• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 12 Маусым, 2017

«Батыр мен Абылайханның болашағы алда»

281 рет
көрсетілді

Бірінші орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаевтың IBO International белбеуін иеленгенін сүйіншілей хабарлағанбыз. Канаданың Монреаль қаласында өткен жекпе-жекте ол мексикалық тәжірибелі Косме Ривераны мерзімінен бұрын ұтса, тағы бір жерлесіміз Абылайхан Құсайынов та қарсыласынан басым түсті. Сол бокс кешінде осы былғары қолғап шеберінің жанында ақыл-кеңесімен бөлісіп жүрген еліміздің танымал кикбоксшысы Елмұрат Қайыпжановты көзіміз шалып қалды. Өткен ғасырдағы 90-жылдардың соңына қарай кикбоксингтен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанып, Азия мен Еуропада топ жарған Елмұрат Қайыпжанов соңғы уақытта былғары қолғап шеберлерін даярлауға ден қоя бастаған екен.

– Елмұрат Мұқашұлы, сіздің ел кикбоксингі та­ри­хын­да өз орныңыз бар екенін жақ­сы білеміз. Бірақ жақында сіз­ді кəсіпқой боксшылар Ба­тыр Жүкембаев пен Абы­лай­хан Құсайыновтың жанынан кө­ріп қалдық... – Негізі, біз де спортты сол бокс­тан бастағанбыз. Алматы об­лы­сындағы Еңбекшіқазақ ауда­нына қарасты Нұра ауылында бокс үйірмесіне барып жүрдім. Кейіннен ғой кикбоксингке ауыс­қанымыз. Сондықтан соң­ғы жылдары басымдықты олим­пиялық спорт түріне беруді жөн тауып, жастарымызға аздап қол­ғабыс етіп жүрген жайымыз бар.  – Екі боксшының соңғы жек­­пе-жектеріне қатысты бап­кер ретінде берген бағаңыз қан­­дай?  – Бұл бокс кешіне көпшіліктің көңілі толды. Батыр өзінің шынымен мықтылығын дəлелдей білді. Себебі, оның қарсыласы осал емес еді. Тəжірибелі, əрі ата­ғы да бар. Соған қарамастан, Батыр­дың басымдығы көзге анық көрініп тұрды. Абылайхан да жарады. Жас бола тұра кəсіп­қой боксқа кездейсоқ келмегенін аң­ғартты. Екеуі де дарынды. Батыр­дың жойқын соққылары, жыл­дам­дығы шетелдік мамандар тара­пынан да ескерусіз қал­ған жоқ. Абылайхан да сол аға­сы­ның ізін басып, жаңа белес­тер­ді бағындыруға ұмтылып келеді.  – Батырмен таныстық қалай басталған еді?  – Спортқа жанашыр бауыр­ларымыздың арқасында «осы салада жетістікке жетсем, ел абы­ройын асқақтатсам» деген жастарымыздың қасынан табыл­дық. Батырмен үш-төрт жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Кейіннен бұл қатарға Абылайхан да қосылды.  Геннадий Головкин, Қанат Ислам, Жанқош Тұраров секіл­ді бірталай боксшылары­мыз мұхит асып, қазақтың жуан жұ­дырығының әлеуетін байқатып жүр. Мақсат жастарымыз да сол ағаларының жолын қуса екен дейміз. Бұлар ізбасар інілеріміз ғой. Бұрындары батырларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел үшін, жер үшін қасық қаны қалғанша күрессе, бүгінгінің батырлары қазақтың атын жер-жаһанға та­нытсақ дейді. Рас, бүгінгі күнде әлем Қазақстанды білім, өнер және спорт сала­ла­рындағы тола­ғай табыстары мен береке-бірлігі арқылы танып, мойындай бастады. Ендеше, осы бағытты ұстанғандарға неге көмектеспеске?! «Ағайынның аты озғанша, ауылдасыңның тайы озсын» дейді ғой қазақ.  – Кəсіпқой бокста тағы кім­дерге қолдау көрсетіп жүр­сіз?  – Асқат Уəлихановтың аяқ алысына қуанамыз. Одан бөлек, Қанат Ислам мен Жанқош Тұ­ра­ровқа қолдан келгенше қолдау көрсеттік алдағы уақытта да кө­мек­тен аянайын деп отырған жоқпыз.  – Кез келген кəсіпқой бокс­шы атақ-даңқпен қатар мол табысқа кенелгісі ке­ле­рі анық. Жалпы, Батыр мен Абы­лайханның алдына қой­ыл­ған басты міндет қандай?  – Бүгінге дейін Батыр тоғыз кездесуінің сегізін мерзімінен бұрын аяқтады. Бастамасы жаман емес. Дегенмен, осы жетістіктің өзіне дандайсып кетпеуі керек. Негізі, Батыр да, Абылайхан да өте қарапайым жігіттер. Батыр аты аңызға айналған Мұхамед Əли, Мэнни Пакьяо немесе Майк Тай­сон секілді былғары қолғап шеберлерінің жетістіктеріне жетсе, соған ұмтылса дейміз. Ең бас­ты­сы, бұлардың көздерінде от бар, екеуінің де болашағы алда. Тек, еңбекқорлықтан танбау керек.  Кезінде өзімнің де күніне үш-төрт сағат қана ұйықтап, жаттығу жасаған кездерім аз болған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы залдан табылатынбыз. Соның арқасында Еуропада, Азияда үздік болдым. «Мені жеңетін қазақ əлі туған жоқ», деп жар салған əйгілі кикбоксшы Шабан Шадмановты да Еуропа чемпионатының финалында жеңдім. Үш рет əлем біріншілігіне қатысып, қола жүлдегер атандым. «Қоянды қамыс, ер жігітті намыс өлтіреді» деп айтады. Бізді де алға, жаңа жетістіктерге жетелеген – намыс. Енді біздің інілеріміз Серік Қонақбаев ағалары секілді өздерінің есімдерін бокс жылнамасына алтын əріптермен жазып қалдырса дейміз.  – Батыр мен Абылайханның жекпе-жектері шет елдерде өте­ді. Ал жаттығу жұмыстары жол­ға қалай қойылған?  – Əлгінде айтқандай, спорт­қа бейжай қарамайтын аға­ла­рымыздың арқасында жат­тығуларына барып тұрамыз. Кезде­су­лер алдында осы бокс­шыла­ры­мыздың қасынан табылып, білген-түйгенімізбен бөлісіп, ақыл-кеңесімізді береміз. Бұл ба­лалардың болашағына қатысты жоспарлар аз емес. Алла сəтін салса, жастарымыздың əлемдік дең­гейде танылуы жолында көп­теген жұмыстар істейтін бола­мыз. Арық айтып, семіз шық­қанға не жетсін! Іні­ле­ріміз біз ба­ғындыра алмаған асулардан асса екен деп тілейміз.  – Сіздердей қамқоршы ағалары барда, олар əлі талай жетістікке жетеді деп ойлаймыз. Əңгімеңізге рахмет. 

Мадина АСЫЛБЕК, журналист АСТАНА