Сандықты ашып қарағанда, ішінен ескі кітаптар, басқа да әртүрлі бұйымдар және ұзынша шүберекке оралған әлдеқандай белгісіз бума шығады. Арада көп уақыт өтпей, белгісіз буманы Әдебиет институтының ғалымдары келіп алып кетеді. Олар жазылған қолжазбаның бір бөлігін Ленинградтағы сирек қолжазбаларды оқитын мамандардың сараптамасына жібереді. Олар қолжазбаның бұзау терісіне жазылған Торо, яғни Алла тағаланың Мұса пайғамбарға жіберген еврей халқының діни кітабы Тәурат екенін анықтайды. Жазылған уақыты – ХІІ-ХVІІІ ғасыр аралығы.
Қасиетті төрт кітаптың бірі Тәурат жазылған терінің ұзындығы – 26 метр! Жұп-жұқа болып иленіп, жылтырап тұрып өңделген бұзау терісінің сапасы күшті көрінеді. Қабарып, қарайып, әр жерінен күйік шалған терінің бір мәрте өрттің ішінен аман шыққаны байқалады. Тәураттың да әр парағы уақыттың әр кезеңінде жазылса керек. Әр жаңа парағы жаңа иленген бұзау терісіне қолмен жазылып, біріне-бірі жалғанып отырған.
Ұзындығы 26 метр, ені 60 см Тәуратпен кез келген адам таныса алмайды, ол тіпті көрмелерге де қойылмайды. 2011 жылы Ғылым ордасына күрделі жөндеу жүргізіліп, орда тынысымен арнайы танысу үшін Елбасы келіп аралап көргенде ғана бірінші рет назарға ұсынылды. Қазір Тәурат цифрлық қалыпқа түсірілген. Қызығушылық танытқан адам сайтқа кіріп, таныса алады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