• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 23 Маусым, 2017

Жас инноваторлар марапатталды

134 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі аясында Нидерланды­ның ұлттық күні атап өтілді. Бұл күн Нидерланды корольді­гі­нің туын көтеру салтанатынан және ЭКСПО-2017 сахнасында елдің әнұранын шырқаудан басталды. Шараға Қазақстан Республикасына екі күндік сапарымен келген Нидерланд экономика министрі Хенк Камп қатысты. Ол ЭКСПО нысандарымен танысып, Қазақстан павильонын көріп шықты.

«Қазақстан – Нидерланды­ның халықаралық қауіпсіздік мәселе­лері жөніндегі аса маңызды серіктесі. ЭКСПО-2017 көрмесі жасыл энергетика тақырыбына арналып отырғаны белгілі. Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, осы салада озық шешімдерді таба­ты­нымызға сенімдімін», – деп атап өтті министр өз сөзінде. Сонымен қатар, Нидерланды­ның ұлттық күніне орайластырылған басты шара Holland Innovation Challenge атты экологиялық бай­қауы­ның қорытындысын жариялау болатын. Нидерландының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы аясында ұйым­дас­тырылған бұл жастар жоба­сын толығымен елдің Сыртқы істер министрлігі қаржы­лан­дырғанын айта кеткен жөн. 2016 жылдың қазан айынан бастап 6 команда ЭКСПО-2017 тақырыбы аясында 4 нидер­­ланды­лық компанияға арнап жаңа бизнес-тұжырымдамалар дайын­дау мақсатында жұмыс жүргіз­ген болатын. Әр команда құра­мын­да екі қазақстандық және екі нидерландылық студент бірле­се жұмыс атқарғанын атап өту қажет. Қазақстан тарапынан Нар­хоз университеті мен Қазақ ұлт­­тық аграрлық университетінің сту­дент­тері, ал Нидерланды тарапы­нан Ваге­нинген университеті­нің (Wageningen), Утрехт универси­теті­нің (Utrecht university) және Гронинген университетінің (Groningen university) студенттері қатысты. Жоба Нидерландтың Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттігімен (RVO) бірлесе отырып жүзеге асырылды. Нидерланд экономика ми­нистрі Хенк Камп жеңімпаз коман­даға жүлдені табыстап, қазылар алқасының таңдауына байланысты пікірін білдірді. «Қазылар алқасы Aquamotion командасының жұмы­сын бірнеше себептерге бай­ла­нысты таңдады: біріншіден, коман­даның идеясы аса өзекті әрі ЭКСПО-2017 тақырыбына сәй­кес келеді; екіншіден, олардың ұсынған тұжырымдамасы иннова­ция­лық жобаға жатады, олар дұрыс шешімді табу үшін талай мәселелерді зерттеп шығуы керек болды; үшіншіден, көтерілген мәселе, яғни таза ауыз суына қол жеткізу – әлеуметтік ма­ңызға ие болғандықтан, қоғам мен ел азаматтары үшін аса қажет. Сол себепті біз байқау жүлдесін осы командаға табыстауды ұйғардық», – деп атап өтті министр.

Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»