• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2017

Ескіні жаңамен, дәстүрді инновациямен

335 рет
көрсетілді

сабақтастыру сәті туды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында отандастарымыздың алдында қоғамдық сана мен рухани құндылықтарды қайта жаңғырту тұрғысынан қандай мін­дет­тер тұрғанын айқындап берді. Қоғам­ның рухани жаңғыруы елдің саяси-экономикалық реформалар мен транс­формациялануы тұрғысынан мемле­кеттің үлкен жетістікпен ілгерілеу кезеңі­нің талабы болып табылады. Байыр­ғы салт негізінде қалыптасқан таным-түсінік пен ой толғау үлгісін ешқан­дай өзгеріссіз сақтай отырып, прог­рестік дамудың даңғыл жолына түсу мүмкін емес. Сондықтан да, барлық бағыт­тағы даму көзқарасының түйінін ескіні – жаңамен, дәстүрді инновациямен сабақтастыру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Мемлекет басшысы жаңғыртуға қатысты өзі ұсынған бағдарламасында тарихымыздың тереңінде жатқан ұлттық құндылықтарымызға ден қою қажеттігіне басымдық берген. Тек жаңа мен ескінің арасындағы диалектикалық қойылым мәселесінде өмірдің заңдылығына сай тамыр жайған дәстүрлердің  ғана алға жылжуының шынайы мүмкіндіктері бар. Өкінішке қарай, біздің қоғамда адамдардың жаңа заман талаптарына сәйкес келмейтін сынаржақ метафизикалық ойлау тәсілі әлі де болса кездесіп жатады. Сондықтан да, Президент өзінің мақаласында мұндай әдісті біржақты дәрменсіздікке балайды. Өйткені, мұндай біржақты ойлаудың себебінен біздің тарихымызда азаматтардың өмірін қайғыға душар еткен көптеген қателіктерге жол берілген. Немістін ұлы философы Гегель айтқандай, дамуда бұрынғыны тек біржақты теріске шығаруға болмайды. Ал диалектиканың заңы бойынша, тек ескірген, жаңа уақыттың талабына сәйкес емес ой түйіндерін ғана принципті түрде бекер деуге болады. Әр халықтың рухани дамуында уақытқа тәуелсіз халықтың құндылықтары болады, мағыналы түрде жаңаша ойлау осындай құндылықтарды бекерге шығармайды. Олардың жаңа ойлармен, жаңа принциптермен диалектикалық түрде сабақтас екені еш уақытта ұмытылмайды.  Тек  бұрынғы тамаша құндылықтар мен жаңа ойлардың, жаңа принциптердің ішкі диалектикалық байланысын дұрыс түсінгенде ғана мағыналы түрде алға жылжу жүзеге асады.  Қазақстан тарихында да, басқа рес­публика тарихында да осы дамудың диалектикалық принципін түсінбеуінің себебінен ұлттардың тарихын, олардың рухани құндылықтарын біржақты бекерге шығарған концепциялар орын алған. Бұл сыңаржақ принциптер бойынша бұрынғының бәрі ескінің қалдығы, жаңа ойлауға қарсы принциптері деп түсінген. Мұндай қате пікірдің шындықпен ешқандай сәйкеспейтіндігі жұрттың бәріне белгілі болды. Өткен тарих беттеріндегі кейбір ақтаңдақтар мен түзелмейтін ауқымды қателіктерге дұрыс ғылыми көзқарас өз тарихымыз бен рухани мәдениетіміздің қалыптасуына жетелейді. Біз қайта құру кезеңінен бері тарих қойнауындағы көптеген тағдырлы сәттер мен қай­- ғ­ы­лы қателіктерді түзеумен айналыса бастадық. Міне, осындай жағдай­лар­дан сабақ алған біз ұлттық рухани құндылықтарға көңіл бөле отырып, Елбасы айтқандай ұлттың ұлт екендігінен, халықтың халық екендігінен хабар беретін «халықтың мәдени кодына» асқан ыждағаттылықпен қарай бастадық. Өйткені, халықтың мәдени кодын мойындамау, оның өмірі мен ұлттық рухын мүлдем мойындамауға алып келеді. Десек те, осы орайда диалектикалық жүріс қажет екендігі сөзсіз. Бірақ, халықтың ұлттық дәстүрі мен рухани, мәдени кодын сақтауға қатысты маңызды мәселені шешуде бұрынғының кейбір құндылықтарын ойсыз дәріптеуге жол берілмеуі тиіс екендігін де ескеру керек. Өткеннің алдында иіліп, бас шұлғи бермейтін кездер де болады. Яғни, мерзімі өткен ұғымдар мен таптаурын ойларды парасат, пайыммен саралай отырып, көңілге қонымды мәдени жетістіктер мен жағымды құндылықтарды заманауи талап пен уақытқа үндестіріп дамуды көздеу қажет. Себебі, өткен тарихтың қойнауына көз салсақ, әртараптанған әмбебап мәдени құндылықтар мен көнерген әдет-ғұрыптар, дәстүрлер де жоқ емес. Оларды бүгінгі заман талабына сай бейімдеп, өзгерту арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды уақыт төрешінің өзі-ақ електен өткізуде. Бүгінгі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен оларды он орап алатын өткен тарихыңмен бәсекеге түсіп, басып оза алмайсың. Сондықтан да, Президент өз мақаласында өткен мен бүгіннің жаңашылдық көзқарасын қабыстыру мәселесіне ғылыми тұрғыда келу қажеттігін астарлайды. «Біріншіден, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншіден, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», дейді Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Сондай-ақ, Елбасы басымдық бере атап өткен тағы бір мәселе – білім беру ісі мен соған қатысты тапсырмаларды жүзеге асыру жайы болды. Қазіргідей заманауи әлемде соны білімге иелік етіп, сонымен жарақтанған адам ғана өзгелерден бір бас жоғары тұратындығы, бәсекеге қабілетті бола алатындығы бәрімізге белгілі. Ғылым-білімге құштар халық қана ғылыми-техникалық, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде тиімді шешіп, дүние тарихында өз соқпағын сала алады. Сондықтан да Н.Назарбаев өз мақаласында білім саласын жаңғырту мен жетілдіру ісінің өзектілігін осындай терең ойлармен түйіндейді. Инновацияның соңғы технология­лары мен өмірдің жаңа талаптары адамдардың жаңаша ойлап, шынайы түсінік қалыптастыруы мен түпнұсқалық біліммен жарақтануын қажет етеді. Ал мұндай қажеттілік білім берудің дәстүрлі ескі әдісімен – оқу материалдарын есте сақтауға басымдық беру, қа­лыпты жалаң жаттауға бейімдеу, ақ­парат алуға бағдарлау, көптеген түрлі жағымсыз жағдайлар мен оларды ең­серуге білім дайындығы сынды түйіт­кіл­дер бүгінгі таңдағы білім беру проце­сін табандылықпен қайта қарауға мәжбүрлейді.  Сондай-ақ, қазіргі уақытта адамға ашықтық пен жасампаз ойлау, проблеманы шешуге шығармашылық тұрғыдан келу қабілеті құнды. Егер кімде-кім жасампаздық қабілетпен түйінді тарқата алса, сол заманауи жаңашылдықтан қорықпай, сенімді түрде алға қадам басады. Сол себептен де Мемлекет басшысы техникалық сала мен гуманитарлық бағытта әлемдегі үздік жүз оқулықты сауатты аудару тапсырмасын алдымызға міндет етіп қойып отыр. Президент «табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек» деп нақты атап көрсетті. Сондықтан да, Н.Назарбаев ағылшын тілін оқып, үйренуге басымдық беру қажеттігіне орынды назар аударуда. Қазақстанның алдында үдемелі даму жолын таңдау мәселесі тұрғанда, ұлы Абай өз заманында қазақ үшін қазақ тілін жетік меңгерумен қатар, орыс тілін білу қажеттігі әлемдік мәдениетке жол салу болып табылатындығын айтқан еді. Бүгінгі таңда заман өзгерді, қазіргі өмір қазақстандықтардан қазақ тілі мен орыс тілін білуді ғана емес (бұл жерде оларды бір-біріне қарсы қоюға болмайды, біз қазақ тілі мен орыс тілін білуді әркез тереңдетуіміз керек), ағылшын тіліне де жетік болуды талап етуде. Қазір ағылшын тілін білуге әлем баса назар аударуда, өйткені, барлық соңғы