• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2010

АҚЫНЫН ӘКІМІ ІЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ

2154 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі аудандар мен қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, өнеркәсіп орындарын аралап шыққаннан кейін, зиялы қауыммен кездесті. Экономика мен мәдениет – егіз ұғым. Бірі – күн болса, екіншісі – күншуақ. Бұл екеуін­сіз ел-жұрт қараңғы қапаста қалғанмен тең. Қа­лам­герлердің экономика мен мәдениетті құс­тың қос қанатына теңейтіні де осыдан келіп шы­ғады. Сондықтан өңір экономикасын көте­ру, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру, сол игі мақсаттарды жеделдете жүзеге асыру үшін әзірленіп жатқан облыстың стратегиялық жаңа жоспары ең алдымен халықтың тұрмыс-тір­ші­лігімен бірге мәдени-әдеби-рухани жаназығын да қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бүгінде облыста қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды қазақтың қара нар жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған көптеген қалам­гер­лер шығармашылықпен айналысуда. Ха­лық жазушысы Шерағаңның қаламынан ту­ған тың дүниелер баспалардан кітап болып шы­ғып, қалың елге қапысыз тарап жатыр. “Әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең тап­пастың” керін келтіріп жүрген кейбіреулердей емес, тәуелсіз елінің ту ұстар ұрпағына дұрыс ба­ғыт, тәлімді тәрибе беретін тың шығар­ма­ларымен өңірде ғана өрістей бермей, бүкіл елге танылып жүрген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Жамбыл облыстық фили­алы­ның директоры, республикалық “Жамбыл” жур­налының редакторы, халықаралық “Алаш” сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы да өз алдына бір төбе. Елі­міз­ге белгілі ғалым, Мемлекеттік сый­лық­тың лау­реаты Мекемтас Мырзахмет бүгінде аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момыш­ұлы­ның 100 жылдық мерейтойына орай үлкен шаруаны қолға алып, майдангер-жазушының 30 томдығын шығара бастады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгер атанғанына қарамастан, шалғайдағы Саудакент ауылында тұрса да балаларға арналаған халықаралық “Дарабоз” бәйгесінің жүлдесіне ие болған Дулат Шалқарбаев та өнімді еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, публицист, ақын, драматург Арғынбай Бекбосынның “Домалақ ана” атты пьесасы арнайы грантқа ие болып, жақында облыстық театрдағы тұсаукесері табысты өтті. Сол сияқты, белгілі ақыл-жазушылар Жақ­сы­лық Сәтібеков, Әлдихан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаұлы, Елен Әлімжан, Шырын Мама­се­рікова, Пернебай Дүйсенбин, Айша Көп­жа­саро­ва, Қуандық Шолақ сияқты тағы басқа да көптеген қаламгерлер өскелең елдің өркениет көшіне ат салысу мақсатында шығар­ма­шылықпен үзбей айналысып келеді. Белгілі күйші-композитор, атақты “Ерке сылқым” күйінің авторы Әбді­мо­мын Желдібаевтың шығарма­шылық табыстарын да облыс жұртшылығының мақтан тұтуға хақысы бар. Белгілі режиссер Тұрар Дүйсебаев та батыр Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильмнің жұмысы үстінде екен. Ақын, жазушылардың шығармашылық еңбегін бағалауда, олардың қолжазбаларын жарыққа шығарып, облыстағы кітапханалар жүйесі арқылы оқырмандарға жеткізуде жергілікті билікте қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Осы дәстүр бойынша тек соңғы екі жыл көлемінде облыс ақын, жазушыларының 26 кітабы жарық көріпті. Белгілі қаламгерлерге ақшалай сыйақы тағайындалып, ол тоқсан сайын тапсырылып тұрады. Облыс әкімімен кездесудегі әңгіменің әлқиссасын Шерхан Мұртаза бастап, өңірдің өндірісі мен өнеріне қатар ден қойып отырған жас басшыға ағалық қамқорлықпен алғысын жеткізді. “Ақындары әкімдерін іздеген ел ба­қыт­сыз, ал әкімдері ақындарын іздеген ел ба­қытты” деп бастады өз сөзін Шерағаң. Тәубесі сол, ақын, жазушыларына сыйақыларын тағайындап, шығар­ма­ларын жарыққа шығарып отырған қазақ елі басшылығы ақындарын іздеген елге жатады. Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозым­баев­тың жыл басында қаламгерлерді қаржылай қолдауы да осы үлгінің айғағы сынды. Кең қамтып, терең ойлайтын Несіпбек Дәу­тайұлы мемлекет жүргізіп отырған сараб­дал саясатты іске асыруға көп болып атсалысу қажеттігіне тоқталды. Бүгінде публицистика жанрының алғы шепке шыққанына, ендеше сол қолайлы шеп арқылы билік пен бұқараны бір бағыттағы берекелі іске жұмылдыруға ша­қыр­ды. Жазушы өзін толғандырған тәуел­сіз­діктің 18 жылында мемлекет неге қол жеткізді, қалай жеткізді деген сауалды ортаға тастай отырып, соған қаламгерлер қандай деңгейде атсалысып отыр деген азаматтық парыз тұрғы­сындағы ауқымды мәселені көтерді. Жазушы Елен Әлімжан облыс әкімінің назарын сөз күйінде қалған спорт кешенінің құрылысы мен Орталық мешіттің қасындағы аяқталмай қалған құрылыстың, ашылады делінген ұлт аспаптар оркестрінің қолға алын­бағанын және Өнер колледжінің жабылып қал­ғаны туралы мәселелерге аударды. Әкім спорт кешені құрылысының жұмысы биыл басталатынын, оркестрдің ашылатынын, Ор­та­лық мешіттің қасындағы құрылыстың бітпей қалғанын жұма намазға қатысқанда көріп, біл­генін, енді құдай қаласа, ол жұмысты өзінің жеке қаржысына салып, бітіріп беретінін айтты. Бәрекелді! Ақын Шырын Мамасерікова көп жылдан бері облыс орталығынан Өнер мұражайы ашылса деп мәселе көтеріп жүр. Шынында Жам­был мен Кенен, Бөлтірік пен Қылышбай, Сауытбек пен Ұлбике сынды ақындар мен ше­шен­дер ғана емес, арғы тарихты ақтара баста­саңыз, есімі дүние жүзіне мәшһүр болған талай мәдениет пен әдебиет қайраткерлері шыққан өңірге бір Өнер мұражайы керек сияқты. Жазу­шы Әлдихан Қалдыбаев жергілікті бюд­жет арқылы шығатын кітап авторларына қалам­ақы төлеу мәселесі қарастырылмағанына қынжылды. Баспа мен баспахананың аражігін ажыратып алсақ деген пікірі де орынды сияқ­ты. Облыс әкімі жазушының айтқан ұсыны­сын дұрыс деп тауып, алдағы уақытта бұл мә­се­ленің шешілетінін айтты. Мәселеге осы тұр­ғыдан өрбігенде, облыс әкімі Қанат Бозым­баевқа қаламгерлер мәдениет, әдебиет, өнер, медицина, туризм, спорт сияқты тағы басқа да бұқарамен тығыз байланыста жұмыс істейтін көп­теген жауапты саланы басқаруға белгілі пуб­лицист-қаламгер, елжанды елгезек азамат Мей­рамбек Төлепбергенді орынбасарлыққа