Салалық мамандарға сұраныс басым Облыстық мәслихат жанындағы денсаулық сақтау комиссиясының жетекшісі Юрий Белоног келтірген деректер бойынша, сәбилердің шетінеуі – 8,4, туберкулезге шалдығу 2,5 пайызға төмендеген. Аналар өлімі тіркелмеген. Ал қан айналымы жүйесі, рак аурулары көрсеткіштері республикалық деңгейден жоғары. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлер медицина ұйымдарында 1390 дәрігер, 5081 мейірбике жұмыс істейтінін, соңғы үш жылда 233 жас маман келгенін, олардың 109-ы ауылдық жерлерге жіберілгенін жеткізді. Биыл денсаулық сақтау саласына 12,8 миллиард теңге бөлініп, медициналық құрал-жабдықтар алуға 1 миллиард теңге, сондай-ақ 20 нысанды күрделі жөндеуден өткізу қарастырылған. Баяндамашылардың мәлімдеуінше, облыс тұрғындарының 180 мыңға жуығы диспансерлік есепке алынып, 70 мыңдайына дәрі-дәрмек препараттары тегін беріледі. Бұл цифр мақтанарлық емес. Үш тұрғынның бірі дімкәс деген сөз. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «Денсаулық» бағдарламасының сылбыр атқарылып жатқанын, қордаланған мәселелерді тізбелегеннен гөрі шешудің нақты да тиімді жолдарын іздестіруді, алдын алу шараларын ширатуды талап етті. Партия ұйымдары мен жұмыс берушілердің назарын халық арасында саламатты өмір салтын жүйелі насихаттауға аударды. Дені сау ұрпақ өсу үшін «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген халықтық тәжірибеге жүгіну керектігін айта келіп, ауруханалар мен емханаларды білікті, кәсіби мамандармен толықтыру, оларды орнықтыру, әлеуметтік жағдайлар жасау жұмыстарының жүйелі жүргізілмейтінін, мәселе көбіне келісімшарт төңірегінен аспайтынын атап көрсетті. Өңірде әлі 316 дәрігер жетіспейді. Ауылдарға 129 маман керек. Әсіресе, педиатр, лор, акушер-гинеколог, окулист, фармаколог мамандарына сұраныс басым. Облыс орталығында 266 дәрігер баспанаға зәру. Елімізде, Ресейдің көрші облыстарында оқып жатқан түлектерді кері оралту жайы қанағаттандырмайды. Құмар Іргебайұлы № 1 қалалық емхананың бас дәрігері Светлана Кащенцеваның жастар жатақханаларын салу туралы ұсынысын қолдап, бюджеттен қаржы қарастыруды, демеушілерді тартуды тиісті орындарға тапсырды. Светлана Тимофеевнаның айтуынша, мекеме тарапынан үш жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жас дәрігерлерге жылына 8 миллион теңге тұрғын үй өтемақысы төленеді. Бір өкініштісі, жолдамамен келетін кадрлардың дені жалпы тәжірибедегі дәрігерлер көрінеді. Салалық мамандардың үлесі төмен. Сосын ауруханалар мен емханалар шаруашылық жүргізу құқындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға айналғалы үй кезегінде тұру мәселесі күрделене түскен. Бүгінде медицина саласында қызмет атқаратын дәрігерлердің 215-і зейнеткер, 94-і зейнет жасына жеткенін ескерсек, қордаланған проблемаларды кешенді түрде шешпейінше, жағдайды оңалту қиынға соғатын түрі бар.
Кедергісіз кірудің машақаттары Елбасы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналу тиістілігін алға тартқан болатын. Бюро отырысында Шал ақын және Тайынша аудандарының әкімдері ғаріп жандарға жасалып жатқан қамқорлықтар жайлы баяндады. Олар істің тігісін жатқызып, күнгей жағын молырақ қамтуға тырысқанымен, партия өкілдері жүргізген тексеру жағдайдың керісінше екенін айғақтап берді. Мысалы, 793 мүмкіндігі шектеулі жан тұратын Шал ақын ауданында емхана, дәріхана, ішкі істер бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы, мәдениет үйі, қазақ мектебі ғимараттарына кіру – мүгедектер үшін бір мұң. «Қазпоштаның» аудандық бөлімшесінде қоңырау жұмыс істемейді. Жұрт- шылық жиі бас сұғатын әлеуметтік қорғау бөлімінде пандус талапқа сай жабдықталмаған. Осыған ұқсас жағдайлар Тайынша ауданында да молынан кездеседі. Мұнда орталық емхана мен «Үміт» қарттар орталығы ғана мүгедектер үшін қолжетімді қызмет көрсетсе, қалған мекемелерде «кедергісіз» деген құр аты ғана. – 2012 жылы қолға алынған бағдарлама келесі жылы аяқталуы тиіс. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар сын көтермейді. Бізге нақты іс, тегеурінді қимыл қажет, – деген аймақ басшысы іске салғырт қараған өзге аудан әкімдеріне қатаң шара қолданылатынын ескертті. Мұның алдында қоғамдық кеңес мүшелері кембағал адамдардың мекемелерге кедергісіз кіру жайына кезекті рейд ұйымдастырып, көптеген олқылықтарды анықтаған болатын. Мәселен, бірқатар пандустарда сатының бұрыштары мен шыны есіктер көз кемістігі барлар үшін қанық сары түспен белгіленбеген. Ғимарат сыртына морзе әліпбиімен жазылған ақпарат ілінбеген. Кей сауда орындарында есікке қоларба кептеліп қалады, дейді «Мы такие же как все!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Сапко. Қалалық балалар емханасында қоңырау алысқа орнатылған, оның өзі істен шыққан. Дәретханалар да мүгедектер үшін тым қолайсыз. Былтырдан бері 380 нысан тексеріліп, ортақ талапты орындамағандардың айыппұл төлеулеріне тура келген. Алайда, қорытынды шығарып жатқандары саусақпен санарлық. Ал саяси кеңестің бюро отырысында қатты сынға ұшыраған аудан әкімдеріне сөгіс жарияланып, жазаға тартылуына қарағанда талаптың күшейері, жағдайдың түзелері анық.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы