Қорқыттың дүниеге келуі туралы ғажайып сырға толы шақты аңыз-әңгімемен өрбіте отырып, Қазақ халық аспаптары оркестрі күймен кезектестіре жырлады. Ел мен жер, өлім мен өмір, мәңгі бақыт, өшпес ерлік туралы сыр шертетін Қорқыт ата күйлерінің шығу тарихына байланысты оқиғалық қойылым ажалмен айқасқан алып рухани тұлға келбетін аша түсті. Қорқыт образының ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде бейнеленуі қойылым мазмұнын байыта түскен.
Иен далада жалғызының артында қалған ана мен иесінен айрылған тазы – қос мұңлық қосылып күңіренеді. Қорқыттың осы оқиғаға айланысты шығарған күйі «Ұшардың ұлуы» күйімен жалғасты. Перзентіне деген ыстық махаббатын күй тілімен сөйлеткен данагөйдің «Әуппай» күйі залды әлдиге бөледі.
Қорқыт рөлін ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев сомдады. Қорқыт күйлерін оркестр репертуарына лайықтап, нотаға түсірген – Республикалық байқаулардың лауреаты, композитор Арман Жайымов.
Бұдан басқа көптеген музыкалық-театрлық бағдарламаларды үйлестіруде тәжірибесі мол ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов адамгершілік пен мәдениеттілікке тәрбиелеуде музыканың рөлі айрықша дегенді айтады.
–Қорқыт өмірі көз алдымыздан өтті. Дайындық барысында қобызбен ғана орындалып келген туындыларын арнайы оркестрге түсірдік. Көптен бері орындалмай жүрген шығармаларын қайта жаңғыртып, көрермен назарына ұсындық. Астанамен бірге жасасып келе жатқан кәсіби өнер ұжымдарының бірі – Қазақ халық аспаптары оркестрі 1997 жылы құрылған. Бүгінде оркестр құрамында 70 музыкант бар, – дейді филармонияның Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Айтқали Жайымов.
Жыр-толғауларымызды жаңаша леппен сахналап жүрген филармония ұжымы халықаралық көрме аясында Қазақстан халық композиторларының ән-күйлері мен шетел композиторларының шығармалары қамтылған жиырмадан астам концерт өткізуді жоспарлап отыр.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»