Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы отырыста қаралатын тақырыптарды бекіту қажеттігін мәлімдеп, депутаттарды күн тәртібінде талқыланатын мәселелерге дауыс беруге шақырды. Нәтижесінде, ең алдымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күй туралы» Жолдауы, содан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау жөнінде» шешім қабылданды.
Бірінші мәселе жөнінде баяндама жасаған Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов 2017 жылғы конституциялық реформа Қазақстанның барынша дамыған отыз елдің қатарына кіруі тұрғысында қоғам мен мемлекетті рет-ретімен жан-жақты жаңғырту жолындағы заңды кезең болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол бұл кезең Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Бес институттық реформаның орындалғанын көрсететінін және Қазақстанның Үшінші жаңғыруы аясында жаһандық бәсекеге қабілеттілік жағдайында еліміздің берік ұстанымының қамтамасыз етілуі үшін саяси-құқықтық алғышарт болатынын баса айтты.
«Мұның алдындағы Жолдау жария етілгеннен кейінгі жыл ішінде Қазақстан мемлекеттілігі мен оның конституциялық эволюциясы үшін айтулы оқиғалар болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекеленді және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдау арқылы іске асырылған конституциялық реформа жүргізілді. Айрықша қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесінің кеңейтілуі оның мемлекет тәуелсіздігімен, Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Тұңғыш Президент – Елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптерімен және Елбасы мәртебесімен толықтырылуы заңнамалық және институттық деңгейлерге барабар кепілдіктер алуы тиіс», деді И.Рогов.
Сонымен қатар, баяндамашы өз сөзінде биылғы жылы жүзеге асырылған еліміздегі конституциялық реформа Еуропалық комиссия тарапынан оң қорытындыға ие болғанын да атап өтті.
«Конституциялық Кеңес Жолдауына Еуропалық кеңестің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы) 2017 жылдың 10 наурызындағы 110-жалпы сессиясында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бойынша оң қорытынды бергені белгілі. Венеция комиссиясының пайымдауынша: «Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мемлекетті демократияландыру процесіндегі алға басылған қадам болып табылады. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт береді және айқын прогрестің куәсі болып табылады. Тұтастай алғанда, Парламент пен оның палаталарының рөлін жоғарылату, Президенттің кейбір қызметтерін Үкіметке беру және Парламентке есеп беруі мен бақылауында болуы тетіктерін күшейту 1998 және 2007 жылдары жүргізілген конституциялық реформалардың қисынына сәйкес келетін оң өзгеріс болып табылады», деді Конституциялық Кеңес Төрағасы.
И.Рогов таныстырған «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі» туралы жыл сайынғы Жолдауына қатысты арнайы қаулы бірауыздан қабылданғаннан кейін, сөз кезегі «Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөнінде» баяндама жасау үшін Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековке берілді.
Қаржы министрі келтірген деректерге көз жүгіртсек, өткен жылы елдегі экономиканың өсуі 1 пайызды құрап, бюджеттің кірістері 7,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2015 жылдың көрсеткіштерінен 1,5 трлн теңгеге көп. Десек те, бюджет кірістерінің әлі де болса Ұлттық қордан тартылатын трансферттер мен әлемдік шикізат нарығы конъюнктурасының өзгеруіне тәуелділігін ешкім жоққа шығара алмайды.
«Оның баламалы әрекеті ретінде елімізде салықтық түсімдерді ұлғайту мен бизнеске әкімшілік қысымдарды азайту аясындағы жұмыстарға басымдықтар берілуде. Мәселен, үстіміздегі жылы салық тексерулерін 37,5 пайызға қысқартамыз. Бұдан басқа, жаңа Салық кодексі жобасында осы тексерулерге себеп болатын негіздемелердің 56 пайызы алынып тасталады. Сонымен, қазіргі 32 норманың 14-і ғана қалатын болады», деді Қаржы министрі.
