• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Маусым, 2017

Ұлттық мұраның жанашыры

255 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық өнер университетінің Шопен залында Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қазақстанда этноорганология ғылымының негізін салған Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың 90 жылдығына арналған «Қазіргі заман: музыкатану және этноорга­но­логия мәселелері» атты халық­ара­лық конференция өтті.

Конференцияның ашылу салта­натын­да университет ректоры, профес­сор, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева ғылыми шараның мән-маңызына тоқтала келіп: – Біз Болат Шамғалиұлының өз ғұмы­­рын­да ғасырға татитын еңбек атқа­рып кет­кенін білеміз. Ол ежелгі көне музы­ка­лық аспаптарды тауып, жүйелеп, қалпына келтірумен қатар, бұларды халықтың рухани өміріне енгізе алды. Осылайша біз замана керуені көшкен сайын қолданыстан тыс қалған, ұмыт болған музыкалық аспаптармен және олардың ерекше үнімен бүгінде қайта қауышып отырмыз, – деді. Белгілі дипломат Қайрат Сарыбаев Болат Сарыбаевпен туыстығын мақтан тұтатынын, аталары Шамғали Ташкент­тің Коммунистік универ­ситетінде, одан кейін Абай атындағы мемлекеттік педа­гоги­калық институ­тында ұзақ жылдар сабақ бергенін, ал оның әкесі Харес те Жәң­гір ханның тұсында Ордада мек­тепте мұғалім болғанын, үлкен аналары Нәсима (Болат Сарыбаевтың анасы) «Қазақ әдебиеті» басылымында көп жыл­дар жұмыс істегенін тілге тиек етті.  Қайрат Шораұлы:  – Елбасы «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласында білім, тарих, мәдениет, тіл мемлекетіміздің темір­қазығы болып саналады деген болатын. Ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің сал­танат құруы, міне, осыдан келіп шыға­ды. Болат Сарыбаевтың сарқылмас мол мұрасы – осының жарқын дәлелі. Ол халқымыздың музыкалық аспаптарын баға жетпес құндылық деп таныды.  Ғалым бұларды зерттеп қана қоймай, оны уағыздай білді. Ұлттық аспаптардан құрылған «Шертер», «Фараби сазы», «Отырар сазы» ұжымдарын Бөкеңнің бастап бергені өз алдына бөлек әңгіме. Прагматизм, инновациялық жаңалық деген осы, – дей келіп, Дина Нұрпейісова Бөке­ңе өз қолымен бала күнінде домбы­расын ұстатқанын, бата бергенін айтты.  Пленарлық мәжілісте алғашқы бо­лып сөз алған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының про­фессоры Әсия Мұхамбетова Б.Сары­баев тағдырының жұмбағына үңілді, оның жазбалары, мақалалары, диссертация­лары қоғам санасында сілкініс туғызса, ғылы­­ми ізденістерінің нәтижесі қайта қалпы­на келтірілген көне музыкалық аспап­тары қазақ мәде­ниетіне құбылыс ретінде қабыл­данды. Б.Сарыбаев зерттеулеріне дейін қазақта тек домбыра, қобыз, сыбыз­ғы аспаптары ғана болған деген жаңсақ пікір қалыптасып қалған еді, деді.  Өнертану ғылымының докторы, Ресей өнер тарихы институтының про­фес­­соры Игорь Мациевский аспаптық му­зы­­ка мәдениетінің жинақтаушысы әрі зерт­­теушісі Болат Сарыбаевтың отан­­сүй­­гіштігі, ғылымға, өз халқына деген адал­дығы туралы ой толғап, шы­ғар­машылық қызметіне жан-жақты тоқталды.  – Оның толассыз ғылыми ізденістері қазақ ұлттық музыка аспаптары туралы түсінігімізді барынша кеңейтті. Орталық Азия елдерінде ғана емес, бұрынғы Кеңес одағы кеңістігіндегі елдерде де этноорганология ғылымының дамуына үлкен әсер етті, – деді ғалым.  Өнертанушы ғалымдар Р.Малды­баева, Г.Абдрахман, Г.Әлпейісова, Г.Тасқарин, Л.Халтаева, Ұлттық му­зей­­дің ғылыми қызметкері Р.Нүр­кенов, журналист Б.Оспан, Бакудегі У.Гаджибеков атындағы музыка акаде­мия­сының оқытушысы Ф.Сафа­ралиева, өнертану ғылымының канди­даты, Ресей өнер тарихы институтының аға ғылы­ми қызметкері Г.Тавлай және бас­қа­лар музыкатану саласындағы зама­науи бағыттар мен этноорганология мәселелерін қозғады.  Конференцияда сөз сөйлеген Бөкең­нің қызы Майра мен келіні Гүлнәр әкесі­нің қара­пайымдылығы, еңбек­қор­лығы тура­лы баяндады. Өнер зерттеу­шісі басы­нан ешқашан тақиясын таста­ма­ға­нын, іссапарға шыққанда қолын­дағы бар а­қша­сына барған жерінен музыка­лық ас­п­аптар ғана сатып әке­летінін айтып, Б.Сарыбаевтың 90 жыл­дығына арнап ұрпақтары шығарған «Болат Сары­баев. Қазақтың музыкалық аспап­тары» кітабын сыйға тартты. Конференция аясында ҚазҰӨУ әзір­ле­ген «Сарыбаев Б.Ш. Мақалалар мен мате­риалдар» жинағының (құрастырушы С.Боранбаева) таныстырылымы өтті. Жинаққа Б.Сарыбаевтың мақалалары, қазақ зиялыларының қазақ аспаптану ғылымы туралы ой-толғамдары, Б.Сары­баевқа арналған мақалалар, қосым­ша фото­су­реттер мен естеліктер топтас­ты­рылған.  Сондай-ақ, конференция қонақтары университеттің Ақпараттық-кітапхана қыз­меті әзірлеген «Болат Сарыбаев көр­нек­­ті ғалым-этноорганолог» құжат­тық кітап көрмесі мен Ұлттық музей қо­рын­­дағы Болат Сарыбаев коллекция­сы­нан ұйымдастырылған музыкалық ас­па­п­тар көрмесін тамашалады. Осы шара ба­рысында тағы бір қызық дерекке кезік­тік. Ғалымның өмір бойы тірнектеп жи­на­ған әлем халықтары музы­калық аспап­тарының 309 данасын ұрпақтары Ұлттық музейге табыстаған екен.  Еске сала кетейік, халықаралық конфе­рен­цияға қазақстандық ғалымдармен бірге Ресей, Әзербайжаннан белгілі ғалымдар қатысты. 

Ғазиза Исахан, Ақпараттық кітапхана қызметінің басшысы