– Естеріңізде болса, тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1992 жылы Алматыда өткен І құрылтайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бүгінгі құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдырымыздың қалай өрлейтінін талқылау. Қазақ диаспорасының қалыптасуы – зерделі жанды таң қалдыратын құбылыс. Әрбір үшінші адамның біреуі атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халықты атау қиын шығар», – деп тебірене толғаған болатын. Бүгін де алдымызға өркениеттіліктің ең өзекті мәселесі – рухани жаңғыру міндеті қойылған шақта, ұлтымыздың келешекте қалай өсіп-өркендеуін тұтас ұлт болып талқылау өте маңызды. Сондықтан да Құрылтай «Рухани жаңғыру және шет елдегі қазақтар» деген тақырыпта өтпек.Оған әлемнің 38 елінен қазақ диаспорасының 350 өкілі қатысады. Мұның сыртында оларға елімізден 370 қазақстандық зиялы қауым және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қосылады. Құрылтай Тәуелсіздік сарайында өтеді және оған қатысатын шетелдік қонақтардың 60 пайызын 35-ке дейінгі жастар құрайтын болады. Сондай-ақ Құрылтайға қатысушылардың 80 пайызы Атажұртқа алғаш қадам басады. Мұның бәрін Құрылтайдың басты ерекшеліктері дер едім. Ал қаралатын мәселелерге келсек, жиында шет елдердегі қазақ мәдени орталықтарын қаржыландыру, қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақыру, қандастарға басқа да көмек көрсету сияқты түрлі мәселелер талқыланбақ. Басты мақсат – шетел қазақтарының Қазақстанға деген қызығушылығын арттырып, елге шақыру, көшіп келуге ынталандыру, олардың неге мұқтаж екенін білу. – Демек, жастарға басымдық беріліп, сенім артылып отыр дейсіз ғой? – Қазіргідей бәсекеге қабілеттілік мәселесі басты орынға шыққан жаһандану жағдайында өзгелермен білімсіз тайталасу әсте мүмкін емес!Сондықтан да Елбасы биылғы Жолдауын «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: бәсекеге қабілеттілік» деп атап, алдағы міндеттерді айқындап берді. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп тұжырымдады. Сондықтан да біз тек ел ішіндегі ғана емес, шетелдегі қазақ жастары да Қазақстанда оқып білім алып, тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасып, қазаққа қызмет етсе, демографиямыздың, экономикамыздың, әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруына үлес қосса дейміз. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның қолдауымен, тұңғыш рет шет елдегі қазақ жастарының көшбасшылары мен «Жас Отан», «Жасыл ел» ұйымдарының, сондай-ақ шет елдерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан жастар көшбасшыларының форумын өткізсек деп отырмыз. Бұл да жастардың туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, патриоттық сезімдерінің нығаюына ұнамды әсер ететінін сөзсіз. –Құрылтай бағдарламасы бір жиынмен шектелмейтін шығар? Өйткені, мемлекеттік органдардың қатысуынсыз онда қаралатын мәселелерді шешу қиын ғой. Қандай іргелі шаралар ұйымдастырылады? – 23 маусым күні Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздік сарайында Құрылтайдың салтанатты ашылуы өтеді. Одан бөлек бес секция жұмыс істейтін болады. Оның біріншісінде – Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктерінің өкілдері қатысып, тиісті мәселелер қаралатын болады. Ал екіншісінде – Білім және ғылым министрлігі, үшіншісінде – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ішкі істер министрлігі, төртіншісінде – Инвестициялар және даму, Ауыл шаруашылығы министрлігі, бесіншісінде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысып, рухани жаңғыру, жастарға білім беру, кәсіп үйрету, жұмысқа орналастыру, көші-қон, туризмді дамыту сияқты мәселелер жан-жақты талқыланады. Тағы бір айтар жайт, біз Елбасы айтқан «100 жаңа есім» жобасы сияқты, сыртта жүрген қазақтың 100 есімін шығаруға дайынбыз. Бұл да жергілікті тұрғындармен бірге сырттағы қандастарымыздың да назарын тартып, Қазақстанға деген қызығушылықтарын арттыра түсетіні анық. Ал мәдени шараларға келсек, Астана қаласы әкімдігінің бағдарламасына сәйкес, қонақтар Ұлттық музей, Әзірет Сұлтан мешіті, Тұңғыш Президент-Елбасы кітаханасын барып көреді. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді паш ететін «Этноауыл» кешенін аралайды (айтпақшы, бұл кешен үш ай бойы үздіксіз жұмыс істеп, көрмеге келушілерге бүкіл тарихи, мәдени құндылықтарымызды таныстыратын болады). «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қойып, ЭКСПО-2017 кешенін тамашалайды. Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты халықаралық конференция ұйымдастырылады. – Тәуелсіздік жылдарында Елбасының бағыт беруімен жүргізіліп келе жатқан көші-қон саясатының маңызы өте зор. Құрылтайдың мақсатына қарасақ, келешекте де бұған баса мән берілмек. Бұл неден туындап отыр? – Аллаға мың да бір шүкір, алғашқы Құрылтай тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың қайта қауымдасуына үлкен жол ашты. Тұңғыш Президентіміздің жан-жақты ойластырылған көші-қон саясатының арқасында 25 жыл ішінде 1 миллионнан аса қандастарымыз атажұртқа оралды. Олар Қазақстанның демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты. Олардың 61,5 пайызы – Өзбекстаннан, 24 пайызы – Моңғолия мен Қытайдан, 6 пайыздайы –Түрікменстаннан, 4 пайыздайы – Ресейден. Қалғандары – Ауғанстан, Иран, Түркия және Еуропа елдерінен келді. Егер олар келмегенде, ел тұрғындарының саны сол деңгейде қалуы, тіпті, кеміп кетуі де мүмкін еді. Осы тұрғыдан Нұрсұлтан Әбішұлының І Құрылтайда айтқан «бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу» бүгін де өте маңызды. Ал қазіргі Қазақстан үкіметінің бас қатырып ойланатын басты мәселелерінің бірі – міне, осы демографиялық жағдай болуы тиіс! Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның біртұтастығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуы, Мәңгілік Ел болуы демографиялық жағдайға да тығыз байланысты. Оның үстіне үштің бірі туған топырағынан сыртта жасайтын ұлттың рухани жаңғыруы, Елбасы айтқан ұлттық кодымызды сақтау, ұлттық құндылықтарымызды игілікке жарату міндеттерін де сырттағы ағайынсыз шешу оңайға соқпайтыны анық. Сол себепті де Құрылтайда ортаға қойылатын ең негізгі тақырып – шет елдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету, сырттағы ағайынды атажұртқа мүмкін болғанынша көбірек оралту, олардың ұлтымызды рухани жаңғыртуға, қосар әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде болмақ. – Шетелдегі қандастарымыз ұлттық рухани салада нақты қандай қолдауға мұқтаж болып отыр және ол қалай жүргізілгені дұрыс? – Бүгінгі таңда сырттағы қазақ диаспорасы мәдени саладағы қолдауға өте мұқтаж. Өйткені, олардың болашақта қазақ ұлтының өкілі ретінде сақталып қалуы осы мәселеге келіп тіреледі. Өркениетті елдердің көбі шетелдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасайды. Қазақстан да шетелдегі Қазақ мәдени орталықтарына осындай қамқорлық жасауды жүйелі түрде қолға алуы керек. Сондай-ақ, шет елдердегі қазақ жастарының арасынан әдебиет пен өнерге, білім-ғылымға, спортқа, кәсіпкерлікке бейім дарынды балаларды тауып, тәрбиелеуге көңіл бөлу қажет. Бұл тұрғыда сырттағы ағайындарымыз оқу-білім және ана тілі мәселесі жөнінен қолдауға аса мұқтаж. Мысалы, бұрын біздегі жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережесіне сәйкес, ұлты қазақ шетелдік азаматтар мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық негізде тегін білім алуға құқылы еді. Бұған қоса оларға екі пайыздық мөлшерде квота бөлінетін. 1500 талапкерге арналған дайындық курстары жұмыс істейтін. Ал Білім және ғылым министрлігі дайындаған типтік ереженің жаңа жобасында бұл жеңілдіктер мүлде алып тасталған. Егер ол осылай бекітіліп кетсе, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп оқып, білім алуы біржолата тоқтап қалуы мүмкін. – Негізінде бұл сырттағы ағайынды елге шақырудың тиімді тетіктерінің бірі емес пе? Мен тіпті, үштің бірі тарихи Отанынан сыртта тұратын ұлт үшін екі пайыздық квотаның өзі тым аз ба деп ойлаймын... – Солайы солай ғой. Бірақ Білім және ғылым министрлігі мұндай ережені қандай қисынға сүйеніп жасап отырғаны түсініксіз. Мысалы, 150 миллионға жуық халқы бар, тұрғыны да, маманы да жеткілікті көрші Ресейдің өзі жер жүзіндегі барлық отандастарына оқу-білім жөнінен есігін айқара ашып қойған. Біздегі жастардың да біразы сол жаққа кетіп, тегін оқуға түсіп жатыр. Ресей сонымен бірге «Соотечественники» мемлекеттік бағдарламасының аясында сырттан көшіп-қоныстанған, ал «Русский мир» бағдарламасының аясында өзге елдерде тұратын қандастарына қолдау көрсетудің тиімді жүйесін жүзеге асырып келеді. Бір таңқаларлығы, жаңа ереже бойынша, Қазақстанда тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ шетелдіктердің тегін оқу мүмкіндігі бұрынғысынша сақталып қалған. Айта берсек, мұндай қиыншылықтар жеткілікті. Кешегі Кеңес кезінде көрші республикаларда тұратын қандастарымызға қазақша кітаптар, газет-журналдар көптеп тарайтын. Қазір бұл мүлде тоқтаған. Алыстағы ағайынға қазір тек Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан жарық көретін «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы ғана жеткізіліп тұрады. Бұлардың өзін соңғы кездері қаржылық қолдау тым төмен. Өкініштісі – мұның бәрі сырттағы ағайынның бүкіл қазақ халқына ортақ ана тілі мен ата салтын, мәдениеті мен өнерін, ұлттық кодымыздың негізі саналатын ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап, дамытуына айтарлықтай кедергі болып тұр. Ендігі жерде осы мәселелерге жанашырлық көзқарас өте қажет. – Ал көші-қон саласында қандай түйткілдер бар? – Жоғарыда айтқанымыздай, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қол жеткізген үлкен табыстарымыздың бірі – бір миллиондай қандасымыздың атажұртқа оралуы! Мұндай үдеріс бізбен көрші бұрынғы кеңестік республикалардың бірде-бірінде болған емес. Мысалы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикаларының сырт жердегі диаспорасының мөлшері біздегіден аз емес. Соған қарамастан олар біздегідей жүйелі көші-қон саясатын жүргізген жоқ. Керісінше, бұл елдерден жүз мыңдаған адам өзге елдерге көшіп жатыр. Айталық, армян халқының отыз пайыздайы туған топырағын тастап, шет елдерге көшіп кеткен. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның шет елдердегі қандастарына қамқорлық жасап, олардың бір миллион ағайынды көшіріп алуы – қай жағынан болса да мақтан етуге тұрарлық үлкен жетістік. Өкінішке қарай, соңғы кезде этникалық көш біршама азайды. – Оның себептері неде деп ойлайсыз? – Біріншіден, бізде көші-қонға байланысты заңдар мен ереже-тәртіптер жиі өзгеріп отырды. Екіншіден, осы үдеріске байланысты заңдар мен ережелерді шетелден келіп жатқан қандастарымызға дұрыс түсіндіріп, жүйелі насихаттау және олардың бұлжытпай орындалуын қадағалау бір жүйеге түспеген. Үшіншіден, бұл мәселені саясатқа айналдыру барынша кең етек алды. Төртіншіден, көшіп келген этникалық қазақтарға тұрақты тұруға рұқсат беру мәселесі күрделеніп кетті, олардың азаматтық алуында үлкен қиындықтар бар. Бұрын сырттағы ағайын атажұртқа келген бойда тұрақты тұруға қажетті құжаттарын дайындап, бұрынғы тұрған елінің төлқұжатын өткізіп, Қазақстан азаматтығына оңай қол жеткізетін. Қазір едәуір қиын. Мысалы, сырттан келетін ағайындардан бұрынғы тұрған елінің құзіретті органы куәландырған соттылығының жоқ екендігі туралы анықтама талап етіледі. Ал Қытайда соттылығы бар адамдарға сыртқа кетуге рұқсат етілмейді және ондай анықтама мүлде берілмейді. Біздің ойымызша, бұл ең алдымен көші-қонға жауапты мемлекеттік мекемелердің осы үрдістің мән-жайын жан-жақты зерделеп, дұрыс түсінбеуінен, жүйелі жұмыс жүргізе алмауынан туындап отыр. Тіпті бізде бұл іспен нақты кім айналысатыны белгісіз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағындағы «Этникалық және ішкі көшті реттеу» деп аталатын шағын басқарманың ел үшін аса маңызды бұл мәселені толық шешуге құзыры да, қауқары да жетпейді! Құрылтайда осы түйткілдердің де түйінін тарқататын ұсыныстар айтылуы бек мүмкін. Ал Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – төрткүл дүниеге тарыдай шашылған барлық қазақтың басын қосып, ұлттық тұтастықтың ұйытқысына айналған ең үлкен қоғамдық ұйым десек, ол Қазақстанда қолға алынған барлық маңызды бастамаларды шетелдегі ағайындарға дер кезінде жеткізіп, насихаттап отыруы, Елбасы, Қауымдастық Төрағасының ұлт болашағына қатысты қолға алған барлық іс-шараларына өзінің лайықты үлесін қосуы тиіс.
Әңгімелескен Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