• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Бизнес 15 Маусым, 2017

Жайылымдық жерді игеруде инновация қажет

258 рет
көрсетілді

Орналасуы тұрғысынан қарағанда, сегіз бірдей географиялық аймақты қамтитын Қазақстан аумағының табиғи жүйесі, оның ауа райының мүмкіндігі ауылшаруашылық жүйесін кеңінен дамытып, әлемдік деңгейде қалыптасқан экологиялық таза азық-түлік өндірудің алғышарттарын қамтамасыз ете алады.

Еліміздің аграрлық өндіріс кешенінің негізгі саласы – өсім­дік және мал шаруа­шылы­ғын қазіргі заманауи ғылымдағы жаңалықтарды, өркениетті ел­дер­дің, мысалға Бразилия, Кана­да, Аргентина сияқты мем­ле­­кет­тердің тәжірибелері негі­зін­де өр­кен­дету әлемдік сұра­ныс­тарға сай келетін және жоғарғы өнім­ді қамтамасыз ететін ауыл­шаруа­шылық кешендерін құруға мүмкіндік береді. Бірақ бұл үшін мал шаруашылығына қажетті азық қоры болып табылатын ша­бындықтарды және жайылымдарды тиімді пайдалану қажет. 

Қазақстанның ауылшаруа­шы­лық жүйесін дамытуға кедергі болып отырған бірнеше мәселе бар. Біріншіден, жайылымдық жердің деградацияға ұшырауы, яғни қазіргі кезде ол жалпы жайы­лымдық жердің 35 пайызын қамтиды. Екіншіден, жайы­лым­дық жер жеке меншікке ұзақ жылдарға жалға беріліп, негізінен жеке шаруашылықтардың тиімді пайдаланбауында. Үшіншіден, жайылымдық аймақтарды пайдалануда ұйымдастырудың және басқарудың ғылыми тұрғыда негізделген жүйесінің болмауы. Төртіншіден, жоғарыда атал­­ған мәселелер жалпы ел аума­­ғында соңғы жылдары мал шаруа­шы­лы­ғын жайылыммен және жем-шөппен қамтамасыз етудің қар­қынды дамуына байланысты орын алып отыр.

Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарының басында Қазақстанның жайы­лымдық алқаптарына түсе­тін табиғи-техногендік жүк­те­менің шамасы өте көп болды, яғни ірі қара малы 9.3 млн бас­қа және қой саны 33.5 млн бас­қа жетті. Сондықтан, табиғи жайы­лым­дардың Қазақстанның гео­графиялық аймақтарында бір­кел­­кі орналаспауының себебі­нен, әсіресе оңтүстік аймақтағы жайы­лымға табиғи-техногендік қысым экологиялық тұрғыда шектелген шартты мөлшерден асып кеткен жағдайлар кездесіп отырды. Жалпы жаһандық ауа райы­ның өзгеріске түсуіне байла­ныс­ты құрғақшылық кезеңдердің жиі қайталануы, жайылымдардағы мал санын реттеп отыру жүйе­сінің жоқтығы және олардың мал­­дың тұяқтарымен тапталуы Қазақ­­­станның оңтүстік аймақ­тарын­­да жайылым алқаптарының шөлейт­тенуіне әкелді. 

Ауылдық мекендердің айналасы, радиусы 10-15 шақырымға дейін жеке адамдардың мал жайы­лымы ретінде пайдаланыла­ды. Бұл жағдай ауылдың айна­ласының жайылымдық жер­лерінің шектен тыс тапталып, тақырға айналуына әкеліп соқ­тыруда. Қазіргі кезеңде ауа райы­ның өзгеруі, мемлекеттің ауыл шаруашылығы реформасын әлі толық аяқтамауы, мал шаруа­шылығының қарқынды дамуы­на толық мүмкіндік бермей отыр және ауыл тұрғындарының әлеу­меттік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуде. 

