• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Маусым, 2017

Еуроодақ елдерінің саммиті

136 рет
көрсетілді

өз іштерінде тарқатуды қажет ететін түйінді мәселелер бар екенін көрсетіп берді. Жуырда Брюссельде Еуроодақ елдерінің саммиті болып, онда ЕО-ға қатысты кейбір өзекті мәселелер талқыланды. Соның ішінде Ұлыбританияның Одақтан шығу үдерістерін пысықтай түсу мәселесі алдыңғы қатарда қаралды.

Брексит деп аталып кеткен бұл мәсе­леде ең алдымен Еуроодақта қала­тын елдер мен Ұлыбритания азамат­тары­ның адами құқықтарының бұзылмау жағы қатты ескерілуі керектігі ең бас­ты орында тұруы тиістігін барлық ли­дер­лер де қостады. Британияның премьер-министрі Тереза Мей Ұлы­брита­ния азаматтарының Еуроодақ ел­дерінде қалатындары мен өз елінде тұратындарының құқықтарын қорғау бірдей қарастырылуы керектігін де қадап айтты. Сонымен бірге, ол Ұлы­бри­таниядан үй сатып алып, сонда тұ­рып жатқан ЕО елдері азаматтарын еш­кім де орындарынан қумайтынын жет­кізді. «Үкіметтің бұл туралы арнайы ұсы­ныстары туралы шешім жақында қабы­л­данатын болады», деді ол.

Еске сала кететін болсақ, бұған дейін Еуроодақ кеңесінің төрағасы Дональд Тусктің қатысуымен ЕО-ның 27 елінің өкілдері «Брекситтің негізгі принциптері» деп аталатын Ұлы­бри­танияның Одақтан шығуының не­гізі болатын құжатты бірауыздан қабылдаған еді. Осы қағидаттардың өзі өте тез, 5 минуттың ішінде қабыл­дан­ғандығымен атағы шыққан. Еурокомис­сияның төрағасы Жан-Клод Юнкердің өзі бұл іске таңғалып, мұндай бір­ауыз­дылық ЕО отырыстарында бұрын-соңды болып көрмегендігін айтқан.

Қағидаттар жедел қабылданғанымен, Ұлыбританияның Еуроодақтан кетуі тұрғындар мен бизнес үшін «көптеген түсініксіз жайттар туғызады». «Еуро­одақт­ағы Ұлыбританияның мүшелі­гіне байланысты ортақ құқықты пай­да­ланып, өздерінің өмірлерін жалғас­тырып, бизнестерін жүргізіп келе жат­қан азаматтар болашақта бұл құқық­тан айырылумен бірге, көптеген мүм­кін­дік­терін жоғалтады. Соның ішінде ЕО заң­­ды­лықтарымен қорғалатын биз­нес бол­жалдылық пен сенімділіктен ай­ыры­ла­ды. Бұл тіпті мемлекеттік билік ор­ган­­дары­ның жұмысына да кері әсерін ти­гі­зеді» деген сөздер де жазылған осы құжатта.

Еуроодақ елдері басшыларының кез­десуіне Брексит мәселесін шығара оты­рып, Еуропалық кеңестің прези­денті Дональд Туск Ұлыбритания­ның Еуро­­одақ­тан шығу мәселесі қайта қара­луы мүмкін екенін де назардан тыс қалдырмайтынын жұқалап айтып өтті. «Еуропалық одақ орындалмайтын секілді көрінген армандарды іске асырған еді. Сондықтан кім біледі?..», деді ол кездесуге қатысушыларға екі­ұшты ойдың ұшығын тастап. Сонымен бірге, ол «Менің алғаш­қы әсерім: Бірік­кен корольдіктің бізге тар­тып отырған ұсыныстары біз күткен­де­гі­д­ен төмен. Ол азаматтардың жағдайын тө­мен­­дету тәуекелін тудыратын сияқты», деді.

Осы мәселенің қаралуы барысында Германия канцлері Ангела Меркель Еуроодаққа мүше 27 елдің жарқын бола­шағы Ұлыбританияның одан шығуы­н­ан гөрі маңыздырақ мәселе екенін атап өтіп, өзінің Брекситтен көңі­лі қалғандығын жанамалай болса да біл­діріп өтті. Сөйтіп, қызу талқыланған осы мәселе бойынша тараптар жұмыс­тардың одан әрі жалғастырылуы тура­лы шешім қабылдады. Дегенмен, бұл мәсе­леде әлі де жетілдірілмеген тұстар көп екендігі саммит барысында анық көрінді.

Кездесуде бұдан басқа қорғаныс, сауда, Ресейге қарсы санкциялардың мер­зімін ұзарту және т.б. мәселелер қарал­ды. Қорғаныс мәселесінде Еуро­одақ ел­дерінің басшылары НАТО мен АҚШ-қа үйлестіре отырып, бірлескен қорғанысты нығайту қажеттілігі тура­лы келісті. Кездесу басталмай тұ­рып бір күн бұрын Еуропалық одақ кеңесінде қабылданған қаулыда: «Трансатланттық қатынастар мен ЕО және НАТО арасындағы ынты­мақ­тастық қауіпсіздігіміздің негізгі кілті болып табылады және ол біздің қауіп­­сіз­дігімізге қатер төндіретін кибер­қауіп, гибридтік соғыс және терро­ризм сияқ­ты нәубеттерге қарсы тұруы­мызға мүм­кін­дік береді» делінген. Лидерлер осы құжатты бірауыздан мақұлдады. Соны­мен бірге, олар Еурокомиссияның қор­ға­ныс қорын құру туралы ұсынысын да қолдады.

Ресейге қарсы санкциялардың мерзі­мін ұзарту мәселесі де біршама қызу талқыланды. Италия премьер-ми­нистрі Паоло Джентилонидің «Ресей­ге қарсы санкциялардың мәңгілік болуы мүмкін емес» деген сөздері де әріп­тес­теріне біршама ой салғандай болды. Алайда, кездесу қорытындысы бойын­ша ел басшыларының басым бөлігі санк­циялардың мерзімі ұзартыл­ғаны жөн деп шешіп, ол 2018 жылдың қаңтарына дейін созылатын болды.

Сауда мәселесі талқыланғанда, Еуро­одақ елдерінің Қытай мен АҚШ-тың кейбір өзімшіл әрекеттеріне қарсы тұрып, адал бәсекелестік қағидат­тарын қада­ғалау керектігі көлде­нең тар­тыл­ды. Әсіресе, Қытайдан Еуроай­мақ эконо­микасының стратегия­лық сектор­ларына құйылатын инвести­ция­лар­дың шығу тегін инспекторлық тексерістен өткізу мәселесі талқыланды.

Осы және басқа да мәселелерді қарас­тырған отырыс қорытындысы бойын­ша қарар қабылданды.

Жақсыбай САМРАТ,  «Егемен Қазақстан»