Дінтанушы, ғұлама ғалым, шежіре-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының тұңғыш лауреатының ең елеулі еңбегі 1991 жылы қасиетті кітап Құран Кәрімнің мағынасы мен түсінігін қазақ тілінде жазып, онысы «Фахд» баспаханасын 1 миллион данамен таратылды. Жарықтық атамыз алас-күлеске толы 1917 жылы Өр Алтайдың орта сілемі Бәйтік-Қаптық жоталарының теріскей беті Жарынты шоқысының бауырында туған екен. Бұл жер қазір Моңғол елінің аумағында. Сондықтан да шығар, ғалым «Алтайдан ауған ел» атты естелік кітабында өзінің Моңғолияда туғаны жайлы нақты жазыпты.
Қарияның есею жылдары апалас-төпелес қилы-қырғын заманға дөп келді. 30-жылдары Алтайдан үркіп көшкен 18000 қазақ Шыңжаңның шығыс шеті Гансу өлкесіне келеді. Осылардан 5000 қазақ Тибетке тірі өткен. Қалғаны қырылған немесе жолда қалған. 1941 жыл туғанда арып-ашқан 3000 қазақ Үндістанға өтеді. Бір жылдан кейін осы адамдардан 1000-ы ғана тірі қалған.
Халифа атамыз ертеректе жарық көрген естелік жазбасында: «1941 жылдың күзінде босып жүріп Үндістанның Мұзапар-Абат қаласына зорға жеттік. Қаланың айналасын қалың қарағайлы тау қоршаған. Біз өзеннің бергі шетіне шатыр тігіп орналастық. Күнде жаңбыр. Су тамшылары баспанамыздан өтіп, көрпе-жастық, киім-кешек түгел көгеріп кетті. Алды иістеніп шіри бастады. «Жұт жеті ағайды» дегендей, ұзақ жауған жаңбырдың салдары ма, жаппай ауру-дертке ұшырадық. Аурудың сырын ешкім білмейді. Көп адамдар есінен ауысып жынданып кетті. Біреулердің бет-аузы ісіп, тұлабойына жара қаптап, тіпті тірідей тістері шіріп кеткендер қаншама. Күн сайын оншақты адам ажал құшады. Өлген адамдарымызды қалалық зиратқа немесе қоныс сыртына жерлетпейді, ұлықсат жоқ. Шатырдың сыртында қарулы әскери күзет. Амалсыз мәйіттерді шатырлардың арасындағы бос жерлерге көміп, өзіміз олардың зиратын жастанып, өлгендермен бірге өмір сүрдік. Бітіретін жұмысымыз күні бойы тек зират қазу. Мүлде түтіні өшіп қалған отбасылар да болды... Осылай Үндістан мен Пәкістанда 12 жыл тұрдық. Ешкім бізді азаматтыққа қабылдамады. Жанымызды жалдап күн көрдік. Ел бөтен, жер бөтен, салт бөтен елде өмір сүрудің қиынын бастан өткердік. Алғаш барған алты жылда әйел затының жатыры шошынып, бірде-бір нәресте дүниеге келмеді. Егер бір жаққа көшпегенде сол күйі тұқым-тұяғымыз құрып жоғалар еді...» деп жазыпты.
Осыншама қиындықты бастан өткерген қария сонда да қолынан қаламын тастамаған. Мүмкін Жаратушы иеміз қашып-босып қырылған елдің қиын тағдырын хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізсін деп тірі қалдырған болар. Қалай десекте қарияның бастан кешкен өмірі атажұртынан босқан халықтың қандай күйге түсетінін бүгінгі бізге ескертіп тұрған тірі дүние.
Жиын барысында жиналған жұрт М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай, Халықаралық түркі мәдениеті қоры Стратегиялық зерттеулер комитетінің төрағасы, филолог-ғалым Ислам Жеменейлер жасаған баяндамаларды тыңдап, естеліктер айтты.