• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 12 Маусым, 2017

Назарбаев мектептері Нидерландыда аккредиттелді

178 рет
көрсетілді

Нидерландыдағы халықаралық мектептер кеңесінен (CIS) қос құттықтау хаты келді. Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы және Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы білім беру ошақтары халықаралық аккредитациядан өтті.

Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің төртеуі аталған халықаралық кеңестің құрамына кіреді. Беделді мәртебе қазақстандық мектептердің халықаралық жоғары санатты стандартқа сәйкес келетіндігін көрсетіп отыр. Жалпы, аккредитациядан өту үдерісі ұзақ әрі ауқымды жұмыс жүргізуді талап етеді. Айталық, арнайы бақылау комиссиясы аккредитациядан өтуге ниет білдірген мектепте тікелей бақылау жүргізеді. Сәуір айында Халықаралық мектептер кеңесінің Англия, Германия, Ресей, Әзербайжан, Йордания, АҚШ және басқа да мемлекеттердің өкілдерінен құралған тобы Семей мен Өскемен қалаларында жұмыс істеді. Олар мектептің басқару жүйесін, мұғалімдердің кәсіби білім беру машығын, мектептің күнделікті тыныс-тіршілігін зерделеп, өз бағаларын берді. Семей және Өскемен қалаларының мектептері «Өмірлік құндылықтар», «Оқыту және үйрету», «Басқару және көшбасшылық», «Кәсіби құрам және техникалық маман», «Қолжетімді білім», «Операциялық жүйе», сондай-ақ шет тілдерді білу сынды санаттардың барлығынан сүрінбей өтіп, жоғары талаптарға сәйкес келетіндіктерін дәлелдеді. «Назарбаев зияткерлік мектептерінде ынталы оқушылар оқиды. Білімге деген талпыныстарына тамсанып отырмыз» деді Халықаралық сарапшылар кеңесінің жетекшісі Дэвид Джонсон.

Зияткерлік мектептердің жаңа мәртебесі педагогикалық ұжым мен оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан алдағы жылдарда Назарбаев зияткерлік мектептерінің барлығын аккредитациядан өткізу жоспарланып отыр. Қазақстандық мектептердің таңдаулы білім беру ұйымына мүше болуы отандық білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға деуге болады. Себебі білім саласындағы соны жаңалықтар мен жоғары стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған бұл кеңес әлемдегі танымал ұйымдардың бірі. Клубқа әлемнің көптеген елдерінің үздік мектептері мен білім беру кешендері қабылданған. Сонымен қатар ұйым әлемнің үздік 50 университетімен ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл университеттер аккредиттелген мектеп түлектерін оқытуға мүдделі.