен үшін тіптен биіктей түсті. Бір жолыққанда ағамызға сұрақ қойдым. – Хирург үшін әрбір отаның жөні бөлек. Үзілгелі тұрған өмір жібін алтын қолдарыңызбен жалғайсыздар. «Айтамыз сізге, мың алғыс!» дегендей, мың алғысты арқалаған азаматсыз. Сонда да сол оталардың ішінде икемге әрең көнген күрделісі болды ма? – дедім. – Хирургтің әр күні өмір үшін күреспен өтеді. Біздің жұмысымыз сегіз сағаттық мөлшерге сыймайды. Кейде тәулік бойы аяғыңнан тік тұрасың. Бірақ шаршауға, жалығуға, ренжуге хақың жоқ. Дегенмен, мына оқиға менің есімнен кетпейді, − деп сөзін жалғады ол кісі. – Бірде Сарыбастау елді мекенінен шұғыл шақырту келді. Ленин атындағы колхоздың жылқышысы әл үстінде. Жергілікті дәрігерлердің шамасы жетпеген. Жылқылы ауыл алыста, аяқ жетпейтін таудың биік бөктерінде. «Жедел жәрдеммен» әрең жеттік. Туыстары күдерін үзгендей халде екен. Әупірімдеп жүріп ауруды ойға түсірдік. Менің болжамым бойынша кесел ішекте. Үлгеріп емханаға әкелдік. Көз ілеспейтін жылдамдықпен құрал-жабдықтарды дайындап жатырмыз. «Асыққанда ағаттыққа ұрынба. Дәрігер қателесуге болмайды»,− деймін іштей күбірлеп. Жігіттің жігері мен қуаты өте мықты екен. Тоқ ішегі түйіліп, ащы ішекпен жалғасқан тұсы жарылыпты. Соның бәрін тазалау оңайға түскен жоқ. Майра жеңгең өз кәсібі бойынша қан айналымын реттеді. Арпалыс бес сағатқа созылды. Саусақтарым қарысып қалды. Тіземнің дірілдегенін соңында ғана байқадым. Жейдеме сіңген тер арқамнан өтіп шылқылдап тұр. Ең бастысы, науқас ажалдан аман қалды. Ұзамай құлан-таза айықты, – деді. Мұндай эпизодтар хирург өмірінде жүздеп саналады. Мұхтар Әлімов 1962-1977 жылдар аралығында Нарынқол аудандық емханасында дәрігер, бас дәрігері болды. Ота жасаумен бірге, сан түрлі жұмыстарды ұйымдастырды. Өзекті мәселелердің түйіндерін шешті. Әсіресе, медбикелердің жетіспеуі алаңдататын. Сол кездегі бұл буынның өңір бойынша қамтылуы 35-ақ пайыз еді. Жүре келе мұның да оңтайлы жолын тапты. Халықаралық «Қызыл крест және жарты ай» қоғамының Алматыдағы бөлімшесіне барды. Олардың медбикелер дайындау ісіне көмек көрсетуге мүмкіндіктері бар екен. Ол заңға да, ережеге де қайшы келмейді. Сөйтіп, бүгінгі тілмен айтқанда арнаулы грантты жеңіп алды. Бұдан соң аудандық емхананың қасынан медбикелер дайындайтын курс ашылады. Оқытушылары – Мұхтар Әлімовтің өзі бастаған жоғары білімді жергілікті дәрігерлер. Аудандық емханада тәжірибелік үйренуден өтеді. Сөйтіп, екі жылдың ішінде 50 медбикенің куәлік алғаны бар. Барлық емханалар орта буын кадрлармен қамтамасыз етілді. Сол жылдардағы бұл курс «Әлімовтің мектебі» деген атпен елдің есінде қалды. Іскер жанға сұраныс көп. Облыс басшылығының Мұхтар Әлімовке ықыласы ауды. Тұрғындары мол, халқы көп ұлтты үлкен өңірге қызметке жіберілді. 1977 жылы Талғар аудандық емханасына бас дәрігер болып бекітілді. Сол жұмыста жүріп, облысқа аты танылды. Абыройы асқақтады. Қазір Талғардың орысы мен қазағы, түрігі мен ұйғыры хирург Мұхтарды туған бауырларынан кем көрмейді. Өйткені, дәрігер беделі соған барынша лайық. «Егеменнің» Алматыдағы бөлімшесін басқарған әріптесім Қорғанбек Аманжол Талғарда тұратын. Жұмысқа сол жерден қатынап келіп істейтін. Сондықтан ара-тұра ауданның қоғамдық жұмыстарына көмектесетіні бар. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Әлімовті жақсы таниды. – Ортақ танысымыз той жасап, мейрамханада бас қостық. Үзілісте сыртқы залға шығып, қатар отырдық. Жаңалық айтыстық, хал сұрадық. Сол кезде әдемі киінген көркем келіншек ағамызды көріп, бізге бұрылды. Жарқылдаған дидармен мейір- лене амандасты. Іле-шала екінші әйел заты да Мұқаңа бас иіп, ерекше ілтипат көрсетті. – Туыстарыңыз ба? – деп сұрадым. – Туыстарым емес, нарынқолдық жерлестерім. Мен оларды көрмегелі қай заман. Екеуі де жап-жас қыздар еді. Енді міне, біздің өкшемізді басуға жақындап келеді. Алғашқы қарындасымның фамилиясы ұмытпасам Нұрметова ғой деймін. Оның: «Шешем сізді аузынан тастамайтын еді», − деуінің жөні бар. Осы қызы оқуға түсе алмаған көп балалы ана маған келіп көмек сұрады. Қолдан келсе неге қолғабыс етпеске? Қызды шақырып әңгімелестім. Білім қуатын түрі бар. Өзіне лайық жұмысқа орналастырдым. Көктемде арнайы жолдамамен медучилищеге жібердік. Әрі қарай өзі-ақ алып кетті. Қазір мына Тұздыбастауда тіс дәрігері. Ал екінші адамды бәлкім сен де білетін шығарсың. Күлән Омарова. Мамандығы дәрігер-педиатор. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Институттан кейін еңбек жолын туған жері Нарынқолда, аудандық ауруханада бастады. Өте алғыр, ісіне берілген жан еді. Талантты жасты қолдадық. Кейін Алматыға қоныс аударды. Әрине, Күлән өз биігіне қажыр-қайратының, еңбегінің арқасында көтерілді. Соңғы қызметі – республикалық балалар педиатриясы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. Кешегі ауыл қызының алған асуы міне, осындай. Менікі ол кезде оны жай ғана демеу ғой. Ал мәдениетті, зиялы адамдар сенің өз кезіндегі кішкентай көмегіңді ұмытпайды, айтып жүреді, – деп күлді. Қалай айтсақ та, сенің Мұхтар Әлімов ағаң тегін қазақ емес. Халықтың шынайы ықыласына бөленген жан. Бұлай болу кез-келгеннің қолынан келмейді, – деді Қорғанбек Аманжол. ...Енді жоғарыдағы 70-жылдардағы суретке қайтадан оралайын. Алматыға іссапармен келген Мұхтар аға міндетті түрде уақыт тауып Нарынқолдан оқуға түскен жастарды іздейтін. Ағаның тапсырмасымен кластасымыз Алтай Құмғанбаев қыз-жігіттерді түгендеп, бәрін бас поштаның алдына жинайтын. – Менің студент бауырларым! Оқу оңай емес. Соның әр сәтін бос жібермеңдер. Ауылда ата-аналарың, үміт еткен ел-жұрттарың күтіп отыр, – деп әңгімеге шақыратын. «Қаракөз» кафесіне апарып дастарқан жаятын. Бір рет емес, Алматыға келген сайынғы дағдысы осылай еді. Ауылдың балалары бауырмал болсын, бірін-бірі іздеп жүрсін деп көрсеткен үлгісі екен ғой. Сөйткен абзал аға Мұхтар Әлімов міне, қанша уақыт өтсе де жоғарыдағыдай үрдісінен әлі жаңылған жоқ. Алыстағы бізбен жылына бір рет хабарласып тұрады. Таяуда кезекті іссапардан оралсам жігіттер: «Сізге Мұхтар ағаңыз телефон шалды. Амандығыңызды сұрады. Басқа бұйымтайы жоқ», – деді. Қатты толқыдым. Мынау қым-қуыт заманда сонау 2500 шақырымнан інілерін ұмытпай іздеудің өзі ғанибет қой! Иә, ол кісі қашанда, қай кезде де үлгі көрсетуден бәрібір алда келеді. Аман болыңыз, аға!
Жанболат Аупбаев, «Егемен Қазақстан»
АСТАНА