• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 13 Маусым, 2017

Көрме қалашығында − көзайым жобалар

241 рет
көрсетілді

Кеше ЭКСПО-2017 қалашығы аумағында бірнеше мем­ле­кеттің павильондарының ашылу салтанаты болды.

Мұхит жағасындағы Монако

Монако – мұхиттың жаға­сын­да орналасқан мемлекет. Содан болар, павильонын мұхит тақы­ры­бына арнаған. Оған кірген бой­да су астына сүңгігендей күй кешесіз. Ал төбеде айнамен қап­тал­ған колонналар қозғалып, тө­­мен­нен түсетін проекциялық фильм көрсетілгенде теңіздің ас­ты­мен де, үстімен де жүріп өтіп, Мо­на­коның өзіне сапар шеге­сіз. Одан кейін дүрбі іспеттес құрыл­ғы­­лардың көмегімен қала көше­ле­рі­мен «серуендеуге» мүмкіндік бар.

Монаконың территориясы ша­­ғын болғанымен, xалқы көп. Бү­­гінде мемлекет басшылығы мұхит үстіне шағын қалашықтар салу жобаларын іске асырып келеді. 1950 жылдан бері сондай төрт ауқымды бастама қолға алынған екен. Енді тағы бір арал іспеттес шағын аудан құрылысын қолға алған. «Offshore Project» жобасының аумағы 6 гектарды құрайды. «Жобаның құрылысын 2025 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Оны іске асыру барысында арнайы бағаналар қағылып, бетон құйылады. Соның негізінде жаңа шағын аудан бой көтереді. Теңіз суы да ластанбайды. Барлық жұмыстар экологиялық таза болады. Ол жерде қонақүйлер, тұрғын үйлер мен бизнес орталықтар салынады. Шағын аралдың ауданы үлкен болмаса да, ел экономикасын айтарлықтай дамыта алады деген сенім бар», дейді гид Ардақ Жантас.

Бір қызығы, Монаконың па­вильонында қазақстандық вело­ша­бандоз Александр Виноку­ров­тың қаражатымен құрасты­рылған велосипед те тұр. Күн энер­гиясымен жүретін қос доң­ға­лақ­тыны монаколық студенттер құ­растырыпты.

Би мен анимация үйлесімі

ЭКСПО-2017 көрмесінде там­шылатып суару әдісін ойлап тапқан елдің мамандары па­вильондарын таныстырды. Из­раиль инновациялық технология саласында көшбасшылардың қа­тарында екені белгілі. Алай­да, «Жасампаздық энергиясы» тақырыбындағы еншілеген айма­ғы айтарлықтай үлкен емес. Бір мез­гілде павильонды 100 адам ара­лай алады. Екі залда қонақтарға көркем мультимедиалық шоуды тама­шалау мүмкіндігі жасалған. «Энер­гия елі» шоуында баламалы энер­гетикадағы израильдік ноу-хау­мен егжей-тегжейлі танысуға болады.

Шоу өткен ғимарат 2400 LED-шамдармен және 150 шаршы метр айнамен жабдықталған. Меймандар павильонға кірген кезде хореографиялық шоумен көм­керілген энергияның шексіз ағымы арасында жүргендей әсер алады. Мұнда би мен анимацияның өзара үй­лесім тапқанын аңғарасыз. Шоу­да көпшілік жасампаздық энергиясының құдіретін сезіне алады.

«Израиль табиғи ресурстарға бай емес, бірақ баламалы ресурсқа иелік етеді. Бұл, бірінші кезекте, адами ресурс, яғни осы бағытта Израиль қомақты инвестиция салуда. Біздің барлық жетістіктеріміз Израиль адамдарының жасампаз дағдыларының арқасында мүмкін болды», деді павильон комиссары Элазар Коэн.

Бүгінде Израильде 200-ден астам жоғары технологиялық компания жұмыс істейді. Олар «жасыл» энергетика саласында, яғни күн, жел және биомасса бағытында бірегей шешімдер жа­сауда. Тағы айта кетерлігі, қазіргі таңда аса танымалдыққа ие тамшылатып суару әдісі ал­ғаш рет 1959 жылы Израильде пай­да­ла­нылған еді. Соңғы жылдары олар электр энергиясы мен су үнемдеу технологиясына қомақты қаржы инвестициялады.

Татар мәдениетімен таныстырды

Кеше көрмедегі Ресей Феде­ра­циясы ұлттық секциясында Та­тарстан бөлімі ашылды. Сал­та­натты рәсімге ел президенті Рустам Минниханов қатысып, сөз сөйледі. «Бұл – әлемдік деңгейдегі оқиға. Астанаға күллі дүние көз тігіп отыр. Энергия мәселесі – өмір­дің барлық қажеттіліктері үшін аса маңызды. Мұнда ең за­манауи технологиялар мен әдіс­тер жиналған. Әрине, жоба ау­қымды әрі күрделі. Жарты жыл бұрын осында келгенде, «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ  Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов маған құрылыс пен дайындық жұмыстарын көрсеткен еді. Соңғы жартыжылдықта атқарылған жұ­мыс­тардың барлығы – ғасырлар бойы мақтануға тұрарлық біре­гей ескерткішті тұрғызған адам­дардың орасан зор еңбегі. Мұның барлығы Қазақстан халқы үшін қызмет етеді», деді Р.Минниханов.

Басқосуда Татарстан мем­ле­кет­тік ән-би ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар, интерактивті және мультимедиалық жабдықтар арқылы он беске жуық ірі компаниялары таныстырылды. Олардың қатарында «Татнефть» АҚ, «ТАИФ» компаниясының тобы, «КА­МАЗ» КАҚ, «Татэнерго» АҚ және Қазан мемлекеттік энергетика университетінің жұмыстары бар. Апталық барысында «Жаңа энер­­гетика, инвестициялар және се­рік­­тестік» атты конференция өтпек.

Осы күні елордадағы «Family Village» қалашығында Қазан хан­дығының ханшайымы Сүйін­бике атындағы көше ашылды.

Елордаға 30 метрлік орамал келді

Киевтен Астанаға қолдан тігілген 30 метрлік орамал жет­кі­зілді. Рекордты ұзындықтағы шәлі­ні мамандар көрме барысында өте­тін Ұлттық күндері үшін дайын­даған. Ал оған 20 келі жіп, 30 метр мата пайдаланылған екен. Шеберлер кестелі орамалды тігуге екі апта уақыт жұмсапты. Алайда, олар өз туындыларын рекордтар кітабына енгізіп үлгерген жоқ. Себебі, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін Украина Ұлттық күндерінде ең ұзын оюлы матаны жұртшылық назарына ұсынуға асыққан.

Оксана Дикая мен оның әріп­тес­теріне кестелі орамалды дай­ын­дау оңайға соқпаған көрінеді. Ты­нымсыз еңбектенсе де, сим­ме­т­риялық оюларын тігу біраз уақыт алған. «Біздің шеберлер уақытпен санаспай жұмыс істеді. Олар орамалды биіктіктен көрінетіндей ауқымды және дәстүрлі бояу – қызыл, қара түстердің қанық болуына аса мән берді», дейді Богдан Хмельницкий фабрикасының шебері О.Дикая.

Астанада өтетін халықаралық басқосуда украиналықтар қол­өнер туындыларын ғана емес, ұлттық өнерін де көпшілік назарына ұсынады. Украинаның Қазақстандағы уақытша сенім­ді өкілі Владимир Джид­жо­раның айтуынша, олар ұлттық мерекелерін естен кетпес сәт­терге толтырмақ және қонақ­тарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаймыз деген ниетте.

Украинадан келген алғашқы делегацияның құрамы 15 адамнан тұрады. Жазғы маусымда кем дегенде тағы екі топты әкелуді мақсат етуде. Алдын ала болжамдарға сүйенсек, ЭКС­ПО-2017 көрмесіне екі мыңнан ас­там украиналық қонақ келеді. Алғашқы делегация қайтқаннан кейін, олардың қатары еселеп артуы мүмкін.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»