ғылыми жаңалықтар мен мәдени жетістіктер, технологияның аудармалары, идея мен тың ойлар, ең алдымен ағылшын тілінде жарық көріп, жариялануда. Егер біздің азаматтар, әсіресе, жастар ағылшын тілін білмесе, онда олар ғылыми жаңалық пен мәдени жетістіктерге қатысты білім мен ақпаратты орыс немесе қазақ тіліне аударылғанын күтіп, яғни екінші қолдан алу арқылы қымбат уақытын жоғалтады және кемелді келешегінде көптеген мүмкіндіктерден айырылып қалады. Оның үстіне, қазіргі заман кешігуді кешірмейді. Жасампаздыққа бейім әрбір адам уақыт тынысын қолында ұстап, әлемде орын алып жатқан оқиғалар мен соңғы жаңалықтарға қатысты ақпараттардан да  хабардар болуы тиіс. Міне, бүгінгі күннің осындай талаптарын негізге алған Президент таяу жылдарда басым бағыттарды атап көрсетті. Оның бірі  қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі мәселесі болатын.  Көптеген түркі тілдес көрші мемлекеттер мұндай шешімді бізден бұрынырақ қабылдады. Ал Қазақстан аталған мәселеде асықпады. Латын таңбасына көшуді мұқият дайындықпен жүзеге асыруды жөн деп санады. Десек те, бұл проблема өзінің өзектілігін әлі де жойған жоқ. Өйткені, бүгінгі таңдағы біздің басты талабымыз бәсекеге қабілетті болу. Ол үшін ағылшын тілін еркін меңгеру арқылы заман талабына сай азамат атануымыз қажет. Латын әліпбиіне ауысу ағылшын тілін оқып-үйренуді жеңілдетеді. Себебі, Елбасы әркез табандылықпен ескертіп келе жатқан «латыншаға көшудің логикасы – бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланыс­ты» болып отыр.   Осы орайда, мұндағы әңгіме қазақ тілі мен орыс тілінің арасын алшақтату жайында өрбіп жатпағандығын да айрықша атап өткіміз келеді. Ондай орашолақ пікірді синтездік ойлау болжамы жоқ адамдар ғана пайымдауы мүмкін. Сол сияқты, қазақ тілі мен орыс тілін ешқашан ағылшын тіліне қарсы қоюға болмайды. Ағылшын тілінің мәселесі арқылы қазақ тілі мен орыс тілінің есебі түгенделмеуі тиіс. Қазіргі кезде заман ағымына сай азамат үш тілді жетік меңгергені лазым. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тағы бір түйінді тарқату жайы сөз болып, талқыланды. Қоғамдық сананы жаңғырту мәселесін мұқият жүргізу арқылы өз жерімізге құрметпен қарап, оны ұқыпты ұстау жөнінде айтылды. Негізінен, әрбір халық, әр мемлекет өз азаматтарына патриоттық тәрбие берудің маңыздылығына мән бере отырып, отанға деген сүйіспеншілік сезім мен патриоттық рух қалыптастыру арқылы мемлекетке құрметпен қарауға баулиды. Бұл жерде туған жерге деген сүйіспеншілік «оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деп Президент  дұрыс пайымдады. Сондықтан да Мемлекет басшысы отандастарымызды өз туған жеріне құрметпен қарап, ата-бабаларымыз салып кеткен табиғи экологиялық тұрмыс-салтқа сүйене отырып, дұрыс өмір сүруге шақырады. Қазақстан мен оның алып территориясы – ол жай ғана далалы аймақ, биік тау, көріксіз құмдауыт жерлер емес, ол – қазақ халқының жан әлеміне бастайтын таңғажайып жол. Байтақ даламыздың әрбір сүйем жері қасиет тұнған тарихи орындар. Туған жерге деген сүйіспеншілік, мәдениетке деген құрмет өткенге ұқыппен қарау – кемелді келешекке бастайды деп көзқарасын білдірген Президент өз мақаласында түйінді тарқатудың төте жолын да көрсетеді. Айталық, «Туған жер» жобасын жүзеге асыруда жергілікті жер мен елді мекендердегі тарихи нысандарды танып, білу арқылы ұлттық рухты қалыптастыруға бағытталған болса, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы аясында рухани қастерлі ескерткіштерімізді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруға меңзейді. Мұның бәрі де тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Елбасымыз өз мақаласында елімізді әлемге таныту мәселесін де тарқатып берді. Ол өз сөзінде әлем бізді мұнай ресурсы мен сыртқы саясаттағы ірі бас­тамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де танып, білуі тиістігін айтты. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында саяси, экономикалық, мәдени дамудың сатыларынан өтті. Сөйтіп, біздің еліміз экономикалық жетістіктерімен, Елбасының жаһандық саяси бастамаларымен көпшілікке таныла түсті. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық рухани құндылықтар мен аталған саланы дамытуға қатысты көптеген шаруалар атқарылды. Атап айтқанда, Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, «Халық тарих толқынында» бағдарламасы арқылы еліміздің тұңғиық тарихына қатысты әлемдік деңгейдегі мұрағаттардағы құжаттармен танысып, деректер жүйелі түрде жинақталды. Осылайша, жүзеге асырылған жобалар ұлттық рухани-мәдени тарихымызды танып білуде маңызды қадам болды.  Негізінен, біздің тарихымызда орын алған ақтаңдақтар аз емес. Өйткені, біз себепсіз халық жауы атанған Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды көптеген қайраткерлерімізді білмей келдік. Бүгінде аталған ұлы тұлғалардың еңбектері мәдениетіміздің бір бөлігіне айналып, оларды зер салып оқып-тоқып, ұғыну мүмкіндігін алып отырмыз. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында біздің рухани мәдениетіміз қайта оралып, кемелдене түсті. Егемендіктің елең-алаң кезеңінде де көптеген шаруалар атқарылғандығын және сол кезеңдегі жетістіктерімізді ептеп насихаттау қажеттігін Елбасы ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Сондықтан да, біз қазіргі Қазақстанның қандай екендігін сергек ойдың серпініне салып әлемге паш етуіміз қажет. Халық кең-байтақ жері мен бай ресурсы немесе экономикалық және саяси жетістіктерімен ғана құрметке ие болмайды. Әлем елдері үшін елдегі қалың бұқараның рухани жетістігі мен көзі ашық, саналы азаматтары қызықты. Сондықтан да тәуелсіздік жылдарында республикамызда тек қана саяси, экономикалық, рухани өрлеу ғана жүргізілген жоқ. Жеке тұлғалық қасиетті дамытудың үдерістері де ілгері басты. Ел ішінде белгілі ға­лымдар мен мәдениет қайраткерлері та­быс­ты еңбек етіп, олардың туындыларын кеңінен насихаттаудың да мүм­кін­діктері мол. Ендеше, әлем біздің мұн­дай қайраткерлерімізді танып, білуі тиіс. Жал­пыадамзаттық қоғамның құн­ды­лы­ғы­на айналуы үшін Президент паш еткен идея – қазақстандық ғалымдар мен жа­зу­­шылардың үздік еңбектерін әлем тіл­де­ріне аударуымыз керек. Қазіргі Қазақстан өз тарихынан әркез сабақ ала отырып, эволюциялық даму жолын таңдайды. Біздің жүріп өткен жолымыз бен әдістемелік эволюциялық қозғалысымыз ұлтымыздың біртіндеп дамуына шынайы мүмкіндіктер береді. Н.Назарбаевтың атап өткеніндей, эво­лю­циялық даму дегеніміз тұмша­лау­ды білдірмейді, керісінше, халықтың тарихи жады әлемде болып жатқан жағдайларды байыпты және парасат пайыммен басқаша ойлауға жетелейді әрі оны болашақтың айқын ұғымы ретінде қабылдайды. Қарт тарихтың жаңа дөңгелегі мен  жаңа дәуір жаңғырығында Елбасы еліміздің тарихи жаңаруын жаңа идеяға сүйенген жарқын болашақ үшін бірегей мүмкіндік екендігін атап көрсетті.

Жабайхан ӘБДІЛДИН, Ұлттық ғылым академиясының академигі,  Раушан ӘБДІЛДИНА, Ұлттық ғылым академиясының академигі