Сапар мақсаты көрші жатқан Ресейдің Челябі облысымен бизнес-ынтымағын кеңейту, экспорт мәселесін қарап, сыртқы нарықтың тиімділігін арттыра түсу болатын.
«Басты мақсат екі жақты жобаларды жүзеге асыру, ынтымақтаса жұмыс істеуді дамыту болып отыр. Челябі облысының әлеуетін біз пайдалануымыз керек. Ол арқылы басқа өңірлерге шығатын боламыз. Осы жолы Челябиіліктермен Қытай нарығына бірлесіп шығу мәселесін талқыладық» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Көрші облыстар барынша экономикалық тиімді жұмыс істеуге мүдделі. Екі жақ күнбағыс майын өндіру туралы ірі жобаны қарастырды. Тек Қостанай облысында өндірілген шикізат жетімсіз болғандықтан, Челябі облысымен бірлесіп жұмыс істеу керектігі айтылды. Ал Челябі облысындағы қайта өңдеу кәсіпорындарына жетімсіз шикізаттар Қостанайдан алынатын болады.
Кездесуде екі мемлекеттің басшылары қатысуымен өтетін ХІҮ өңіраралық экономикалық форумға дейін шешімін табуға тиісті логистика, бірлескен жәрмеңкелер, ауылшаруашылығындағы қуатты жобалар туралы мәселелер де қаралды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