Жаңа қондырғы Жылыой ауданы аумағында орналасқан Прорва кен алаңындағы ілеспе газды тазартуға арналған. Оның құрылысы 2014 жылдың жаз маусымында басталған болатын. Қуатына келер болсақ, жылына 150 миллион текше метр газ өңдеуге қауқары жетеді. – Алдымен, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жатқан компания басшылығы мен ұжымына алғыс білдіре отырып, келіп жеткен 95 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Бір сәт тарихқа көз жүгіртер болсақ, сонау 1899 жылы Жылыой ауданындағы Қарашүңгіл кен орнында қазақ мұнайының тұңғыш бұрқағы атқылаған болатын. «Қара алтын» тарихы осы аймақтан басталады. Соның ішінде, мұнайлы Ембі отандық мұнай кәсіпшілігінің негізін қалады десе болады. Бүгінде ол нарық қиындығына қарамастан, аяғына тік тұра білді. Жұмыс барысына жаңа технологиялар енгізілуде. Соның айқын көрінісі, бүгінгі ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының іске қосылуы. Сөз жоқ, бұл – ірі жоба. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінгі заман – технология дәуірі. Жаңалықсыз, жаңа технологиясыз өндіріс алға баспайды. Бүгін салтанатты түрде ашылып отырған жаңа қондырғы – ғасырдан астам өнім өндіріп келе жатқан Ембі өндірісінің соны жаңалығы. Онда қоршаған ортаға қауіпсіз тың технология қолданылады. Яғни, зиянды қалдықтар бөлінбейтіндей етіп күкіртті сутекті жоюдың тиімді тәсілі қолданысқа енбек. Екіншіден, үш түрлі өнім шығарылып, ол көрші аймақтарға тасымалданатын болады. Ендеше, жаңа ұжымға сәтті бастама тілей отырып, аз уақыттың ішінде ол бай тәжірибе мен білікті мамандар арқасында зор мақсаттарға жетеді деп сенім білдіремін, – деп атап өтті құттықтау сөзінде Сауат Мұхаметбайұлы. Жаңа жобаның құндылығы сол, түйіршікті күкірт өндіру үшін елімізде тұңғыш рет қышқыл газдарды күкірттен тазартуға арналған «MERICHEM» фирмасының патенттелген «LO-CAT» технологиясы қолданылатын болады. Америка Құрама Штаттарында дайындалған заманауи қондырғының әлемде қазір 160-ы жұмыс істеп тұр. Бұл технология экологиялық жағынан таза, әрі, құрамында токсикалық химикаттар жоқ. Ол күкірт қышқылын жоюда жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Газ дайындау үрдісі толықтай автоматтандырылған. Өндіріс барысында қауіпті оқиғалардың алдын алу шаралары толықтай қарастырылған. − Бүгін біз үшін өте маңыз- ды күн. Өйткені, осындай игі бастаманың жүзеге асуы компанияның 95 жылдық мерейтойы- мен тұспа-тұс келіп отыр. Ғасырдан астам уақыт бойы Ембі өңірі ұлттық экономикамыздың дамуына және мұнайлы өңірдің әлеуметтік саласының тұрақтануына үлкен үлес қосып келеді. Жұмысшылар тұрақты жалақымен және қомақты әлеуметтік көмекпен қамтылған. Компанияда жаңа технологиялар енгізіліп, геологиялық-барлау жұмыстары жандануда. Ал, жаңа қондырғы жөнінде айтар болсақ, ол толық жобалау қуатына көшкенге дейін алдағы екі ай бойы кешенді іске қосу жұмыстары жүретін болады. Содан кейін алауды толық сөндіретін боламыз, – деп мәлім етті салтанатты шарада «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков. Жобаның бас мердігері – «Кернеу Лимитед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның жалпы құны 35 млрд теңгені құрайды. Сонымен бірге, қондырғының құрылысы кезінде мердігер мекемелер 500-ден астам уақытша жұмыс орнын ашты. Ал, ол толықтай іске қосылған мезгілде, жүзге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оған тартылатын жұмыс күші – осындай ірі жобаларда жұмыс жасаған тәжірибесі бар қазақстандық жас мамандар. Бұл ретте біз осындағы ұжым мүшелерінің, яғни жұмысшы мамандардың пікірін білдік. − Бұл жобаның тек ұлттық компания үшін емес, жергілікті халық үшін де пайдасы зор. Қондырғы толық іске қосылған соң, алау толығымен сөнеді. Жаңа құрылғы күкірт сутегін зиянсыз затқа айналдырады. Ілеспе газ қысымға алынып, одан жоғары сапалы күкірт (99,99 пайыз) алынады. Сайып келгенде, жыл сайын 100 млн текше метр тазартылған құрғақ газ бен 4 100 тонна тұрақты газ конденсаты және 2700 тонна түйіршіктелген күкірт алынып тұрмақ. Бұл үш өнімді халық өз кәдесіне жарататын болады, – дейді зауыт инженерлерінің бірі Қайрат Байсадықов. Сонымен, ірі жобаның іске қосылуы нәтижесінде заманауи технология көмегімен тауарлық газ, түйіршіктелген күкірт және газ конденсаты шығарылмақ. Сөйтіп, «Толқын» кеніштік газ құбырымен Маңғыстау облысына көгілдір отын тасымалдау жоспарланып отыр. Тұрақты газ конденсаты жеке қажеттіліктерге пайдаланылса, түйіршікті күкірт – ішкі және сыртқа нарыққа сатылымға шығарылады. Тағы бір маңызды нәрсе, қондырғы арқылы мұнай өндірісін молайтуға болады. Ал, жұмысқа жаңадан қабылданған жас маман, химиялық талдау зертханасының лаборанты Гүлжан Нұрбергенова соны бағыттағы қондырғының іске қосылғанын осы жердің түлегі ретінде мақтан ететінін айтады. − Мен Жаңа Қаратонда туып-өстім. Кейін Ақтөбе мұнай-газ колледжінде білім алып, оны Алматыда жалғастырдым. Оқуымды үздік көрсеткішпен бітіріп, туған жеріме оралдым. Қазір Сағидолла Нұржанов кен орнында газ сапасын бақылап, одан алынатын өнім құрамын тексерумен айналысамын. Әсіресе, адам денсаулығы үшін қауіпті саналатын күкірт сутегі мен меркаптан химиялық заттарының құрамын жіті қадағалап отырмаса болмайды. Осында жеті адам еңбек етеміз. Жақында Татарстанның Альметьевск қаласында іс-тәжірибеден өтіп, біліктілігімді арттырдым. Қазақ елі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің ішінде алғаш болып осындай жетістікке қол жеткізіп отыр. Игі бастаманың қазыналы өңірден бастау алып жатқаны қуантады, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Айта кету керек, ілеспе газды тазалау бағдарламасы аясында 2014 жылдан бастап компанияға қарасты қос кен орнында ілеспе газды кәдеге жарату қондырғысы іске қосылған болатын. Оның бірі – «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Салтанат Балғымбаев кен алаңы болса, екіншісі – «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Шығыс Мақат кеніші. Бұл қондырғылар бүгінгі таңда облысымыздың үш аудан тұрғындарын көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етуде. Демек, қолжетімді бағамен дайын өнім ұсынып отыр деген сөз. Газ дайындау және күкірт алу цехының инженер-технологі Мәди Бек те осындағы білікті жас мамандардың бірі. Ол жаңа қондырғының қарапайым халыққа берері мол деп есептейді. − Газ дайындау кешенінде ілеспе газдан үш түрлі өнім алынады. Тауарлы газ халық игілігіне жаратылса, бензин конденсаты мұнай көлемін арттыруға септігін тигізеді. Ал, түйіршіктелген күкірттің ауаға таралу қаупі мүлде жоқ деуге болады. Бір ерекше атап өтерлік жайт, газ құрамындағы күкіртсутек көлемі қалай өзгерсе де, өзге зауыттардағыдай жұмыс тоқтатылып қалмайды, жалғаса береді. Тың жабдық жасалмас бұрын әдейі осы мәселе ескерілген болатын. Осылайша, ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтып, мейлінше жоюға мүмкіндік алып отырмыз, − дейді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