• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2017

Тұғыры биік тұлға

280 рет
көрсетілді

Өткен жексенбі күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белігілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты шығармашылық кеші өтті.

Аталмыш шарамен орайлас қаламгердің Қазақстанның Түр­киядағы елшілігінің қолдауымен түрік тілінде жарық көрген «Ақ­боз үй» («Arasat Meydan») рома­ны мен үлкен жазушы Әбіш Кекіл­баевтың философиялық-пси­хологиялық астары терең кесек туындысы «Аңыздың ақыры» кіта­бының да («End of the legend») ағылшын тілінде аударылған нұсқасының тұсаукесер рәсімі қатар ұйымдастырылды.

Мерей жасқа толып отырған қаламгер Смағұл Елубай 1947 жылы Түрікменстан жерінде дүниеге келген. 1961 жылы әулетімен бір­ге ата­жұртына қоныс аударып, Алма­тыдағы №12 орта мектепте оқыған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, шығармашылық жолға түскен. Жазушының шығармасының басты ерекшелігі – ұзақ жылға созыл­ған отаршылық бұғауға деген қарсылық, сонымен қатар қазақ­тың көне танымын бойына терең сіңірген адам ретінде шығармаларының рухани-ұлттық бояуы қанық, жазу стилі қоспасыз қазақы.

Қаламгерді қазақ әдебиеті атты шалқарға әкеліп қосқан төл­құжаты сияқты туындысы, әрине «Ақбоз үй» романы. Бұл туын­дыда негізінен қуғын-сүргін, ашар­шылық жылдары қазақ ауыл­дарының бастан кешірген қиын тағдыр-талайы сөз болады. – Осы дүниені жазуға 30 жыл дайын­­далдым, – дейді жазушы. Оқи­ғалар сорабы көкейде әбден пісіп, толысқан шақта бір шопанның киіз үйінде жатып алып жазып шыққан.

Кеш үстінде шығармашылық тұлға жайлы ақжарма тілек айтқан қоғам қайраткері Мырзатай Жол­дасбеков, «Смағұл өте ойшыл, баппен сөйлейтін және көптің көкейіндегі дүниені тауып айтатын сұңғыла адам» десе, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты жазушы Әнес Сарай, жазушының шығармасын оқығанда ондағы оқиғалар көзге елестеп отырады, бұл екінің бірінде кездесе бермейтін шеберлік, оның кинематографияға тез бой ұруы осы қабілетінен екенін ерекшелеп айтты.

Академик Ғарифолла Есім жалпы қазақ әдебиетінің ұлттық-идеологиялық маңызы жайлы ой қозғап, «Қазақ совет әдебиеті» және «Қазақ әдебиеті» атты екі ұғымның аражігін анық­тайтын уақыт жет­кенін атап өтті. Басқосуды түйін­деу үшін мінбеге көтерілген филология ғылымдарының докторы Тұрсын Сыдықов мырза кеш иесінің жазушылық шеберлігі мен оның шығармаларындағы – келелі ойлар, түйінді толғамдар, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға бай сипаты қаламгердің адами бұлжымас діңгегі екенін, әсіресе, қазақ кино өнері кинодраматургияда атқарған еңбектері ел мен халық тарабынан лайықты бағасын алуы тиіс дегенге тоқталды.

Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»