таңдап, тағайындағанына ризашылықтарын білдірді. Ақын, драматург Арғынбай Бекбосын көрші облыстарда арғы-бергідегі қолына қалам ұстап, ой айтқан тарихи белгілі тұлғалардан бастап, бүгінгі жастардың шығармаларына дейінгі тұщымды дүниелердің басын бір арнаға біріктіретін 100 томдық кітаптардың облыс әкім­дерінің көмегімен жарық көріп жатқанын, егер мүмкіндік болса осындай игі іс жам­былдық әдебиетшілер мен оқырмандар үшін де артық емес екенін жеткізді. “Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше” дейді дана халқымыз. Елмен етене жүрген зиялылардың ой-пікірі бұқараның мүддесімен әрдайым үндес келіп жатады. Өйткені, ақыл-ойдың иесі, жаңа идеялардың тайқазаны – зиялы қауым. Сол тайқазан-санадағы бұрқ-сарқ қайнаған ұсыныс-пікірлерді жылы сөзі­мен биліктің жүрегін елжірете айтатын ең әуе­лі зиялы қауым: қаламгерлер, өнер иелері екен. Облыс әкімімен болған ақын, жазу­шы­лар кездесуінен біз осы тағылымды, осы ғиб­рат­тың әдемі үлгісін көрдік. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.Жамбыл облысы. ҚАТАРДАН ҚАЛМА, ҚАЗАҚ КИНОСЫ! “Самұрық” кинотеатрында Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы мен “Изарус-фильм” кинокомпаниясы бірігіп ұсынған “Сіз кімсіз, Ка мырза?” атты шытырман оқиғалы жаңа фильмнің тұсаукесері өтті. Сценарий авторлары – Ермек Тұрсынов пен Қуат Ахметов. Қоюшы-операторы – Александр Рубанов. Композиторы – Қуат Шілдебаев. Идея авторы – Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов. Ресейде жылына түрлі жанрларда пәленбай фильм түсіріліп жатады, ал өзіміздің фильмдердің аттарын шетелдегі бір кинофестивальға қатысып қайтқанда ғана құлағымыз шалып қалмаса, тіпті бар ма, жоқ па, не теледидардан, не кино­театрдан көре алмай, көңіліміз құлазиды деген жанайқайлар жанға маза бермейтін. “Сіз кімсіз, Ка мырза?” фильмін тамашалағаннан түйген алғашқы әсеріміз – бұл туынды жұртты алаңдат­қан сол бір түйткілді шешуге тырысқан. Кеңестік кезеңде шытырман оқиғалы небір тамаша туындылар көрерменнің жүрегінен өз орнын тауып жатты емес пе? “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі” “Маньчжур варианты” сияқты әлі күнге дейін маңызын жоғалтпай, көркемдік деңгейі заманауи үлгідегі фильмдерден төмен саналмайтын, көрген сайын көре бергің келетін жауһарлар, Шәкен Айманов қолтаңба­лары ешқашан ескірмек емес. Кезінде атағы Кеңес одағына кең тараған актер, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов сомдаған бейнелер санамызға сағымдай оралғанда, қазақ фильмінің келешегі кемел боларына имандай ұйитынымыз тағы рас. “Қазақфильм” қорындағы асыл мұра­лар­ды аузымызға жәй алып отырған жоқпыз. Бас кейіпкерді тағы да қазақ киносының тарланы ойнайтын “Сіз кімсіз, Ка мырза?” фильмі әлгі фильм­дердің жалғасы сияқты өріліп, экраннан көптен көрінбей кеткен кейіпкеріңмен қайта жолығып, іздеген асыл бейнеңмен қуана табыса­сың. Көз алдыңызға қазақ чекисінің айлалы да алғыр бейнесі оралып, Отан үшін отқа түссе де күймеген ер-азаматтың сондағы жалындаған перзенттік ыстық сезімі туған жерге жетелеп келе жатады. Гонконг түрмесінен айлалы әдісі­мен сытылып шығып, қазақ топы­ра­ғы­на асық­қан таныс кейіпкер алдынан енді басқа дерт – қоғамның басты жұлын­құртына айнал­ған нашақорлық пен есірткі бизнесі жолы­ға­ды. Жасы әжептәуір егде тартып, жүзі­нен өмір ізі өрілген жанды сапарлас жол серігі Игорек (Филипп Волошин) алдап соқпақ болады. Оған есірткі жасырылған ыдысты ұстатып, басына қауіп төне қалған жағдайда бар бәлені шалға аудара салуды ойластырған жігіттің бұл әрекетін әшкерелерде қарапайым шалдың баяғы қай­раты­на қайта мініп шыға келгенін көресіз. Ол өзінің бас саулығы үшін қиындыққа жанын­дағы серігін қиып тастап кете баратын адамның қалыбынан емес. Сол себепті де қылмыскер­лер­дің құрған торына түседі. Өмірдің соқпағында жазатайым жаңылыс басқан жас жігітті тағдыр тәлкегіне тастап кете алмайды. Қандай қиындық болса да оны өлтір­мей аман алып қалудың айла-амалын іздейді. Соның жолында есірткі еліне дейін қылмыс­керлерді бастап баруға мәжбүр болады. Алексеев (рөлді сомдаған – Ресейдің белгілі актері Алек­сандр Феклистов) пен Каркен (рөлде ойна­ған Талғат Теменов) сынды есебін есірткімен түген­деген топ Ка мырза мен Игорьді тұтқындап, тас қапасқа қамағанда терең ордан қарт чекистің орғып шыққан сәттері тың әдіс-тәсілдермен орындалып, шытырман оқиғалы фильмге тән көріністерге құрылады. Тас қараң­ғы­да жапан даланың шаңын будақтатқан автомобильдер қақтығысы мен түндегі қуғын, түзде атылған оқ жаңғырығы шетелдік шытыр­ман оқиғалы фильм­дерге ұқсап кеткен­мен, осы оқиғаларды берудегі қоюшы-режиссер Қуат Ахметовтің шеберлігі ешкімді бей-жай қал­дырмайды. Бұл жағынан ол қазақ киносындағы кенже қалың­қырап қойған жанрдың кешегі бір үзілген жібін қайта жалғады деуге лайық. Актерлер құрамы сәтті таңдалған. Байрам, Килбилл, Лысый, Ерла рөліндегі Мұрат Бисем­бин, Гүл­шарат Жұбаева, Ержан Түсіпов, Дәулет Әбдіғапаров, сондай-ақ қосалқы эпизод­тарда ойнаған әртістердің қай-қайсысы болсын өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға тырысып баққаны байқалып тұрады. Толықметражды картина көрерменнің көз алдынан әп-сәтте тез сырғып өте шығады. Себебі, әр оқиға бірімен бірі қабыса жымдасып, негізгі мақсаттың орындалуына тұтаса қызмет етеді. Фильм үш елде түсірілген – Тайланд, Ресей мен Қазақстанда. Мұндай ауқымды елдердің жерінде шығармашылық ұжымның жұмыс істеуі қазақ киносының тарихында жоқтың қасы. Бұл ретте бөтен елде фильм түсіру тәжірибесі өзгелерге қарағанда молырақ деліне­тін Ресей кинематографистерімен ежелден етене жұмыс істеп келе жатқан “Қазақфильм” кино­студия­сы негізгі кейіпкерлердің біріне сол елдің белгілі актерін тарту арқылы оқиға желісінің Ресейдегі бөлігін қызықты жалғас­ты­рып, фильм­ді тартымды ете түскен. Александр Фек­листов “Плюмбум, или Опасная игра”, “Зависть богов”, “Заколдованный участок”, “Цветы для Снежной королевы”, “Обитаемый остров” сияқ­ты көп­те­ген фильмдердің басты кейіп­кер­лерін сомдаған танымал актер. Ол бүгінгі заман кейіпкерінің бол­мыс-бітімін шынайы суреттеуде өзіндік қолтаңбасы қалып­тас­қан өнер иесі ретінде мұнан былайғы уақытта қазақ көрермен­дерінің де ризашылығына кенелеріне кәміл сенеміз. Ка мырзамен