Медиа-форум шеңберіндегі шаралар әлемдік деңгейдегі озық ойлы журналистердің өткізуіндегі шеберлік-сабақтарымен басталды. «Шығармашылықпен ойлау контент пен сауданы қалай өрістетеді? Айрықша ойлай білудің артықшылықтары мен оның БАҚ-қа ықпалы қандай?» деген тақырыптағы алғашқы шеберлік-сабағын АҚШ пен Францияға ортақ «Файнэншл Таймс» басылымының арнаулы өкілі Дэвид Эпплфилд жүргізді. Шебердің айтуына қарағанда, қазір интернеттің өтімді контенті маңызды рөл атқарады. Контенттер винегрет салаты секілді толып жатқан аргументтер, контраргументтер мен сараптамаларға толы. Олардың арасында ақша төленгендіктен жазылғандары немесе тегін жазылғандары да қаптап жүреді. Бір сөзбен айтқанда, контенттің толып жатқан қырлары бар. Солардың ішінен пайдалысын, дұрысын қалай таңдап алуға болады? Шебердің айтуына қарағанда, ол үшін бірнеше ақпарат көзінің деректерін салыстырып отыру керек. Сонда ғана шындыққа жақын келесіз. Тіпті, ондайда да адасып қалу ғажап емес, өйткені, өтірік ақпарат таратушылар да бірнеше дереккөзін бір-ақ пайдаланады. Одан әрі шебер жеке өзінің танымалдығы мен өтімділігіне себепші болған шынайы ақпараттық сюжеттерді Африка сапарларында тапқанын айтты. Әсіресе, Кениядағы сюжеттерім сәтті болды. Ол кезде мұнда ақпараттар ақшаға сатылмайтын, сондықтан да олардың шыншылдығы сенімді еді. Мен осы сюжеттеріммен көптеген БАҚ-та көрініп, өзімнің алғашқы 63 мың фунт-стерлинг қаламақымды таптым, деді шебер. Одан әрі Дэвид Эпплфилд журналистерге өтімді, танымал, оқылымды болуы үшін қандай да бір креативті жобаларды табу керектігін айтты. Тек осындай жобалар ғана бүгінгі көрерменнің, оқырманның жүрегіне жол табады, деді ол. Сонымен бірге, бүгінгі журналистиканы аяқтан шалатын дүниелер туралы да өзінің ойларын ортаға салды. Соның ішінде қорқақтық, салғырттық, немқұрайлылық – біздің кәсіби жауларымыз. Осындайлар, әсіресе, аймақтық БАҚ-тарда көп болады. Олардың бойында жергілікті билікке жалтақтаушылық, соларға жақпай қаламын ба деген қорқақтаушылық басым. Соның кесірінен ақпараттары да өтімсіз, солғын, әсерсіз болады, деді шебер. Оның әңгімелерінің ішінде Қазақстан журналистикасы туралы да пікірлер айтылды. Соның ішінде біздің жолы болмайтындарды қолдауға ұмтылуымызды сынады. Бізде керісінше, жолы болмайтындарды одан әрі төмпештейміз, сөйтіп, ондай жан өзінен өзі ширай түседі. Сонымен бірге, ол Қазақстанда әлеуметтік желілер ақпараттарының өтімділігі жоғары екендігі бірден көзге түсетінін айтты. Өйткені, олардікі барынша өткір, нақты, батыл екен, деді ол. Келесі шеберлік-сабағын жүргізген «Trafalgar Strategies» кампаниясын құрушы, Ұлыбритания премьер-министрі кеңсесі баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Джайлс Кенингам болды. Оның тақырыбы «Медиадағы табысты науқандардың тетіктері» деп аталды. Шебер табысты болуға қалай жету жолдарын өз білік деңгейінде айтып берді. Оның ойынша, табысты болуға жетудің бір көзі – адамның жеке құлқы мен мінезіне де байланысты. Бір тауы шағылған жерден қашан табысқа жеткенше айырылмайтын табанды адам ғана биік табыстарға жетеді, деді ол. Үшінші шеберлік-сабағын «Bloomberg» ТВ халықаралық агенттігінің директоры Тодд Бэйр «Бизнес-жаңалықтар және жаңалықтардағы бизнес» деген тақырыпта өткізді. Ол бизнес арқылы медианың ақша табу жолдарын, сонымен қатар, ақпараттардың өзін бизнеске айналдыру тетіктері туралы баяндады. Бүгінгі таңда ешқандай жеке сала болмайды, тек қана нәтиже басты бағдарға алынады. Ал нәтижеге қол жеткізу үшін барлық сала бір-бірімен бірігіп, табыс табудың дара жолына шығуы керек, деді ол. Шеберлік-сабақтарының арасында таза дәріс оқулар да болып тұрды. Мәселен, АҚШ-тың атақты «Лос-Анджелес таймс» газетінің бұрынғы вице-президенті, ал қазір «Newseum» атты журналистика музейінің директоры Шелби Коффи «Жаңалықтар тарихының бес ғасыры» деген тақырыпта тамаша дәріс оқыды. Саналы адамдардың алғашқы күннен жаңалыққа құмарлығы, соның арқасында оның дами түскендігі оның дәрісінің негізгі арқауына айналды. «Кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемге иелік етеді» деген тәмсіл қалыптасқанға дейін-ақ ақпаратқа деген құштарлық әлемде берік орныққан, деді ол. Медиа-форумның кешегі күнін АҚШ-тың «Storyful» интернет агенттігінің бөлім бастығы Тоби Бочан мен «Now This» интернет-порталының басқарушы редакторы Верша Шарманың «Сандық дәуірдегі фактчекинг» шеберлік сабағы аяқтады. Мұнда медиа-технологияның жетістіктері мен оның күннен күнге өзгеріске, жаңашылдыққа ауысып бара жатқан сырлары туралы айтылды. Форум ресми түрде бүгін ашылады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
ЭКСПО-2017
•
23 Маусым, 2017
Табандылық – табысқа жетудің кілті
535 рет
көрсетілді
Кеше ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында XIV Еуразиялық медиа-форум шеңберіндегі шаралар басталды. Биыл форумға 60-тан аса елден жүйрік журналистер, сарапшылар, саясаткерлер, экономистер келіп отыр. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай форумның негізгі тақырыбы «Ымыраға келу жолдарын іздестіру» деп аталады.