Ал Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков болса, квазимемлекеттік сектор субъектілері экономиканың едәуір бөлігін алып отырғанын алға тартты. Дегенмен, олардан күтілетін салым салық базасын қалыптастыру деңгейінде де, экономика салаларының дамуында да жеткілікті деңгейде қайтарылмайтын көрінеді. Себебі, мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігіне бақылау және мониторинг жеткіліксіз. Осы мәселеге қатысты Есеп комитетінің ұстанымын білдірген ведомство басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінен қайтарымды арттыру қажет екендігін атап көрсетті. Бұл мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компанияларды нәтижеге бағдарланған бюджеттеу принципі бойынша қаржыландыруға мүмкіндіктер береді.
«Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына әкімшілердің қызметіне тікелей байланысы жоқ көрсеткіштер енгізілуде. Бюджет қаражатының толық игерілгеніне қарамастан, жекелеген нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбеу орын алуда. Мұның бәрі бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар жауаптылығының төмендеуіне әкеліп соғуда. Сонымен қатар, мемлекеттік аудит туралы жаңа заңның қабылдануына және әдістеменің жаңа форматқа көшуіне орай, қаржылық бұзушылықтар құрылымының айтарлықтай өзгергенін атап өткім келеді. Егер бұрын бұзушылықтардың жалпы көлемінде едәуір үлесті бюджет заңнамасын бұзу құраса, бүгінгі күні оның 66 пайызы бухгалтерлік есепті жүргізу қағидасын сақтамаудан тұрады. Бұл жалпы есеп сапасының төмендеуін, қызметкерлерді даярлау және біліктілігін арттыру проблемаларын растайды», деді Н.Әбдібеков.
Сол себептен де есепті кезеңде Үкіметке және мемлекеттік органдарға 53 ұсыным мен 324 тапсырма жіберілген. Ал Сенат пен Мәжілістің бейінді комитеттерінде және жұмыс топтарының отырыстарында болған талқылау кезінде Есеп комитетіне 43 сауал түсіп, олардың барлығына белгіленген тәртіп бойынша толық жауаптар берілген.
Сұрақ беру рәсімінде алғашқы болып Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов сөз алды. Оның сұрағы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа арналды. Ол «Қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтарудың тетігін қашан жетілдіреміз, 2016 жылы оның көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетіпті, осынша соманы қайтару бюджеттің кіріс бөлігін ойсыратып кетпей ме?», деп сұрады. Оған Б.Сағынтаев өнімдерін экспортқа шығарушы компанияларға ҚҚС-ты қайтару белгіленгенін, бүгінгі таңда олардың саны 300-ге жеткенін, жоғарыда аталған сома толықтай қайтпайтынын, олар әлі де тексерілетінін жеткізді. Бүгінгі таңда ҚҚС-тың 70 пайызы бірден қайтарылады, бірақ тексеру барысында қателіктер болса, онда айыппұл ретінде ол бюджетке түседі. Барлық әлемде бұл істі қадағалауды жетілдіру қолға алынған. Соның бір амалы – электронды есеп-фактуралар арқылы тексеру. Біз де бұл әдісті қолданудамыз, дей келіп, Б.Сағынтаев ҚҚС-тың бәрібір қайтарыла беретінін жеткізді.
Екінші сұрақты сенатор Ерболат Мұқаев қойды. Ол соңғы жылдары банк активтерін қолдау жиілеп кеткенін, осы мақсаттарға ауқымды бюджет қаражаттары бөлініп отырғанын айта келіп, «Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасына тексеріс жүргізе ме?», деп сұрады. Оған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жауап беріп, дағдарыс жылдарынан кейін банк активтерінің өтімділігі артып келе жатқанын жеткізді. «Банк туралы жаңа заң екінші деңгейдегі банктерді сауықтыра түсуге мүмкіндік береді», деді ол.
Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке квазисектор субъектілерінің жарғылық капиталына қатысты сұрақ қойды. Біз болашақта осы сектор субъектілерінің ұзақ мерзімді жобаларын қаржыландыруды жылдық жоспарларын қалай орындағанына қарап жасайтын боламыз, деп жауап қайтарды Т.Сүлейменов.
Сенатор Мұхтар Алтынбаев елімізде ШОБ-тың неге жақсы дамымай отырғанын сұрады. Оған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жауап беріп, оның көптеген себептері бар екенін айтты. Соның ішінде теңге бағамының өзгеруі де кесірін көп тигізгенін жеткізді. Сонымен қатар, тексеру жұмыстарының да ШОБ-тың дамуына кедергі келтіретінін, алайда, бұл істе айтарлықтай прогреске қол жеткізілгенін айтты.
Осыдан кейін де бірнеше депутат Үкімет мүшелеріне сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Сұрақ беру рәсімі аяқталған соң қосымша баяндамалар жасалды, онда Мәжілістің атынан Серік Құсайынов сөйледі. Республикалық бюджеттің жоспарлануы мен тиімді орындалуы жылдан жылға жақсарып келе жатыр деп айта алмаймыз. Былтыр бюджет екі рет нақтыланып, 31 рет қайта қаралды. Бюджеттің түсім бөлігі 100,2 пайызға орындалғанымен, Есеп комитетінің анықтағанындай, ол 99 пайызға ғана орындалып, 76 млрд теңгенің түспегені белгілі болды, деді ол. Сонымен бірге, ол 2 мыңнан астам заңсыз талаппен 1 трлн теңгеден астам ҚҚС қайтарылғанын жеткізді. Осының өзі бюджеттің түсім бөлігіне едәуір салмақ түсірген.
Салық бойынша төленбеген қаржы да өсіп, 98 млрд теңгеге жеткен. Ал айыппұл сияқты түсімдердің 181 пайызға артқанын депутат салық органдарының тиімсіз жұмысы, жазалау шараларын орынсыз арттырғаны деп бағалады. Бюджет шығыстары туралы айтқанда С.Құсайынов 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға қарағанда 185 млрд теңге есепшоттарда қызмет етпей жатқанын жеткізді.
Сенаттың атынан депутат Сергей Ершов баяндама жасады. «Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында белгіленген 479 мақсатты индикаторлардың 372-сі іске асып, жоспар 78 пайызға ғана орындалған. Барлық индикаторлардың 83-і «Бәсекелестіктің жаһандық индексіне» жатқызылатын болса, соның 39-ы пайызы орындалған. Елбасы 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына енуіміз керек деген міндет жүктеп отырғанда бұл жұмыстар ауыз тұщындырмайды, деді депутат. С.Ершов Үкімет пен Есеп комитетінің республикалық бюджеттің 2016 жылы атқарылғаны туралы есебін айтылған ескертулермен бекітуді ұсынды.
Осыдан кейін талқылау болып, оған екі палатадан бірнеше депутат қатысты. Бірлескен отырыс қорытындысында Парламент палаталары Үкімет пен Есеп комитетінің 2016 жылдың бюджетінің атқарылуы туралы есептерін бекітті.
Сонымен бірге, бірлескен отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы жүргізген конституциялық реформаға байланысты Парламент Регламентіне өзгерістер енгізілуі қажеттігін, осыған орай Регламент жөніндегі бірлескен комиссия құрылатындығын айтты. Парламент Регламентінің 87-тармағына сәйкес, Мәжіліс пен Сенаттың өз отырыстарында тағайындалған тиісті өкілдерін негізге ала отырып, бірлескен комиссияның құрамы бекітілді. Комиссия құрамына Сенаттан А.Бейсенбаев, М.Бортник, Д.Кәлетаев, Г.Ким, Мәжілістен С.Абдрахманов, Н.Әбдіров, В.Косарев, А.Перуашев кірді. Бірлескен комиссияның төрағасы болып Парламент Сенатының депутаты Асқар Бейсенбаев сайланды.
Жақсыбай САМРАТ, Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»