• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Парламент 08 Маусым, 2017

Сенат конституциялық заңдарға енгізілетін түзетулерді қабылдады

128 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының отырысы өтті. Сенаторлар заңнамаға жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша түзетулерді екі оқылымда қарап, Мәжіліске қайтарды.

Құжат аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің дербес бюджетін, яғни бюджеттің жаңа төртінші деңгейін кезең-кезеңмен енгізуді, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншік институтын енгізуді көздейді. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін қалыптастыру, бекіту және орындау тәртібі заңнамалық түрде бекітіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджет процесін және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқару жөніндегі өкілеттіктері нақтыланып, толықтырылды.

Өзгерістер мен толықтырулар ұлттық холдингтердің және олармен үлестес заңды тұлғалардың меншігін жекешелендіру есебінен Ұлттық қор қаражатын жинақтауды да қамтиды. Квазимемлекеттік сектордың  сыртқы қарыз алуы бойынша шектеулер енгізіледі.

Құжаттың жекелеген ережелері жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді талқылау үшін жергілікті қоғамдастықтың жиындары мен жиналыстарын өткізуге қатысты болып отыр.

Талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлардың ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады. Осылайша, заң жобасының  мына бөлігіне: сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төленетін салық төлемдерінің мөлшері мен тәртібін реттейтін ережелерді нақтылау; Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға қатысты ережелерді нақтылау; Бюджеттік бағдарламаларға, аудандық деңгейдегі қалаларға, ауылдарға, селоларға, селолық округтерге бөлінетін аудандық бюджет бойынша трансферттер мен шығындарға қатысты кемшіліктерді жою және ережелерді реттеуге қатысты өзгерістер енгізу ұсынылды.

Палата Қазақстан мен Ресей арасындағы авиациялық іздестіру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.

Келісім шеңберінде бір тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі өз іздестіру-құтқару ауданындағы авиациялық оқиға немесе оқыс оқиға туралы хабарлама алатыны көзделген, бұл ретте іздестіру және құтқару бойынша барлық қажетті шаралар дереу қабылданады. Көмек кез келген адамға, ол адамның азаматтығына немесе мәртебесіне не оның қандай жағдайда табылғанына қарамастан көрсетіледі.

Бұған қоса, тараптардың іздестіру-құтқару қызметтері бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, мемлекетаралық байланыс арналарын тұрақты тексеру, сарапшылардың өзара сапарлары, іздестіру-құтқару ақпаратын алмасу жолымен өзара іс-қимыл жасайды.

Қазақстан мен Қырғыз Үкіметі арасындағы азаматтарының екі ел аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама да ратификацияланды. Хаттама бір елдің аумағына уақытша келген екінші ел азаматтарын құзыретті органдарда 30 күн ішінде тіркелу міндетінен босатуға бағытталған.

Бір тарап елдің азаматы екінші елдің аумағында 30 күннен артық болған жағдайда, ол азамат сол елдің заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдарда тіркелуге міндетті.

«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына Орталық, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына сайлау үдерістеріне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде өкілеттік қосу ұсынылып отыр.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін үміткерлер бойынша Парламент Мәжілісімен консультациялар  өткізу, сондай-ақ Сенаттың Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қызметке сайлауы және қызметтен босату тәртібін реттеу туралы толықтырулар енгізіледі.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңына тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту мәселелері референдум талқысы бола алмайтынын белгілейтін өзгерістер енгізіледі.

Одан басқа, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Кеңестің шешімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының бастамасы бойынша қайта қарауға жататыны туралы ереже енгізіледі.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды жан-жақты талқылап, қабылдады.

Құжатта еліміздің он бір заңына түзетулер енгізіледі. Енгізілетін өзгерістер ішінде зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларды  тағайындау мәселелерін реттейтін ережелер бар.

Заңға сәйкес, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жасына және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдері және бала тууға байланысты жәрдемақы мөлшерлері 20 пайызға өседі. Жасы бойынша зейнетақы тағайындауда қажет табыстың ең жоғары мөлшері 41-ден 46 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Жұмыс берушіге 5 пайыз көлеміндегі міндетті зейнетақы жарналарын енгізу 2018 жылдан 2020 жылға ауыстырылады.

Мүгедек балалардың ата-аналарына төленетін жәрдемақыны тағайындау процесін оңтайландыру қарастырылған. Атап айтқанда, енді мүгедектікті бастапқы белгілеу жөніндегі медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту кезінде бірмезгілде осындай жәрдемақыны тағайындауға арналған өтінішті «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы бере алады.

Сондай-ақ, заңға бірмезгілде жасы бойынша алатын зейнетақы және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдеріне құқығы бар адамдарға таңдау мүмкіндігін нақтылайтын ережелер енгізіледі. Қызметін доғарған, өмір бойы қамтамасыз етілген судьяларға еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалмайды.

Палата депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Қазақстан Республикасында орналасатын Төтенше және Өкілетті Елші лауазымы бекітіледі, бұл шет мемлекетте жеке шет елдік мекемені ашпай және бюджет қаражатын үнемдей отырып, дипломатиялық қатынастардың жоғары деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің елімізде дипломатиялық өкілдікті, халықаралық ұйымды және (немесе) оның өкілдігін, консулдық мекемені тіркеу, дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларын, жеке мүшелерін, консулдық мекемелердің қызметкерлерін тіркеу тәртібін бекіту құзыреті де көзделеді.

Шет елдердегі мекемелердің басшылары ретінде жұмысқа жіберілетін адамдардың шетелде үздіксіз болу мерзімдері белгіленеді.

Дипломатиялық қызмет органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және оларға сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғаның өкілеттіктері айқындалады.

Депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжатта  ішкі істер органдары тоқтатқан жағдайда жолаушылардың оның рұқсатынсыз көлік құралын тастап кетуіне тыйым салуды алып тастау көзделіп отыр.

Цифрлардың не әріп таңбаларының үйлесімімен мемлекеттік тіркеу нөмірлерін бергені үшін мемлекеттік бажды ұлғайту көзделеді. Көлік құралын ішкі істер органдары қызметкерлерінің талабы бойынша тоқтатқан жағдайда олардың іс-қимылының тәртібі бекітіледі. Атап айтқанда, көлік құралын тоқтатқаннан кейін қызметкер кідірмей оған жақын келуге, өзін таныстыруға, жүргізушінің талап етуі бойынша қызметтік куәлігін көрсетуге, тоқтату себебін түсіндіруге, егер олар пайдаланылған болса, жол жүрісі қағидаларын бұзуларды тіркеген техникалық құралдар мен аспаптар туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Бұдан өзге, заңда көлік құралын тоқтатқан полицияның іс-қимылдарын фотосурет пен бейнетүсірілім жасауға жүргізушіге құқық беріледі.

Заңмен, сондай-ақ жолаушыларды түнгі уақытта тұрақты емес автотасымалдармен тасымалдауға және көлік құралдарындағы аэрографиялық суреттерге тыйым салу алынып тасталады.

Масаң күйде басқаруды алдын алу мақсатында, мас күйінде көлік жүргізгені үшін де,  мастығын куәландырудан бас тартқаны үшін де көлік құралын жүргізу құқығынан айырудың бірыңғай үш жылдық мерзімі белгіленеді.

Депутаттар Парламент Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Парламенті Палаталарының бірлескен комиссиясының мүшелерін сайлады. Комиссия құрамына сенаторлар Асқар Бейсенбаев, Михаил Бортник, Дархан Кәлетаев және Георгий Ким енді.