Экологиялық жүйенің біртұтастығын сақтай отырып, дамудың барлық бағытында экономикалық өсуді негізге алатын Біріккен Ұлттар Ұйымының көрме алаңы салтанатты түрде ашылды. «Жасыл» экономика қағидаларын оңтайландыратын соны технологиялар тізбегі мен жаңа идеяларды ұсынатын 17 дүниежүзілік ұйым павильонын кез келген уақытта тамашалай аласыз.
«Бұл Париж келісімшарты мен 2030 жылғы климаттың өзгеруіне қарсы межені орындауға мүмкіндік береді. Негізгі назарды нақты шешімдерге аударамыз», деді БҰҰ-ның ЭКСПО-дағы Бас комиссары Жиһан Сұлтаноғлы. Сондай-ақ, ол 2030 жылға дейін арзан әрі таза энергиямен температураны 1,5 градустық индустрияға дейінгі дәрежені бір мезгілде қамтамасыз етудің маңыздылығын айтып өтті. Қуат көзі әлемдік экономикалық дамуда аса маңызға ие және барлық даму салаларының негізі.Әлемдегі алып энергия көздері санатындағы көмір, мұнай және табиғи газды үнемі қолдану нәтижесінде ғаламдық жылыну процесі үдеп келеді. Мамандардың пікірінше, тұрақты қуат көздерінің арқасында мемлекеттер экологиялық таза экономика құра алады, деген бас комиссар табиғи капиталды қорғап қалу мен сақтау экономикалық өсуді қамтамасыз ете алады сипатындағы тұжырымдамалардың көкейкесті мәселеге айналғанын айтты.
Таныстырылымда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттыру барысындағы кешенді механикаландыру, химияландыру және мелиорациялау маңызы туралы айтылды және шөлейтті алқаптарды суармалы егіске айналдырудың тың тәсілдері ұсынылды. Мамандардың айтуынша, мелиорациялық жағдайы нашар алқаптарда топырақты сорланудан, батпақтанудан сақтайтын негізгі әдіс – инженерлік жолмен қазылған терең коллекторлы-кәрізді жүйелер арқылы жер асты суының ағымын жасау болмақ. Жаңаратын энергетика мен тиімді энергия саласында маңызды жаңалықтарға қол жеткізу үшін инвестицияларды шоғырландыру тұрғысындағы зерттеу нәтижелері ғалымдарға таптырмас әдістер жиынтығы болады. Көрме кезінде аталған ұйымдар қалпына келтірілетін және тиімді қуат көздерін дамыту бойынша маңызды жаңалықтармен бөлісіп отыруға уағдаласты.
Өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрмеге халықаралық қоғамдастық тарапынан қызығушылық жоғары екенін айта келіп: «Бұл павильонның ашылуы үшін ауқымды жұмыстарды іске асырдыңыздар. БҰҰ-ның мекемелері біздің көрмеге белсенді қатысып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе», деп ризашылығын білдірді.
Әлемдегі газ бен мұнай өндірісіндегі жетекші мемлекеттердің бірі Қазақстан алдағы жарты ғасырда 50 пайыз қайта қалпына келтірілетін қуат көздерін пайдалануды мақсат етіп отыр. БҰҰ-ның қолдауымен елімізде соңғы бес жылда муниципалды ғимараттарды жылытуға кететін жылдық қуат 45 пайызға қысқарып отыр. Айта кетелік, БҰҰ-ның ЮНИДО, ЮНЕСКО, МАГАТЭ, БҰҰ ДБ, ЭСКАТО, ЮНИСЕФ және Баршаға арналған тұрақты энергетика сынды бірлескен ұйымдар желісі көрме аясында экологиялық тиімділік, ресурстарды үнемдеу қағидалары бойынша түрлі шаралар ұйымдастырады.
Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»