• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Парламент 12 Маусым, 2017

Сенат комитеті 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын талқылады

143 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Үкіметтің және Республикалық есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері қаралды.

Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, Сенаттың жұмыс топтары мен комитеттерінде бюджеттің атқарылу қорытындылары жан-жақты талқыланды.

Сенаторлар негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет үдерістерін жетілдіруге қатысты сауалдар қойып, ұсыныстарын айтты. Министрліктің мәліметтерінше, 2016 жылы бюджет түсімдері 100,2 пайызға орындалып, 7 триллион 760 миллиард теңгені құрады, шығыстар 8 триллион 501 миллиард теңге, немесе 98 пайызға шықты. Бюджет тапшылығы 741 миллиард теңгені құрады немесе Ішкі жалпы өнімнің 1,6 пайызы болды.

Республикалық есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкіметтің есебі туралы мекеменің қорытындысымен таныстырды.

Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов 2016 жылғы ақша-несие саясатын іске асыру қорытындылары туралы депутаттарды хабардар етті.

Сенаторлар Рашит Ахметов, Сергей Ершов, Ерболат Мұқаев, Қайрат Ищанов, Серік Жақсыбеков, Бекмырза Еламанов талқылауға қатысты. 

Депутаттардың сауалдарына қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және министрліктер мен мекемелердің басқа да өкілдері жауап берді. Пікірталас қорытындысы бойынша Үкіметтің және Республикалық есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептерін Палата отырысында қарау туралы шешім қабылданды.