• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 14 Маусым, 2017

Қолға алынған жұмыстар жүзеге асырылуымен құнды

176 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төра­ға­лығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарының қорытындылары, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша шараларды іске асыру жайы, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлық мәселелері қаралды.

Егіс алқабы ұлғайды

Ауыл шаруашылығы бірін­ші вице-министрі Қайрат Айту­ғановтың мәлімдеуінше, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен са­лыстырғанда 650 мың гектарға ар­тық. Егін егу жұмыстарын әрта­рап­тандыру ая­сында сұраны­сы жоғары дақыл­дарды егетін ал­қаптар 1 млн 348 мың гектарға ұлғайтылды, бұл АӨК дамыту мем­лекеттік бағ­дар­ламасының жоспарланған индикаторынан 340 мың гектарға жо­ғары көрсеткіш болып отыр.  Қ.Айтуғанов сондай-ақ, жа­сы­­мық егісін ұлғайту Қазақстанға әлем­де аумақ бойынша бесін­ші және экспорт бойынша төр­тін­ші орынды иеленуге мүмкін­дік беретінін, бұдан өзге, биыл қант өндірісі бір жарым есеге, майлы дақылдар 1,3 есеге ұлғай­ты­латынын атап өтті. Себебі, жүзе­ге асырылып жатқан әртараптан­дыру жұмыстары әр гектардың тиім­­ділігі мен өндірістің табысты­лығын арттырған. Бірінші вице-министр, сонымен қатар, тұқым шаруашылығына қолдау көр­сету қаражаттарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өскенін, бірегей және элита­лық тұқымдар өндірісі қайта қал­пы­на келтірілгенін және тұқым ша­руашылығына қолдау көрсетудің өзге де шаралары қабылданғанын жеткізді.  Жиында көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізу науқанындағы аса маңызды мәселе – дизельдік отынмен қамту жайы да сөз болды. Қ.Айтуғановтың айтуынша, отынға сұраныс толығымен қамтамасыз етілген. Ол, сондай-ақ, Үкіметтің жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі дизель отыны бағасын республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Егістерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне қосымша пестицидтер мен техникалар жеткізілген. 591 мың гектар жер өңделген. Ауыл шаруашылығы жерлеріне зақым келтірілмеген. «Өзге өңірлерде үйірлі көкқасқа шегірткелерге қарсы олардан қорғау шаралары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр», деді бірінші вице-министр Қ.Айтуғанов. Отырыста сонымен қатар Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарының әкімдері, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарының нәти­желері және АӨК дамыту Мем­лекеттік бағдарламасында қарас­­тырылған шаралардың орын­далуы туралы есеп берді. Сон­дай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер – шаруа қожа­лықтарының басшылары А.Ка­сицин, М.Фазулов сөз сөйледі. Мәселені талқылау қорытын­дысында Үкімет басшысы Б.Са­ғынтаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау және егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Б.Сағынтаев Инвестициялар мен даму министрлігіне тыңайтқыш өндірушілерге қолдау көрсетуді және минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін арттыру оларды тұтынушыларға жеткізу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу керектігін және өсімдіктерді аурулар мен зиянкес­терден қорғау құралдарымен зам­анауи өңдеу шараларын қолдану қажеттігін ескертті.   

