• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2017

Солтүстік Қазақстанда 2094 жер үй тұрғызылады

128 рет
көрсетілді

«Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы  «Солнечный» ықшам ауданында алғашқы 72 үйдің құрылысы басталды. 

Баспананың бір шаршы метрі 100 мың теңгеден аспайды. Үлескерлер оның бекітілген эскиздерін өз қалауларымен таңдай алады.

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша,  ауқымды жобаны жергілікті  құрылыс компаниялары бірыңғай архитектуралық үлгіде салып береді. Негізінен отандық материалдар пайдаланылады. Үш жылға дейін сапа кепілдігі беріледі. Кейін баспаналарды орталықтандырылған жылумен қамту мәселесі қарастырылатын болады.

«Солнечный» кентіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар  тарту үшін ел қазынасынан 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен жаңа салынатын үйлердің ішіне су, электр желілері тартылып, автомобиль жолдары төселеді. Үйді үлескерлердің өздері де салуға болады.

Жер үйлер «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатып алынады. Бұл жерде клиенттің төлем қабілеті алдымен ескеріледі.  

«Жер үйді сатып алу үшін заемшының шотында қажетті соманың 30 пайызы болуы тиіс.Қалған соманы банктен арзан несие түрінде қарызға алуына болады. Сондай-ақ, жалақы аз болған жағдайда жақын адамдардан кепілгерлерді тарту жайы да қарастырылған», дейді банктің СҚОФ бойынша директоры Райхан Әбдірахманова.

Болашақта «Солнечный» шағын ауданында барлығы 2094 жер учаскесіне жеке тұрғын үй салу жоспарланып,  500 адамнан өтініш қабылданған.

Өмір Есқали, «Егемен Қазақстан»