Соңғы жылдары Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде кешенді мелиоративтік, табиғатты қорғау шаралары, яғни агротехникалық, фито­ме­лиоративтік, ор­ман­мелио­ра­тивтік, селекция­лық тәсіл­­дер сапа­лы мал өнім­дерін алу­ға бағыт­талған және құр­ғақ­шы­лық аймақтардағы жа­йы­лым­дар­дың экологиялық жағ­дайы­ның тұрақтылығын арт­тыруға бағытталған. Бұл кешен­ді шаралар құрғақшылық ай­мақ­тардағы жайылымдарды зама­науи басқарудың негізін құрай­ды, өзендермен және жер асты суларымен қоректенетін жа­йылымдардағы бұрынғы мал суға­руға арналған құрылымдарды қалпына келтіруді қарастырады. Бұл құрылымдарды энергия қуа­ты­­мен қамтамасыз ету өзінен қам­­­ты­­латын энергия көзінен алы­на­ды, яғни жел мен күн көз­дері­нен энергия өндіретін құрылғы­лар қолдану көзделген. Кезінде еліміз бойынша мал жайылымдарында 300-ге тарта скважиналар қазылды, олардың су ағымы секундына 1 литрден 20 литрге дейін, кейде секундына 50 литр­ге дейін жететін. Кейде, су атқы­лап ағатын скважиналардың жа­н­ы­­нан 500 гектарға дейін оа­зис­тік суармалы жайылымдар ұйым­­дастырылып, ол жерлерге мал жемшөптері егілді. Аума­ғы үлкен мал жайылымдарын суландыруға су құбырлары тартылды. Су құбырларын жүр­­гіз­генде трассаның қысқа да тиім­ді жүргізілуіне, құбыр ма­териал­дарына, мал су ішетін бекет­тер­ді тиімді орналастыруға, көп көңіл бөлінді. Жердің иесінің өз­ге­руіне және жайылымдардың же­ке­меншікке берілуіне, суландыру құрылымдары мен құдық­тарды күтіп-баптауға арналған мекемелердің жабылып, машина­лар мен қондырғыларды таратып әкетуіне байланысты Қазақ­станда жайылымдарды суландыру мәселесі, құдықтар мен сква­жи­наларды, мал суғаратын құры­лым­дарды қалпына келтіру – қазіргі кезде өте күрделі мәселеге айналып отыр.

Мал жайылымындағы сулан­дыру құрылымдары мен қон­дыр­ғылары иесіз қалды, себебі, бұл құрылымдарға жауапты меке­мелер тарап кеткен. Иесіз қалған мүлік ұрланып, бұзыл­­­ған. Сорғылар қолды бол­ған, электр тогы жүретін сым­дар кесі­ліп алынған, баған­дар құла­ты­лып, ішіндегі білекте­мелер уатыл­ған, мал суғаруға арнал­ған темір­бетоннан соғылған құ­ры­­лымдар бұзылып, тасып әкетілген.

Қазіргі таңда фермерлік ша­руа­­шылықтар мен шаруа қожа­лықтары пайдаланып отыр­ған мал жайылымдарын заңды түрде өз аттарына аудармағандықтан, мал жайылымдарын суландыру мәселелерін шешуге құлықсыз. Балқаш аймағындағы мал жайы­лымында бірде-бір су құбыры жұмыс істемейді. Осы жағдай­ға байланысты қазіргі кезде ауыл айналасындағы жайылым­ға мал көп жайылып, ол азып-тозып, тақыр­­лануына әкеліп соғып отыр. Халықтың қолда бар малын бұрын­ғыдай жайлауға мүмкін­дігі жоқтықтан, мал ауыл айналасында 10-15 км радиус­тағы шөпті жеп тауысып, тақырға айналдырды. 

Осындай тығырықты жағдай бүкіл Қазақстандағы жайылым­дарға, суландыру құрылымдары мен құрылғыларына тән нәр­се. Осыған байланысты бүкіл Қазақ­стандағы мал жайы­лым­дарындағы суландыру құры­лым­дарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жеке төлқұжаттарын жасау жұмыстарын орындау қажет. Сонымен қатар, құдықтар мен тік ұңғылы құдықтарды су көтере­тін қондырғылармен жабдықтау керек. Зерттеу нәтижелері көр­сет­кен­дей, бірінші кезекте, тезі­­рек құдықтарды жөндеп, та­за­лап, қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Ал тік ұңғылы құдық­тар­ды жөндеп қалпына келтіру қиы­нырақ, себебі, бұларды бұз­ған кезде скважиналар жабыл­маған, ішіне тас, темір, бетон қалдық­тары тасталған.  

Үкімет тарапынан жайылым­дық жерлерді қалпына келті­ру­ге шаралар қолдануда. Жа­йы­лым­дық жерлердегі мал шаруа­шылығын дамыту кезінде табиғи жем­шөппен қамтамасыз ету инфра­­құрылымының болмауына бай­ланысты малдарды жайы­лым­дарға жаю арқылы жүзе­ге асы­ру көзделген. Бірінші кезең­де 10 млн гектар жерді пай­­да­ла­­нып, негізгі жайылымдар­ды су­мен қамт­амасыз ету көз­делу­де. Осы­ған байланысты суару жүйе­­лері­нің техникалық жағ­дайын, шахталық, құбырлық құ­дық­­тарды қалыпқа келтіру мүм­кін­дігін және қаржылық тұр­ғы­дан ұтымдылығын анықтау қарас­­­тырылып отыр. Өйткені, бар­­лық суландыру жүйелері 1991 жылға дейін тұрғызылған және олардың нормативтік қыз­мет көр­сету уа­қыты өтіп кеткен. Бұрын­­­ғы кезде салынған, бірақ жайы­­­лым­­­дардағы жұмыс істе­мей­тін шах­талық және құбырлық құды­қ­­т­арды қалпына келтірумен қатар, жаңа сумен қамтамасыз ететін ғи­ма­раттарды тұрғызу көз­делмекші. 

