• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2017

Алып асық және Токомак

358 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанның тартуы болмақ.

Төрткүл дүние көз тігіп отырған халықаралық ЭКСПО көрмесінің ойдағыдай өтуіне еліміздің өзге өңірлерімен бірге облыс жұртшылығы да «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, өнерпаздарын баптап, өнімдерін сақтап, тас-түйін әзір отыр. Облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, Шығыс Қазақстан ЭКСПО көрмесі аясында 22 ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара өткізеді. Өңірдің ең басты мәдени-танымдық шаралары елорданың іргесіндегі «Қазанат» атшабарындағы «Этноауыл» кешенінде өтеді деп жоспарланған. 21 шілде мен 31 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысы ұлттық үлгіде безендірілген 5 киіз үйде Жамбыл облысымен бірлесе отырып «Шығыс базары» атты қолөнершілер көрмесін ұйымдастыратын болады. 23 шілде күні дәл осы жерде шұғылалы шығыстың өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашпақ. Осы күні ЭКСПО қонақтары Тарбағатай ауданының тумасы, әулие Ырғызбай Досқанаұлы кесенесінің шырақшысы Болат Тағабайдың 100 мың асықтан құралған үлкен асығын тамашалайды. Бұл, әсіресе, шет елден келген туристердің таңдайын қақтырары анық. Ұлттық өнердің жанашыры бұл асықтарды 16 жыл бойы жинағанын айтады. «Асық саны 25 мыңға жуықтағанда Гиннестің рекордтар кітабына тіркелу үшін өтініш жаздым. Екі айдан кейін «Асықтың саны жөнінен әлемде сіздің алдыңызға түсетін адам жоқ. Рекордтар кітабына енгізуге болады» деген жауап келді. Гиннестің рекордтар кітабының Астанадағы филиалы мені шақырып, асықтардың енгені туралы сертификатты табыс етті. Асықты жинау бар да, оны сақтау бар. Дұрыс сақтамасаң шіріп кетеді. Шірімес үшін қазандағы қайнаған суға салып, қара тұз қосып, 3-5 сағат қайнатамыз. Тұз асықтың майын сорып алады», – дейді Болат Тағабай. Сонымен қатар бұл күні Шығыс Қазақстанның 28 қолөнер шеберінің теріден, тастан, қыштан, ағаштан, өзге де материалдардан жасалған бұйымдары жұртшылық назарына ұсынылмақ. Облысымыздың халықаралық көрме аясындағы мәдени күндері 25 шілдеде сағат 18:00-де «Амфитеатр» аумағында өтетін «Ақ ертіс» атты гала-концертпен түйінделмек.

Екі айға созылатын көрме кезін­де Астанада еліміздің өңір­лерінің ауыл­шаруашылық өнім­дері­нің жәрмеңкесі өтеді. Шығыс Қазақстанның жәрмеңкесі Жамбыл және Павлодар облыстарымен бірге 1-2 шілде күндері елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінің аумағында ұйымдастырылады деп жоспарланған. Жәрмеңкеде 50 тонна жылқы, 40 тонна құс еті, 30 тонна сүт өнімдері, 40 тонна бал, 35 тонна күнбағыс майы, 30 тонна балық, 10 тонна қымыз бен 7 тонна ұлттық тағамдар, жалпы көлемі 300 тоннаға жуық өнім саудаға шығарылмақ.

ЭКСПО көрмесінде ел назарын аударуға тиіс ерекше экспо­наттардың бірі «Токомак» термо­я­дролық материалтану реак­торының Курчатов қала­сын­да орналасқан Ұлттық ядро­лық ор­талық мамандарының қо­лы­мен жа­салғанын айта кету­дің сәті келіп тұрған секілді. Елі­мізді қойып, дүние жүзі ғалым­дарының қызығушылығын тудырып отырған құрылғы көрме қар­саңында, яғни 9 маусымда Елба­сының қатысуымен іске қосы­лады деп күтіліп отыр. Ұлттық ядролық ор­талықтың бас директоры Эрлен Ба­тырбеков ғалымдар реакторды жасау үшін 14 жыл бойы тер төк­кенін айтады. «Бұл қон­дыр­ғыны жердегі жасанды күн көзі десек те болады. Бұл – энер­гия­­ның таусылмас көзі. Ішін­де қыз­­­дырылған плазмасы бар маг­нит­ті катушкалар орнатылған трой­­дальды камера. Оның тем­пера­турасы бірнеше миллион гра­дусқа дейін жетеді», дейді орталық директоры.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы