2000-жылдардан басталған клай-фай жанры жастар мен жасөспірімдер арасында өте танымал (өкінішке қарай, біздің елдің жастарының арасында емес). Клай-фай (cli-fi) сөзі «climate fiction» сөзінен қысқартылып алынған. «Climate fiction» – ауа райындағы өзгерістер мен ғаламдық жылыну мәселелеріне арналған әдебиет, негізінде ғылыми фантастиканың түріне жатады. 2007 жылы Дэн Блум атты журналист осы қысқартуды ұсынған, ал 2012 жылы танымал америкалық жазушы Маргарет Этвуд твиттердегі жазбасында осы терминді қолданып, климаттағы өзгерістерді сипаттайтын кітаптарды клай-фай деп атай бастаған. Сөйтіп, әлеуметтік желілер осы терминнің тез таралып, танымал болуына септігін тигізді. Дәстүрлі ғылыми фантастикада негізінен ғарыш, роботтар, жаңа технологиялар мен өзге ғаламшарлар туралы айтылатын. Жаңа ғасыр өзімен бірге жаңа тақырыпты да ала келді. Адамның кесірінен болып жатқан табиғи өзгерістер мен апаттар жазушылардың назарынан тыс қалмады. Жер планетасындағы климаттық өзгерістер, қоршаған ортаның ластануы, ғаламдық жылыну, халық санының шамадан тыс өсуі, тамақтың жетіспеушілігі, мұхит деңгейінің көтерілуі – осы және бұдан да өзге мәселелер жазушыларды толғандырып, оқырмандарына шынайылық пен қиялдың қосындысынан туындайтын түрлі шығармаларды ұсынуға мүмкіндік берді. Әдебиеттанушылар бұл жанрдың сондай жаңа еместігін де атап өтер, оған мысал ретінде Жюль Верн шығармаларын атауға болады. Дегенмен де, осы сипаттағы шығармалар тек жиырмасыншы ғасырдың ортасында пайда бола бастады. Британ жазушысы Дж.Г.Баллардтың «Ветер неоткуда» (The Wind From Nowhere) роман-катастрофасы, Маргарет Этвудт трилогиясының үшінші кітабы «Есуас Аддам» (MaddAddam, 2013) роман-антиутопиясы, Паола Бачигалупидің «Суға кеткен қалалар» (Drowned Cities, 2012), «Кемелерді талқандаушы» (Ship Breaker, 2010) романдары, Сара Кроссанның «Дем ал» (Breathe, 2013) романы – ағылшын тілінде шығып, өз оқырмандарын бейжай қалдырмаған шығармалардың бір бөлігі ғана. «Жер бетінде ауа азайса, қалай демаласың? Мұз дәуірі қайта келуі мүмкін бе? Өмір сүруге ыңғайлы басқа планеталарды іздеу керек пе? Сапалы ауыз су бәріне жете ме? Ақ аюлар жойылып кетпей ме?» деген сияқты сұрақтар адамдарды уайым-қайғыға салып, қапаландыруы, екінші жағынан осы сұрақтарға жауап іздетіп, мәселелерді шешуге итермелеуі де мүмкін. Табиғаттың бір бөлшегі адамның қарапайым да әлсіз, кейбіреулер қалағандай ақылды және мүлтіксіз болмауы, жоғары саналы, ұзақ өмір сүретін, IQ-і өте жоғары адам тудыру мәселесі арқылы көркем әдебиетте өз орнын алды. Бір жағынан адам саналы, ақылды, мейірбан, алдын болжайтын, болашағынан үміт күттіретін пенде болғанымен, екінші жағынан адамның қорқақтығы, қызғанышы, арсыздығы, адамгершілік заңдарын сақтамауы, оны ұрпағы арқылы жазалау тақырыбына алып келеді. Осы орайда қазақ жазушыларының ішінде осы тақырыпты ерекше көрсете білген Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан (Көкжендет)», «Кентавр», «Түсік» атты шығармалары ойға оралады. Табиғат апаттарын сипаттауға арналған көркем әдебиет тізімін және оқырмандардың назарын аударған танымал шығармаларды саралау, бұл шығармалар оқырманға ғылымды, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарын жақындата түсетінін көрсетеді. Сонымен бірге, жазушылар қоршаған ортаның проблемаларын оқырманға түсінікті тілмен жеткізіп, оның алдын алу немесе табиғат апаттарының залалымен күресуге жетелейтіні анық. Бұл бағытта клай-фай жанрының кино өнерінде жиі қолданылуы да жастардың қоршаған орта мәселелеріне қызығушылығын арттырып отырғаны рас. Олар адамның көзқарасына, ой-пікіріне, кейбірінің өмір сүру салтына әсер етіп, оң өзгерістерге әкелуі мүмкін. Бірақ клай-фай жанрындағы әдебиет «Не істеу керек? Жағдайды қалай өзгерте аламыз?» деген сұрақтарға тікелей жауап бере алмайды, ол тек оқырманның назарын шығармада көтерілген мәселелерге аударып, өзімізді, өзіміздің табиғатқа деген қарым-қатынасымызды, өз өмірімізді өзгертуге әлі де кеш емес деген ой салады.
Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты