– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуына санаулы ғана уақыт қалды. Реформаны енгізуге деген қажеттілік неден туды? Оның басты артықшылықтары қандай деп ойлайсыз?
– Кез келген мемлекет қанша бай болса да, азаматтардың медициналық қызметтерге деген сұранысын толық қанағаттандыруға қауқарсыз. Себебі, денсаулық сақтау саласы өте көп ресурсты қажет ететін және жыл сайын шығыны артып отыратын сектор. Бүгінгі таңда әлемде медициналық көмек көрсетудің бірнеше үлгісі бар. Оның бірі – сақтандыру медицинасы. Екіншісі – Израильде ұтымды қолданылып жүрген аурухана кассасы. Ал, Ұлыбритания мен Италия мемлекеттік медицина үлгісін пайдаланады. Осы жүйелердің қай-қайсысында да азаматтар медициналық шығынның белгілі бір бөлігін төлейді.
Мысалы, Қазақстанда соңғы 20 жылда мемлекеттік медицина үлгісі қолданылды. Денсаулық сақтау саласы бір ғана көзден – бюджеттен қаржыландырылды. Өкінішке қарай, мемлекеттен бөлінетін қаражат медицинаны дамытуға жетпейді. Олай дейтін себебім, әлемде жаңа технологиялар үздіксіз пайда болуда, медицина саласына инновациялар көптеп енгізіліп жатыр. Қазір науқасты емдеуге кететін шығын бұрынғыдан бірнеше есе артты. Сондықтан жаңа технологияларды енгізбейінше, медицинаны дамыту мүмкін емес. Біз адамдардың өмір жасын ұзартқымыз келеді, онкологиялық сырқаттарды емдегіміз келеді. Бұл үшін, әрине, көп қаражат қажет. Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 3-ақ пайызын құрайды, ал АҚШ-та 16-17 пайызға жетеді. Осы проблеманы шешудің бірден-бір жолы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру.
Бұдан былай ұлт денсаулығы үшін мемлекет қана емес, азаматтар мен жұмыс берушілер де жауапты болады. Бұл жерде біреу болмаса біреу «мен көп ауырмаймын, бірақ не үшін басқа адамдар үшін ақша төлеуім керек» деуі мүмкін. Бірақ біреу дәрігердің көмегіне жылдап жүгінбесе де, біреуге ағза алмастыру қажет болуы заңдылық. Немесе жүрек ақауларын емдеу керек болады. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 50-60 кардиологиялық операция жасалады. Өкінішке қарай, мұндай емнің бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Ал сақтандырудың арқасында осындай қымбат оталарды жасауға, талай адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Жарна төлеуге қиналудың қажеті жоқ. Өйткені, оның көлемі аса жоғары емес. Жұмыскерлерге де жеңілдіктер жасалып, жарнаны 2019 жылдан бастап төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10,1 млн адамды сақтандырумен мемлекет қамтамасыз етеді.
Әлем елдерінде медициналық сақтандыру өте қымбат тұрады, жарна мөлшері орта есеппен 16-17 пайызға дейін жетіп жығылады. Оның үстіне, бұл жүйе азаматтардың өз қалтасынан шығарып төлейтін шығындарын да қысқартуға мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, жекеменшік клиникаларға қаралуға екінің бірінің мүмкіндігі жоқ. Азаматтарымыз мемлекеттік емханалардың өзінде тегін делінетін көмектің бірқатар түрін, дәрі-дәрмекті ғана емес, дәрігердің «жылы қабағын» сатып алуға мәжбүр. Сондықтан, осы мәселелерді шешіп, сапалы медицинаға қол жеткізгіміз келсе, сақтандыру жүйесін қолдауымыз керек.
– Дегенмен, көпшілік жаңа реформаны қолдағаннан гөрі, оған қарсылық білдіруге бейім тұратыны рас қой...
– Кез келген реформаның бастапқыда қарсылыққа душар болатыны заңды құбылыс. Заң талқыланған кезде оған қарсы шыққандар өте көп болды. Әсіресе, бизнес өкілдері «онсыз да ерікті сақтандыру пакетін сатып алатындарын», төлейтін салықтың аз еместігін алға тартқан болатын. Шындығын айту керек, жарна төлеуді қаламаған бизнес нысандарының кейбірі жалақыны «конвертпен» төлеуге көшіп кетуі де ғажап емес. Бірақ, бұл – қате. Себебі, мәселенің бір ұшы ұлттың денсаулығына келіп тіреледі. Сондықтан, денсаулық саласының маманы ретінде азаматтар да, жұмыс берушілер де жаңа жүйеге түсіністікпен қарауы тиіс деп ойлаймын.
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жекеменшік клиникаларды да қатыстыру жоспарланып отыр. Бұл оларға не береді?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде берілетін мемлекеттік тапсырыс жекеменшік медицинаны белгілі бір пациенттер легімен қамтамасыз етеді. Басқаша айтқанда, адамдар біліктілігі біршама жоғары дәрігерлері бар, жабдықталу деңгейі көңілге қонатын, келген пациенттерден «бейресми» ақша алып үйренбеген жеке клиникаларға тіркеледі. Олар пациенттердің саны жағынан ұтады. Жеке секторға қазіргі тарифтердің ұнамайтыны заңды. Олар мұндай тарифтермен күн көру қиын болады деп қорқады. Өйткені, бюджеттік емдеу мекемелері үшін коммуналдық төлемдерді мемлекет бөліп, амортизациялық шығындарын да өтеп береді. Тіпті ғимараттың өзін мемлекет сыйлаған. Жалақыға да мемлекет кепілдік береді. Ал жекеменшік клиникалар осы мәселенің бәрін өз бетінше шешуге мәжбүр. Жалпы, болашақта пациент үшін қаралатын мекемесінің мемлекеттік немесе жекеменшік екені маңызды болмайды. Пациент көрсетілетін қызметтің сапасын, дәрігерді таңдайды. Өзінің денсаулық жағдайына қарап, кімнің дұрыс емдейтінін бағалайды. Оның үстіне, қазір жекешелендіру процестері жүріп жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта жекеменшік, мемлекеттік деген ұғым мүлдем қалмайды.
– Міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет сапасы артады делініп жүр. Ол қалайша жүзеге аспақ?
– Меніңше, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін халық жақсы қызмет көрсететін клиникаларды, білікті дәрігерді таңдайтын болады. Оның үстіне, пациенттерге жылына бір рет емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде, пациент клиентке айналады. Ал емханалар мен клиникалардың клиент үшін бәсекеге түсуіне тура келеді. Қазір жекеменшік клиникалар, жеке стоматологиялық кабинеттер бәсекенің не екенін жақсы біледі. Жақын болашақта бәсеке бастапқы санитарлық-медициналық көмек, стационарлық көмек нысандарына да келіп жетпек.
– Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі міндетті сақтандыруды енгізуге дайын ба?
– Дайын деуге болады. Көп шаруа атқарылды. Енді жұртшылықты осы жүйеге тарта білсек болғаны. Ал емдеу мекемелерінің техникалық жабдықталу жағына келер болсақ, соңғы жылдары бұл бағытта мемлекет тарапынан қыруар жұмыстар жасалды. Бүгінде барлық мемлекеттік медицина мекемелері заманауи технологиялармен тегін жабдықталды. Жекеменшік клиникалар желісі де жақсы дамығанын білесіз. Болашақта сол мемлекеттік мекеменің басшылары да қажетті жабдықтарды тиімді бағаға сатып алуға тырысады. Былайша айтқанда, бәрімізге нарық жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. Халықтың сұранысын қанағаттандыра алмайтын емдеу ұйымдары жабылады, оның орнына басқалары келеді. Ал бұл медицинаның дамуына үлкен серпін бермек.
– Қазір кейбіреулер сақтандыру медицинасын енгізуге әлі ерте деген пікір білдіріп жүр. Осы салада талай жылдан бері еңбек етіп жүрген маман ретіндегі пікіріңіз қандай?
– Менің пайымымда медицинаның деңгейіне көңілі толмайтындар әрдайым табылады. Әлемде медицинасы халқының толық көңілінен шығатын бірде-бір ел жоқ. Тіпті дүние жүзіндегі ең бай ел – АҚШ-та Обаманың әйгілі реформасына дейін 30 млн тұрғын медициналық сақтандырудан, дәрігерлік көмектің барлық түрінен мүлдем қағылған болатын. Оның өзінде сол елдің жаңа басшысы сақтандыру жүйесін мемлекетке орасан шығын келтіреді деген желеумен алып тастауға күш салып жатыр. Сондықтан енгізу қажет. Оған бірінші, ақша, екінші азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру керек. Қиындықтардың болатыны заңды. Екі-үш жылдан кейін реформаның жемісін көре бастаймыз деп ойлаймын. Денсаулық сақтау саласында қызмет сапасы көтеріліп, қондырғылар сатып алуға және тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімін кеңейтуге мүмкіндік туады. Жүрекке жасалатын күрделі операциялар, экстракорпоральды ұрықтандыру процедураларының құны өте қымбат. Сырқаттарды кезекке қоямыз, портал ашамыз дегендей. Қазір Үкімет жасанды ұрықтандыруға 900 квота бөледі. Ал бала сүйе алмай жүргендердің ЭКО процедурасына деген сұранысы 6 мыңды құрайды. Қорға бәріміз жарна төлеп, реформаға қолдау көрсететін болсақ, осындай проблемаларды шешуге мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»