• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Футбол 16 Маусым, 2017

Фазылбек Әбсаттарұлы: «Балаларға футболды ағылшын тілі арқылы үйретеміз»

821 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда елімізде ала допқа аңсары ауып, болашақта танымал футболшы болғысы келетін жастар мен жасөспірімдердің қарасы қалың. Осындай талантты жастардың басын біріктіріп, аула командасын әуесқой футбол клубына айналдырған жандар кемде-кем. Соларды бірі – Фазылбек Әбсаттарұлы. 2014 жылы «Арландар» футбол клубының негізін қалаған Фазылбек мырзаның клубында тек қазақ балалары ғана доп тебеді. Бұл қолдан жасалған сұрыптау емес, қалыптасқан құбылыс екен. Сондай-ақ, мұнда балаларға футболды тек ағылшын тілінде үйретеді.

– Фазылбек аға, әңгімемізді балалар футбол клубын құруыңыздан бастайықшы. Футбол саласында кәсіпкерлікпен айналысуыңызға не түрткі болды?

– Аула командасын құру туралы ой бірден келген жоқ. Екі жыл Жапонияда тұрып, елге келген сәтте біраз қиыншылықтар болды. Бірақ, соған қарамастан өз бизнесімді бастауға тырыстым. Кешкісін қатты шаршайсың. Денемдегі күйзелістен арылу үшін спортпен жүйелі түрде шұғылдану керектігін түсіндім. Күнде, күнара аулаға шығып доп тебуді әдетке айналдырдым. Осылайша, ауладағы балалармен тіл табысып, дос болып кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Жаз мезгілі таяп қалған шақ, балалар арасында «Жазды қалай, қайда өткіземіз?»,- деген сұрақ пайда бола бастады. Ал менің балалардан, балалардың менен ажырағысы келмейді. Ғаламторды ақтарып, аула клубы туралы мәліметке тап болдым. Сөйтіп, ауладағы «достарыммен» команда құрдым. Алғашында клубтың атын тұрғылықты жерімізге байланысты «Ақмешіт» деп қойған болатынмын. Кейіннен «Арландарға» ауыстық. Міне, аула командасы осылай құрылды.

– Аға, жақын арада Португалияның Брага қаласында өтетін халықаралық «BragaCup» турниріне қатысқалы жатыр екенсіздер. Осы турнирге шақырту қалай түсті?

– Клуб құрып, алға мақсат қойған соң шетелдік турнирлерге қатысқымыз келді. Осы ойымды қағазға түсіріп, UEFA-ға ашық хат жаздым. Олар хатымды алып, маған Португалияда өтетін жасөспірімдерге арналған «Braga Cup» жарысына қатысуымызды ұсынды. Ол турнирдің ұйымдастырушыларына да хат жазып, жағдайымызды түсіндірдім. Наурыз айында жарысты ұйымдастырушылар Брагадан Астанаға арнайы өкілдер келіп, екіжақты достық-әріптестік туралы меморандумға қол қойдық. Сөйтіп, олар бізді алдағы турнирге әріптестері ретінде шақырды.

– Шетелде UEFA аясында өтетін турнирлердің басым көпшілігі ақылы екенін білеміз. Яғни, әр қатысушы белгілі бір мөлшерде жарна төлеуі керек. Қателеспесем, бұл турнирде осы ақылы санатқа жатады. Қаржы жағын қалай шештіңіздер?

– Дұрыс айтасыз. Еуропадағы көп турнирлер ақылы түрде өтеді. Біз қатысқалы жатқан турнир де ақылы. Ереже бойынша әр балаға 130 еуро жарна төлеу керек. Бұл балалардың барып-қайту билетінен, жүріп-тұру және ішіп-жемінен бөлек ақша. Бірақ біз «Braga Cup» турниріне тегін қатысуға мүмкіндік алдық. Тек, барып-қайту билеті өз есебімізден. Ал бізді Порту қаласынан Брагаға жеткізу, жатын орын, қала бойынша мәдени-танымдық экскурсияны жарыс ұйымдастырушылары өз мойынына алып отыр. Бұл ұйымдастырушыларының бізге жасап отырған жеңілдігі.

– Сіздермен әріптестік байланыс орнатқандардың қатарында Францияның «Paris Kazakspor» клубы да бар екен. Ол жақпен байланыстарыңыз қалай? 

– «Paris Kazakspor» клубымен де биыл меморандумға қол қойған болатынбыз. Аталған клубпен байланыс орнату біз үшін өте маңызды. Себебі, 1986 жылы құрылып, бүгінде Франция лигасында ойнайтын, «Париж кубогын» бірнеше мәрте жеңіп алған тарихы терең командамен әрістестік қатынас орнату алдағы уақытта бізге зор пайдасын береді деп ойлаймын. Сонымен қатар, қазір «Аякс» (Нидерланд), «Барселона» (Испания), «Бешикташ» және «Галатасарай» (Түркия) сынды клубтардың жастар құрамасымен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

– Сіздерге мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрсетіліп жатыр ма? Қазақстан футбол федерациясы тарапынан ше?

– Өкінішке қарай, қазір мемлекет тарапынан да, федерация тарапынан да ешқандай қолғабыс болмай тұр. Дегенмен, алдағы уақытта қолдау болады деген үміттемін.

– Клубыңыз тек осы жарысқа қатысумен шектеліп қалмайтыны анық. Болашақта басқа да халықаралық турнирлерге қатысуларыңыз мүмкін. Демеушісіз қиын болмай ма?

– Әрине, қазіргі таңда демеушісіз қиын. Өзім көмек көрсетіп қалады-ау деген есіктердің бәрін қағып көрдім. Еш нәтиже жоқ. Егер, мүмкіндік болса демеуші емес, шет елдің бірінен инвестор іздеген дұрыс сияқты. Себебі, демеуші клубқа құйған қаржысының қайтатынына сенімді болғанын қалайды ғой.

– Командаңыздың бір ерекшелігі, жаттығуларыңыз ағылшын тілінде өтеді екен. Бұл идея қайдан пайда болды?

– Біз балаларға футболды ағылшын тілі арқылы үйретеміз. Себебі, футболдың отаны мен тілі ағылшындардан бастау алады. Мысалы, мен «Манчестер Сити» футбол клубының жаттықтыру методикасын дұрыс көремін және сол бойынша жұмыс істейміз. Бір айта кетерлігі, балаларды ағылшын тілінің грамматикасына, жазуына емес, тек ағылшынша сөйлеу тіліне баулимыз. Тәрбиелеп жатқан шәкірттерім болашақта Еуропалық клубтардың байқауларын барады. Сол кезде тіл жағынан қиындық көрмейді.

– Фазылбек аға, қазіргі уақытта жаттығуларыңызды мектеп алаңында өткізіп жүрсіздер. Бұл әзірше уақытша құбылыс екені анық. Алдағы уақытта өз алаңдарыңызды салу жоспарда бар ма?

– Әрине, жоспарда бар. Онсыз болмайды. Үлкен болмаса да шағын алаңымыздың болғанын қалаймыз. Қазір алаң салып беруге ниетті инвестор іздеу үстіндемін. Сондай-ақ, осы мақсатта арнайы жоба дайындап жатырмын. Бұйырса, жобамды UEFA мен шетелдік компаниялардың алдында қорғап, келіссөз жүргізіп көремін.

Әңгімелескен Шамкен БАЙЫРБЕК,

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті