• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Маусым, 2017

«Астана банкі» IPO-ға шығатын болды

105 рет
көрсетілді

«Астана банкі» АҚ директорлар кеңесі инвесторлардың ауқымды тобына ұсыну мақсатында кәдімгі акцияларын Қазақстан қор биржасында орналастыру жөнінде шешім қабылдады. Қаржы секторындағы бұл жаңалық бүгін Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында БАҚ өкілдерімен өткен жиында мәлім болды.

Банктің қазіргі бизнес үлгісі технологиялық қызметтерді дамыту арқылы пайызсыз табыс көлемін арттыруға, сондай-ақ, жоғары маржиналдылықты сақтай отырып, төлем карталар нарығындағы қызметін кеңейтуге бағытталған.

«Астана банкі» АҚ-ның қарапайым акциялары маусымның соңында саудалана бастайды, тикері – ABBN. IPO-ның индикативтік бағасы – бір акция үшін 1 150 теңге. IPO-ға орналастырылатын акциялардың саны – 2,1 млн. дана,  орналастырылым көлемі – 2,5 млрд. теңге.

Бұл күндері «Астана банкінің» қызметі белсенді екенін айтуға болады.  Соңғы үш жылда банк ұстанған стратегиясы аясында тұрақты дамуды көрсетіп, барлық басты элементтерінің жұмысын жөнге салды. Қазіргі таңда банк карталарын 300 мыңнан аса клиент қолданады. Банктің қоры ай сайын 10-12 пайызға өсіп отыр. Жыл соңына қарай қолданылатын карталар саны 500 мыңға жетеді деп күтіліп отыр.

«Астана банкі» 2019 жылы Қазақстанда мобильдік банк қолданушыларының саны жағынан көшбасшыға айналуды көздеуде. Оған қоса транзакциялық банкингті жан-жақты дамытып,  шағын және орта бизнесті несиелеуге кеңінен қолдау көрсетуде.

«Астана банкі» басқарма төрағасы Ескендір Майлыбаевтың айтуынша, инвесторлардан тартылған қаржы ары қарай банктің өнімдер тізімін, IT-инфрақұрылымын дамытуға және де клиенттер қорын ұлғайтуға бағытталатын болады.

«Фридом Финанс» компаниясы сабағаттық қолдау көрсететін орналастырымның андеррайтері болып табылады, сондай-ақ, ол маркет-мейкер рөлін атқарып, баға белгіленімін қолдаумен айналысатын болады.

«Біз банк акционерлері мен басшылығының бизнес жүргізудің жаңа айқындылық деңгейіне өтуге деген ұмтылысы мен бағалы қағаздарын тартымды баға бойынша ірі инвесторларға ғана емес, сондай-ақ, жеке тұлғалардың кең тобына ұсынуға деген ниетін барынша қолдаймыз. Қаржы секторындағы жалпы тоқырауға қарамастан, бірегей нарықтық стратегиясы және банк көрсеткіштерінің айрықша өсуі арқасында банк акцияларының құны айтарлықтай өсе алатындығын көріп отырмыз», дейді «Фридом Финанс» ИК бас директоры Тимур Турлов.

Баспасөз мәслихаты кезінде Қазақстан қор биржасы басқарма төрайымының орынбасары Наталья Хорошевская: «Инвесторлардың кең тобы үшін «Астана банкі» АҚ-ның акцияларын бастапқы орналастыру жалпы нарыққа да компанияның өзіне әлбетте оң ықпал етеді. Банктің IPO аясында табысқа жетуі компанияның инвесторлар сенімінен шыға білгендігін және корпоративтік басқарудың жоғарғы деңгейіне өткендігін білдіреді», деді.

Өз кезегінде KASE қор нарығын дамытып, Биржа аясында қаржы мен жаңа эмитенттер тарту үшін эмитенттерге барынша қолайлы жағдайларды ұсынуға ұмтылуда.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»