Жайылымдық жерлердегі мал шаруашылығын дамыту бағ­дарламасы − жайылымдық жер­­лердегі мал шаруашылығы  сала­­­сының дамуына оң ықпа­лын тигізеді. Ет өндірісінің экспорт­тық әлеуетін арттыру, тозған жа­йы­лымдарды қалпына келтіру және оларды дұрыс пайдалануды қарастырумен қатар, ауыл тұр­ғын­дарының әлеуметтік жағ­дайын жақсартуды қамтиды. Ел аумағында үлкен көлемде шөлейтті жерлерде жайылымдар шоғырланған. Бұл жайылым­дар көлемі ТМД елдері жайы­лым­дарының 60 пайызын, ал Ор­та­лық Азия мемлекеттері жайы­­лымдарының 71 пайызын құрайды. Соңғы деректер бойынша мал азығының 75 пайы­­зын беретін табиғи жа­йы­лым­­дардың ауданы 188,59 млн га құрайды, бұл мемлекет қо­рындағы жер көлемінің 69 па­йызын құрайды. Барлық жайы­лымдардың ішіндегі жайлау­лық жайылымдар − 51,6 млн га, күздік және көктемдік – 77,1 млн га, қыстаулық − 30 млн га, ал жыл бойына пайдаланатын жайы­лымдар 26,3 млн га жайылым­ды құрайды. Мал азығы қоры жайы­лымдық жерлердің қол­да­нылу қарқындылығына байланысты. Жайылымдардың 77 пайызы жазық жерде, оның ішінде 25 пайызы құмда, 18 пайызы таулы және қыратты жерлерде, ойпаттарда 5 пайызы орналасқан.

Жайылымдардағы негізгі суландыру құрылғылары − шахталы және құбырлы құдықтар. Қазіргі кезде мал суғару бекеттеріндегі құрылымдардың көбісінің су жинау резервуарлары қираған, суару наулары, төселген тақталар бұзылып алынған. Құдықтар көмілген, суалу құрылғылары бұзыл­ған,тік ұңғылы құдықтарда су көтеретін құрылғылары жоқ және минералды су көздері мүлдем қолданылмайды. 

Жалпы, жылдан жылға халық­тың қолындағы мал басы көбейіп келеді, осыған байланысты жазғы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану өте қажет, ол үшін жа­йы­лымдық жерлерді суланды­ру құрылымдары мен құрыл­ғы­ларын жөндеуден өт­кізіп, жа­йы­лым­дарды қалпына кел­тіру қажет. 

 Соңғы 20 жылда жайылым­дық жерлерде осы құдықтар мен ұңғымаларға байланысты инвентаризация, судың минералдануы және техникалық жағдайына зерт­­теу жүргізілмеді. Дұрыс пай­да­ланбаудың салдарынан суландыру құрылғыларының 70 пайызы істен шыққан. 

Қазір бұл мәселемен ҚазҰАУ ғалымдары айналысуда. Шахталы құдықтарды, тік ұңғымаларды тазарту мен дезинфекциялау және су көтеру жабдықтарына тех­ни­ка­лық қызмет көрсету үшін жаңа жылжымалы қондырғы­ны тәжі­­рибелік сынақтан өт­кі­зіп өн­­діріске енгізумен шұғыл­дана­мыз. Сонымен қатар, осы су көтеру қондырғылары күн сәу­ле­сінің және жел күшінің энер­­гия­ларын қолданып жұмыс істе­­тіп, жеке шаруашылықтарды жағармай мәселесінен босат­­пақ­шымыз. Жайылымдық аймақ­­ты сумен қамтамасыз ету мәсе­лесін шешу үшін суландыру қон­дыр­ғы­ларының қажетті санын анық­тау және Қазақстанның жайы­лымдарын суландырудың картасын жасау қажет. 

Түйіндей келгенде, еліміздегі жайылымдардың экология­лық өнімділігінің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қазіргі кез­дегі табиғатты пайдалану сала­сында көптеп қолданылып жүр­ген геологиялық ақпараттық жү­йелік технологияны пайдалану арқылы жайылымдарды аудандау және олардың табиғи өнімділік жүйесін есепке алып отыратын арнайы порталдық жүйелер құру мәселесін қарастыру керек деп санаймыз.

Тілектес Есполов,  Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің  ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик