• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2017

Молықбайдың қобызы

584 рет
көрсетілді

Қазақ ұғымында қо­быз тек музыкалық аспап емес, берісі бақсылық, арысы әу­лиелікке ұласатын, түбі тылсымға жалғасатын қасиет­ке ие. Соның бәрін бір бойына сыйдырған қасиетті аспаптың бірі – Молықбайдың қо­бызы. Бұл атақты қобызды әкесі Байсақ жасатыпты. Шап­қан шебердің атына дейін бел­гілі – Бектөле деген туысы екен. Ал зері мен нақышын жа­саған Естібай деген зергер дейді.

Бұл қобыз Молықбай өлген соң, иесіз қалып, соғыс кезінде керегеде ілулі тұрыпты. Ел қа­мығып, қара жамылғанда күңіренген үн шығарады екен дейді бір аңыз. Қарағайдан шабылған, темірмен ұсталған, жиегі күмістелген. Аздаған жарығы бар. Сол жақ бүйірін­дегі бұтақтың тұқылы әбден кеуіп, түсіп қалған. Бұл бер­тінде аспапқа реставрация жасаушылардың пікірі. Ел аузын­да бұл жарықтың пайда болуы туралы да аңыз бар. Бай­сақ бірде әлдекімнің босағасын аттай бергенде, бо­санған әйелдің жолдасы кө­мілген, былқылдап жатқан шұңқырға аяғы кіріп кетіп, жығылыпты. Сонда Байсақтың өз үйінің төрінде ілулі тұрған қобыз да өздігінен құлап түскен көрінеді. Сол сапар Байсақтың жіліншігі сынып, қобыздың әлгі жаңқасы ұшып кетіпті. Осы оқиғадан кейін ел-жұрт қобызға кие қонды деп есептеп, «жарық қара қо­быз» атап кетіпті. Жарық қа­ра қобыз өзінің киесін бер­тінде де көрсеткен көрі­неді. 1978 жылы түгел жанып кеткен үйдің ішінен осы қобыз ғана аман қалыпты.

Әйгілі Молықбай әулиенің қобызы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби му­зей үйінде тұр. Музейге 1984 жы­лы өткізілген. Молық­бай­дың өзі түрмеде өлгенше қа­сынан тастамаған (тіпті түр­меде де) қобыз 1930 жылдан бас­тап келіні Адасқанның үйін­де сақталыпты.

Қобыз қазір де тартуға жарап тұр. 2007 жылы Молық­бай қобызшының 150  жыл­дығы қарсаңында реста­врация­лан­ған. Соңғы рет 2017 жылы мамыр айында, Музейлер күні қар­саңында тартылған.

Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы