Жазушының әңгімесінде уылжыған жас, арманшыл бойжеткен Ғазиза, оның соқыр шешесі мен кәрі әжесінің және көз байланған уақытта үйге кеп ойындағы арамза әрекетін жүзеге асыратын зинақор болыс Ақан мен жағымпаз, қу Қалтайдың бейнесі ғана бар. Айналасынан көрген қорлығы, жалғыз ұлдан айырылудың азабы, басқа да оқиғалар әңгімеде қарт әженің аузымен баяндалады. Осы әңгімені жаңаша зерделеген режиссер Әлімбек Оразбеков инсценировкасында бірқатар өзгерістер жасалыпты. Режиссер «Қорғансыздың күніндегі» қарт әженің аузымен баяндалған оқиғаны тұтасымен сахнаға алып шыққан. Тағы бір қосқан жаңалығы – қораға ұя салған қарлығаштар. Бүгінгі заман өнерінде символдың мәні жоғары. Біз қазір көп дүниені символ арқылы көрсетуге құштармыз. Қарлығаш бұл жерде сенімнің символы. Арманшыл, аңғал Ғазизаның қораға ұя салған қарлығашты көргендегі шаттанысы оның жан дүниесіндегі тазалықтың, адамдарға деген сенімінің белгісі. Әкесі мен қос шешесіне қатар еркелеп жүрген албырт Ғазиза сахнаға осы бейнесімен шықты. Ғазиза бейнесін жас актриса Жұлдыз Ибраева сомдады. Жарық пен қараңғыны, яғни, ізгілік пен зұлымдықты бас кейіпкерлер ретінде сахнаға алып шығу режиссер тапқырлығының көрінісі. Жарық бейнесінде көрінген Жанат Оспанов пен Түнек бейнесіндегі Олжас Жақыпбек драманың өне бойында бүкіл оқиғаларға араласып отырады. Олардың әрқайсысы өмір туралы өз ойларын айтыса жүріп жеткізеді. Әсіресе, әзәзіл бейнесіндегі Түнектің рөлі өте сәтті шыққан. Драмада оқиғалар тез ауысып отырады. Динамиканың жоғарылығы, табиғаттың қаталдығын, кедейдің жамау-жасқау тіршілігін, адамдарға тән қасиеттерді бейнелеуде символдың молдығы байқалады. Кейіпкерлердің әрекеті, сөзі, мимикасы бәрі тылсым бір үндермен астасып сахналанған. Яғни, адамдарды өз сана-сезімі билемесе, жасырын әзәзіл күштер басқарады деген философияға ырық берілген сыңайлы. Заңғар жазушының жазбасы күні батқан, шіріп тозығы жеткен феодалдық қоғамның тұрмыс-тіршілігінен, сол қоғамдағы адамдардың психологиясынан хабар беретін әңгіме. Күштінің әлсізді жеңуі табиғи заңдылық ретінде көркем тілмен әдіптелген. Кейіпкерлердің бәрінің образы тамаша ашылған. «Қорғансыздың күні» драмасында да сәтті образдар бар. Қызығы, мұнда қарау, дүниеқоңыз Дүйсен (Кеңесбай Нұрланов) мен оның әйелі (Сая Тоқманғалиева), қонақ боп келіп қызды қорлау туралы болысқа ой айтқан жағымпаз Қалтайдың (Қасымхан Бұғыбай) жексұрын бейнелері әсерлі шыққан. Бірақ, байқауымызша, режиссер бейнелерді ашуды мақсат етпеген сыңайлы. Адамдарды мәңгі толғандыратын ізгілік пен зұлымдықтың тартысында зұлымдықтың жеңуінің себебін адамдардағы тобырлық қасиетпен байланыстыруға күш салған. Сахнаға көп кейіпкерлер шықты. Бірақ олар бірі көзін жұмса, екіншісі де жұмады, бірі айқайласа, екіншісі айқайлайды, оған үшіншісі қосылады. Олар біресе жанды кейіпкерге, біресе символға айнала жүріп, түрлі оқиғалар барысында адами мейірім, махаббаты кем қуыс кеуде тіршілік иелері екенін ғана көрсетті. Режиссер қорғансыздар тақырыбын ашуда байдың кедейден, не әлдінің әлсізден көрген қорлығын көрсеткен жоқ. Кеудесінде жарығы бар адамдардың тобырдан қорлық көріп, қорғансызға айналатынын не өлім құшатынын бейнеледі. Сахнаның алакөлеңкелігі, кейде тұтастай қараңғылығы, бас кейіпкер Жарық – жігіттің қолындағы шырақты анда-санда ғана тұтатып жүгіріп жүруі, қорғансыз бейшаралардың ит-өмірі, қыздың төгілген абыройы, соңында қорлыққа шыдай алмай ажал құшуы – мұның бәрі қараңғының жарықты жеңуі болса да, режиссер тарапынан ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі тартысын бейнелейтін символ драманың шешуші сәтіне қойылған. Бұл да болса үнемі қараңғылық жеңеді екен ғой деген ойдан арашалаудың бір тәсілі болса керек.
Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан