• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Футбол 12 Маусым, 2017

Мықтының мысы басты

353 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстанның Ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында Дания елінің құрамасын қабылдап, өкінішке қарай 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Өткен жылы осы елдің құрамасымен өткен алғашқы матчта да футболшыларымыз 1:4 есебімен есе жіберген болатын...

Дания құрамасы біздің команданы тымақпен ұрып алды деп айтуға ауыз бар­майды. Бірінші таймда Қазақ елінің құрамасы өзінен шеберлік деңгейі әлдеқайда жоғары  ұжымға қарсы тең дәрежеде өнер көрсетті. Де­ген­мен, қонақтардың шабуылы жиі әрі қауіптірек болды. Соның айғағындай, матчтың 27-минутында дат шабуылшысы Николай Йоргенсон есеп ашты. Біз­­дің футболшылардың есепті теңестірер бірнеше мүм­кіндігі болған. Бірақ, шабуылды түйіндейтін ше­шуші сәтке келгенде ойын­шыларымыздың ойлағаны іске аспай-ақ қойды.  Бірінші таймның бі­туіне екі минуттай уақыт қалғанда құрамадағы көш­басшы ойыншылардың бірі Бауыржан Исламхан дөрекі ойыны үшін  алаң­нан қуылды. Мақтап жүр­ген капитанымыз әуе­де болған доп үшін талас­та дат ойыншысы Вил­льям Квистің жағынан шын­тағы­мен ұрған еді.  Капитаны қуылып, адам саны кеміп қалғаннан кейін Қазақстан құрамасының ойынынан мән кетті. Бұл аздай-ақ,  кездесудің 50-минутында қорғаушыларымыз өз айып алаңында Юссуф Поульсенге қарсы тәртіп бұзып, төреші біздің қақ­паға 11 метрлік айып до­бын белгіледі. Кристиан Эриксен пенальтиден мүлт кетпеді. Ресейлік төреші Владислав Безбородовқа артар өкпе жоқ. Шешімінің бәрі де дау тудырмайтындай әділетті болған еді.  Негізі, Дания футбол­шыларының біздің қақпаға допты қарша боратарлық талай мүмкіндігі болды. Бірақ әбүйір болғанда, соққылардың көбі қақпадан қиыс кетіп жатты, кейбіріне қақпашымыз Лория тос­қауыл қоя білді.  Екі доп енгізіп, көңілдері жайланған соң қонақтар сәл босаңсып, сылбырлық танытқан сәттің бірінде Исламбек Қуат қарсы қақ­падан саңылау тауып, жауап гол соққан болатын. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Алаңға ойыншы алмастырып шыққан Кас­пер Дольберг ойынның 81-ми­нутында есептегі екі гол айырмашылықты қайта қалпына келтірді. Жалпы, бұл ойында біздің Лория қорғаған қақпа торында алты бірдей доп тулаған болатын. Алайда, оның үшеуін төреші ойын­нан тыс соғылды деп са­намай тастады.  Обалы нешік, біздің футболшылар ойыншы са­ны­ның аздығына қара­мастан, намысқа тырысып, азу көрсетіп бақты. Бірақ та, деңгейі жоғары қарсыластың алдында қажыр-қайрат һәм техникалық тұрғыда өзінің әлсіздігін амалсыз мойындады. Сонымен, ресейлік маман Александр Бородюк баптаған Қазақстан құрамасы қатарынан үш ойында жеңілістің ащы дәмін татты.   Енді, Қазақ елінің футболшылары іріктеу тур­ниріндегі келесі ойын­ды 1 қыркүйек күні Чер­ногория ко­ман­дасымен өз ала­ңын­да өткізеді. Аталған қар­сыласпен арада өткен бірінші кездесуде біздің футболшылар 0:5 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Қазақстан – Дания – 1:3 (0:1) Николай Йоргенсен, 27 (0:1). Кристиан Эриксен, 50   пенальти (0:2). Исламбек Қуат, 76 (1:2). Каспер Дольберг, 81 (1:3).

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»