«Бүгінгі күні қоғамдағы өзекті проблеманың бірі – ата-аналар және басқа да ересектер тарапынан кәмелетке толмаған жасөс- пірімдерге зорлық-зомбылық жасалуы.
Қазір мектептерде, отбасыларда, қоғамдық орындарда кішкентай балаларды ұрып-соғуды, оларға әлімжеттік жасауды ашық көрсететін бейнежазбалар интернет арқылы таратылып жатыр. Олардан бұқаралық ақпарат құралдары да қалысар емес. Осындай теріс насихаттың да салдарынан болар, соңғы кезде үлкендер тарапынан балаларға көрсетілген зорлық-зомбылықтың қайғылы оқиғалары жиілеп барады. Солардың ішінде, әсіресе, өгей шешесінің қолынан қаза тапқан 11 жасар Өркен Азаматұлының аянышты тағдыры естіген жұрттың жағасын ұстатты.
Қоғамда балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің орын алуына ата-аналар мен ересектер арасында түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, бұқаралық ақпарат құралдарының сенсация қуушылығы, интернеттің теріс әсерінің артуы, жалпы, өскелең ұрпақтың әлеуметтік-мәдени өмірінің өзгеруі ықпал етеді. Сонымен қатар, халықтың кей топтарының құқықтық, моральдық, экономикалық жағынан әлсіз қорғалуы да ерлі-зайыптылардың өздерінің арасындағы және ата-аналар мен балалар арасындағы кикілжіңдердің пайда болып ушығуына, ал мұның аяғы бейкүнә бүлдіршіндердің қатыгездік құрбанына айналуына әкеліп соғуда. Осы ретте, жастайынан қысым мен зәбір көріп, психикасына зақым келген бала ертең өсе келе айналасындағы әлеуметтік ортаға қауіп тудырмай ма деген заңды сұрақ туындайды.
1994 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасы ратификациялаған Бала құқықтары туралы конвенцияның толық мүшесі болғандықтан, аталған мәселелер толығымен біздің ортамызда орын алмауы тиіс деп есептеймін.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты төмендегідей ұсыныстар енгіземіз:
– қолданыстағы заңнамада отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік, негізінен, әйелдерге қатысты қарастырылған, ал балаларға қатысты зорлық-зомбылық жете ескерілмеген. Осыған орай, ата-аналар мен ересектерге олардың балаларға көрсететін зорлық-зомбылығы үшін жауапкершілігін күшейту мәселесін заңнамалық тұрғыдан пысықтау қажет деп санаймыз;
– жалпы білім беретін оқу орындарының қызметкерлері – мұғалімдер, сынып жетекшілері, психологтар ішкі істер органдарының өкілдерімен бірлесе отырып, сабақтан тыс уақытта қараусыз қалатын балаларды және жайсыз отбасылардың балаларын анықтап, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені, жауапсыз ата-аналар тарапынан балаларды үйде қараусыз қалдырып, тіпті сыртынан құлыптап кету салдары қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырып жатады. Сондықтан, «Көршілер бақылауын» күшейту және тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінен жедел әрекет ету топтарын құру қажет. Бұған қоса, «Мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған әрекет ету» бағдарламасының аясын кеңейту мәселесін де қарастырған жөн;
– интернеттегі балаларға қатысты порнографиялық сайттарға тыйым салу және балалар қолданатын коммуникация құралдарына «Ата-ана бақылауы» бағдарламасын орнатып, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық туралы «сүйінші сұрағандай» тұрғыда хабарлап қана қоймай, осы көкейкесті мәселеге алаңдаушылық білдіріп, жұртшылыққа ой салуы қажет деп ойлаймыз. Осы орайда, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін республикалық және өңірлік телерадиоарналарда отбасылық құндылықтарды дәріптеуге шақыратын әлеуметтік роликтер көрсету мүмкіндігі де қарастырылғаны жөн;
– тиісті мемлекеттік органдар тарапынан осы өзекті мәселеге жүйелі көзқарастың болмауы, балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылыққа салғырт қарау, оңалту орталықтарының тек зардап шеккен балалар шоғырланған жерлерде ғана ұйымдастырылуы ойландырмай қоймайды. Балалар мен жасөспірімдерді қатыгездіктен қорғау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына құқық қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, әлеуметтік және педагогикалық сала мамандары, медицина қызметкерлері және психологтар бірлесе атсалысулары керек. Бұл Үкімет тарапынан кешенді шаралар қабылдауды талап етеді».