«Құрылыс биыл басталып, 2020 жылы аяқталады», дейді облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау мен Астраханның арасындағы жолды қайта қайта жаңғырту жұмыстары алты бөлікке бөлінгені, қазір соның 4 бөлігінің жобалық-сметалық құжаттары дайын екені айтылды. Қалған екі бөлігінің құжаттары жақын күндері мемлекеттік сараптама қортындысын алады. Аймақ тұрғындарын алаңдатып отырған жол жұмыстарының бұрын белгіленген мерзімде басталмауына банктің талаптары себеп болған. Бұл құрылысты Ислам даму банкі қаржыландырады. Ақтөбе-Атырау-Астрахан автокөлік жолының Атырау облысының аумағынан өтетін 552 шақырымын жаңғырту жұмыстарына бюджеттен ақша бөлінді. Қазір облыс аумағымен шектесетін жолдың 432 шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде. Басқарма басшысы облыс орталығының кеңеюіне байланысты «Атырау-Астрахан» тас жолының бір бөлігі қала ішінде қалып отырғанын да айтты.
«Осы бағытта қазір Атырау қаласының сыртынан солтүстік айналма автокөлік жолының құрылысын жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздемесін жасақтауға қаржы бөлінуде. Бас жоспарға сәйкес айналма жолдың ұзындығы 26 шақырымды құрайды. Жоспарда 4 жол айрығы мен Жайық өзені арқылы өтетін 400 метрлік көпір салу қарастырылған», деді Қайрат Нұртаев.
2014 жылы Махамбет ауданында Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысы басталған еді. Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз жолы да жаңғыртылып жатыр. Биыл Қызылқоға ауданына қарасты Тасшағыл, Қарабау, Қаракөл, Махамбет ауданындағы Сарайшық, Алмалы, Бейбарыс ауылдарының кірме жолдары мен ауылішілік жолдары жөнделе бастады. Алдағы уақытта облыстағы Доссор, Мақат, Бәйгетөбе, Сағыз, Мұқыр, Аққала, Ынтымақ, Елтай, Көктоғай, Зинеден, Томан, Есбол ауылдарындағы жолдар күрделі жөндеуден өтеді. Қазір Атырау қаласындағы 79 көшеде тас жол төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс орталығындағы 1593 шақырымдық 1781 көшенің 948-і асфальтталды.
Баспасөз мәслихатында қоғамдық көлік төңірегіндегі мәселелер де сөз болды. Басқарма басшысының айтуынша, облыс орталығында қоғамдық көліктің қалыпты қызметін қамтамасыз ету үшін 160 автобус жетіспейді. Ал ерекше жаңалық – мұнайлы аймақтың үш ауданында шағын авиация үшін жаңа әуежай салынады. «Көлік инфрақұрылымын дамыту мен ықпалдастыру-2020» бағдарламасы бойынша Құрманғазы ауданының Сүйіндік селосына, Қызылқоға ауданының Миялы селосына және Жылыой ауданының Құлсары қаласына әуежай салу жоспарланған.
«Биыл қаржының бөлінуіне байланысты құрылыс жұмыстары Миялыда басталады. Ал Сүйіндік пен Құлсары қаласында салынатын әуежай құрылысы үшін қажетті құжат жасақталады», деді Қайрат Нұртаев.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»