шахмат ойыны үстінде шынайы келбеті жайылып сала берген Алексеев әрекеті арқылы автор негізінен есірткі бизнесі жетек­шілерінің қоғамға жат қылықтарын барынша әшкерелеуге тырысқан. Олармен күресу, ойларын жүзеге асырмай, дер кезінде көзін жойып отыру қоғамдағы басты проб­ле­малардың бірі болғандықтан, мұндай ұйым­дас­қан топтарды жеңу жеке бір адамның немесе бір елдің ғана қолынан келер іс емес, барлық ел бірге күрессе ғана жойылатын дерт деген идея­ны алға тартады. Осынау жолда қазақ чекисінің келбеті қай нәрсені болсын батыл шешетін өжет мінезімен ерекшеленеді. Туған жерін сүйетін нағыз ержүрек ұлдың ұсты­нын келістіре сомдаған Асанәлі Әшімов шебер­лігі “Ата­­ман­ның ақы­ры” мен “Транссібір экспре­сінде” қалай шиыр­ласа, қазақтың шы­тырман оқиғалы фильміндегі отаншыл жанның жүрек лүпілі мен жан тебіре­нісін де Ас-ағаң мінсіз жеткізіп берді. Фильмнің тұсау­кесер рәсімінде актер сахнаға өзінің отбасын ерте шықты:“Бұл көп­тен бері жанымды ма­за­лап жүрген жай еді. Баяғы жұрт жадында қатты сақталған елшіл азаматтың бейнесін бүгінгі күнге әкелу әри­не, оңай іс емес екенін білдім. Сондықтан да барынша жүрекпен ойнап, жұрттың көңілі­нен шығуға тырыстық. Актерлер аянып қалған жоқ” дей келіп, “Бұл фильм осымен аяқталып қалмайды, келешекте ол “Қайдасыз, Ка мырза?” деген атпен жалғасуы мүмкін”, деді. Әрмен қарай жалғасын тауып жатса, басты рөлді қуана-қуана ойнайтынын айтты. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Шәкен Ай­манов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы­ның биылғы жылғы алғашқы фильмі туралы қысқаша айта келіп, ғұмыры ұзақ болсын деген тілек білдірді. Қоюшы-режиссер Қуат Ахметов, продюсер Венера Нығматуллина көрсетілім алдында фильмнің қалай түсірілгені туралы қысқаша баяндап, оған қатысушы шығарма­шы­лық топты таныстырып өтті. Бүгінде жастардың бойына туған жерге деген отаншыл сезімді ұялату ең басты мәселенің бірі саналады. Отан­ды, елді сүюдің сондай үздік үлгісін үгіттеген фильмнің тек осы бір қырының өзін талдап, ойды түбімен қопара қоздатса аз әңгіме шықпас еді. Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған ұлан-байтақ даланың төсінде неге бүгін мұндай мұңлы әуен естіледі? Есірткі естен тандырады. Оны алып келіп, жас ұрпақтың санасын улап жатқан кімдер? Сырттан төнген қауіп-қатерге жол ашып, қылмыскер­лер­дің мұншалық алшаң­дауы­на қолұшын беріп, өз ішіңнен жау шыққаны қандай жаман. Каркен сынды қылмысты топ өкілдерінің әр елден өз жақтастары табылып жатады. Олар бірігіп әрекет жасаса, алапат дауыл соққандай есеңгіретпек. Сондықтан қоғамның мұндай көлеңкелі тұстары­мен кино арқылы күресудің тигізер игі ықпалы мол бол­мақ. Жастарды жаман дағдыдан жирен­діруде мұның жас санаға тигізер көмегі шексіз. Идея авторларының алға қойған осы мақсаты ой­дағы­дай түйінделгеніне күмәніміз жоқ. Шы­ны­мен фильм қорытындысы әлі жалғасы бар сияқты үміттендіреді. Ләйім бұл фильм “Қай­дасың, Ка мырза?” деп жұрт кейін жалғасын күтетін туындының біріне айналғай деп біз де фильмге сәттілік тілегіміз келеді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.