Еңбек нарығы реттеліп келеді

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан еңбек нарығының тиімділігі факторы бойынша әлемнің озық отыздығына енді. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында мәлімделді. Онда, сондай-ақ, қазір Қазақстанда еңбек даулары мен еңбекақы бойынша қарыздар азайып келе жатқаны айтылды.  «Бүгінде ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың саны 8,5 миллионнан асты немесе жалпы Қазақстан халқының 50 пайызына жуықтады. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу қай қоғамның болса да, өзекті мәселесі болып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форум еңбек нарығының тиімділігін жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі тізбесіне енгізіп, жыл сайын жұмыс берушілер арасында тәуелсіз сауалдама жүргізеді.  2016 жылдың қорытындысы бойынша, осы белді ұйымның жүргізген сауалдамасы бойынша, Қазақстан 140 мемлекеттің арасында 20-орынды алып, 30 дамыған мемлекеттің қатарына кірді. Бұл еңбек қатынастарын реттейтін тараптардың мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі»,  деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жаңа Еңбек кодексінің құқықтық қолданылу тәжірибесі мәселелері мен жұмысшылардың еңбек құ­қық­тарын қорғау шаралары туралы баяндамасында.  Қазақстанда 122 еңбек стандарты бекітіліп, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарынан тұратын 11 стандарт қайта қарас­тырылып, бизнеске байланысты тек­серу парақтарының талаптары 43-тен 24-ке дейін ықшамдалған.  Нә­тижесінде тексерілетін нысандар саны 2012 жылғы 18 мыңнан 2016 жылы 10 мыңға дейін азайса, 2017 жылдың 5 айында 5 мың ұйымның тыныс-тіршілігі екшелген. «Биылғы 5 ай ауқымында 10 мыңнан астам жұмысшының 1,5 млрд теңге қарызы өндірілді. Ағымдағы 2017 жылдың маусым айындағы еңбекақы бойынша қарыз 88 млн теңгені көрсетуде. 2016 жылы өндірісте зардап шеккендердің саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға азайып 670 мыңнан астам жұмысшы зиян­ды еңбек ахуалындағы жұмысы үшін түрлі өтемақыларға ие болды. Бұл мақсатқа жұмыс берушілер жағы 99,7 млрд теңге бөлді», деді министр. Жұмыс орындарының қыс­қару­ына жол бермес үшін министр­лік тарапынан тиісті меморан­думдарға қол қойылуда. Қазіргі уақытта меморандумдар арқы­лы 2,8 млн. адамның жұмыс орны­ның сақталынуы көзделіп отыр. Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруда, құрамына жұмыс берушілер мен кәсіподақтар өкілдері кіретін 12 000 өндірістік кеңес жасақталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, кәсіподақтар қызметін жетілдіру мен еңбек кикілжіңдерін шешу мәселелері бойынша заң жобасы тұжырымдамасын әзірлеген. Бұл мәселе бойынша Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Р.Ізмұханбет, сондай-ақ, Маң­ғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Пав­­ло­дар облыстарының әкім­дері қо­сымша баяндады.  Талқы­лау қоры­тындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев қазақстан­дықтар­дың еңбек құқықтарын сақтау­ды қамтамасыз етуді тапсырды. Үкімет басшысы жұмыс­шыларды босатуды жоспарлап жүр­ген кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, мәселені бақылау­да ұстау қажеттігін де ескертті. Сондай-ақ, әкімдерге Еңбек тәуе­келдері картасы аясында еңбек нарығындағы жағдайға тұрақты түр­де мониторинг жүргізу тапсы­рылды. Қазақстанның әрбір өңі­рінде жұмыскерлерді қысқарту бойынша болжамдар болуы керек, оған қоса, онда қысқарты­ла­тындардың саны ғана емес, болжалды еңбекпен қамту орындары да ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, еңбекақыны кідіртпей төлеу бойынша жұмыс жүргізу қажет, деді Премьер-Министр. 

Жемқорлық азаймай тұр...

Үкімет отырысында талқы­ланған тағы бір мәселе – мем­лекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықты жою шаралары. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев жемқорлықтың алдын алу бойынша қолданылатын шаралар туралы баяндады.  «Біз жемқорлық схемаларын анықтау жұмысына көп көңіл бөліп келеміз. 2016 жылдың өзінде 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі анықталып, 90-нан астам лауазымды қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұндай қылмыстық топтар Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Жам­был, Қарағанды, Солтүстік Қазақ­стан және Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тарында қызмет еткен», деді агенттік төрағасының орынбасары. Сондай-ақ, ол былтыр жемқорлықтың 89 фактісі тіркелгенін, олар бойынша 360 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.  А.Шпекбаевтың мәлімдеуінше, 2001 жылдан бері сыбайлас жем­қорлық қылмысы бойынша елімізде 10 мыңнан астам адам сотталған. «Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сотталғандардың 70 па­йызы атқарушы билік органдарында қызмет еткен. 2001 жылдан бері жемқорлық қылмыстардан келген материалдық шығын 240 мил­лиард теңгеден асты. Оның 44 пайызы қайтарылды. Бұл жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің тиімділігі мен азаматтық қоғамның қолдауы артқанының нәтижесі», деді А.Шпекбаев.  Орталық атқарушы орган­дардың ішінде сотталғандардың саны бойынша Ішкі істер, Қаржы, Әділет, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы министрліктері көш басында тұр. 2016 жылы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты тіркелген 398 фактінің 50 пайызға жуығы жергілікті полиция қызметімен байланысты болған. Сондықтан да осы салада жемқорлықпен күрес бойын­ша жоспар әзірлеп, іске асы­ратын қажеттілік туын­дап отыр екен. Агенттік төра­ғасы­­ның орынбасарының мәліме­тінше, Қаржы министр­лігінде соттал­ғандардың 86 пайызы – кедендік, салық, сондай-ақ, экономи­калық тергеу қызметінің қызмет­кер­лері. Ал жергілікті атқарушы органдар ішінде білім беру ұйым­дары, әкімдердің ап­па­ра­ты, құ­ры­лыс, тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылық, мәдениет және тілдер­ді дамыту салаларында жемқор­лыққа жиі жол беріледі. Ал өңірлер арасында рейтингті Шығыс Қазақстан, Оң­түстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстары бастап тұр. Үкімет басшысы барлық салада сәйкес талдау жүргізуді қамтамасыз етуді және анықталған жемқорлық тәуекелдерді жою бойынша нақты шаралар қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, бас­қару органдарында сыбайлас жем­қор­лықтың жай-күйіне ішкі талдау жүргізу және әрекет етудің кешенді шараларын қолдану қажет екенін айтты.   

Динара БІТІКОВА,  «Егемен Қазақстан»