• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 28 Маусым, 2017

Мәселелердің бәрі маңызды

157 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төра­ға­лығымен өткен кешегі Үкімет отырысында негізінен үш мәселе қаралды.

Жолын тапқанға туризм табыс көзі

Бірінші мәселе бойын­ша сөз алған Мәдениет жә­не спорт министрі Арыс­тан­бек Мұхамедиұлы Қазақстан­ның туристік саласын дамы­ту­дың 2023 жылға дейінгі тұжы­рым­­дамасы туралы баяндады. Оның айтуынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017 жылғы саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі рей­тингінде Қазақстан 136 елдің арасында 81-орынға табан тіреп, 2015 жылмен салыс­тыр­ғанда 4 саты, ал 2011 жылғы көр­­сет­кіш­тен 12 саты алға бас­қан. «Еліміздегі туризм сала­сы­ның көрсеткіштеріне тоқ­та­латын болсақ, 2016 жылы ішкі сая­хатта болғандар 9,6 млн адам­ды құрады, ал шет елдерден кел­ген туристер саны 6,5 млн адамға жетті. Шетелдіктердің 90 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан секілді ТМД елдерінен келгендер. Қал­­ған 10 пайызы Қытай, Түр­кия мен Иран және өзге мем­ле­­кет­тердің азаматтары. Қа­зіргі кезде Статистика комите­тімен, «Маккензи» мен «Рефор­ма­тикс» компанияларымен, сонымен қатар, ЮНВТО және Дү­ниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе туристерді тіркеудің әдістемесін өзгерту бойынша жұмыстарды жүргізудеміз», деді А. Мұхамедиұлы.  Еліміз маңызды туристік әлеу­етке ие бола тұра, ол мүм­кін­діктер әлі де болса толық пай­да­ланылмай келеді. Жаңа тұжы­рымдамада осы мәселелер ес­керіліп отыр. Соның ішінде ай­мақтық туризм әр өңірдің ерек­шеліктеріне сәйкес 6 кластерге бө­лініп, дамытылмақ. Олардың жаңа­дан енгізілетін түрлері «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық идея­сы құндылықтарын наси­хат­тауға ықпал ететін болады.  Сондай-ақ, жаңартылған тұ­жы­рымдама жобасында мә­дени-танымдық және этно­гра­фиялық туризм, оқиғалық, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық, кемпингтік, аң­шылық-трофейлік және спорт­тық туризм ескеріліп отыр. Үкімет отырысына Дүние­жүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифай да қатысып, өз ұсыныстарын ор­та­ға салды. Оның айтуынша, Қазақстанда туризм сала­сын дамыту үшін шетелдік ту­ристер үшін виза алуды жеңіл­дету, туристердің елге келіп кетуіне қолайлы жағ­дай­лар туғызу, Қазақстанның атын шығару үшін оның ерек­шелік­терін халықаралық дең­гейде насихаттау және туризм саласындағы мамандар дайындауды жетілдіру қажет. «Қазір туризммен атын шы­ғарып отырған Дубайдың өзін­де кезінде ештеңе болмап еді. Бәрін де адамдардың ерік-жі­гері шешті. Ал Қазақстанның ту­рис­тік әлеуеті үлкен. Үлкен ерік-жігер болса, Қазақстан да бұл са­ланы мықтап дамыта алады», деді ол.

Транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдаланайық

Күн тәртібінде қаралған екін­ші мәселе транзитті, логис­ти­каны және жол бойында көр­сетілетін қызметтерді дамыту жайында болды. Бұл мәселе бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. «Қытайдың және Оңтүстік-Шы­ғыс Азия елдерінің Еуро­палық Одақпен сауда қатынас­тарының қарқынды дамуы Қа­зақ­станның транзиттік мүмкін­діктерін нығайтуға қолайлы алғы­шарттар туғызуда. Сон­дық­тан, көлік саласының өсіміне әсер ететін еліміздегі негізгі драйвер ретінде біз бірінші ке­зекте ҚХР-ЕО бағытындағы тран­зиттік әлеуетті дамыту мә­се­­лесін қарастырып отырмыз», деді министр. Жеңіс Қасымбектің айтуын­ша, көліктік ұйымдардың тран­зиттік тасымалдан түсетін кі­ріс­тері 2016 жылы 267 млрд тең­гені, оның ішінде теміржол көлі­гінде 222,6 млрд теңгені, әуе көлігінде 44,3 млрд теңгені және автомобиль көлігінде 67 млн теңгені құрады. 2020 жылға қарай Мемлекет басшысының Жолдауына сәй­кес транзиттік тасымалдан тү­се­тін кіріс 1,3 трлн теңге, оның ішінде темір жол көлігінде 1,1 трлн теңге, әуе көлігінде 134 млрд теңге және автомобиль көлігінде 66 млрд теңгені құ­рай­тын болады. Бұл ретте, сарапшылардың (Bos­ton Consulting Group) баға­лау­ын­ша, 2020 жылы транзит­тік тас­ы­малдың өсімінен еліміздің ІЖӨ-сіне 5,2 млрд АҚШ долла­ры мөлшерінде табыс кірмек. Бүгінгі күннің өзінде Еуро­паға жүктер Қытайдан Қазақ­стан арқылы шамамен 12-15 күн­де жеткізіледі. Ал осы жүк­тер­дің Оңтүстік теңіз жолымен 45-60 күнде, Солтүстік теңіз жо­лымен 33-35 күнде және Транс­сібір магистралі бойынша 18-20 күнде жеткізілетіндігін ескерсек, Қазақстанның тран­зит­тік жүктерді тартуда қатаң ха­лықаралық бәсекеге түсе оты­рып, дәстүрлі халықаралық мар­шруттарға (Оңтүстік және Солтүстік теңіз жолдары, Транс­сібір магистралі) қарсы бәсекеге қабілетті құрлықтық маршрутты құра білгендігін қазірдің өзінде анық аңғаруға болады. Соның нәтижесінде 2016 жылы ҚХР – ЕО – ҚХР бағы­тында контейнерлік тасымал­дардың көлемі 2015 жылмен салыс­тыр­ғанда 2 есе өссе, осы жылдың 5 айында осы бағыт­тағы тасымалдар 2016 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда тағы да 2,2 есеге өсіп, 59 мың ЖФБ құрады. Өт­кен 5 айда ҚХР – ЕО – ҚХР бағытында контейнерлік пойыз­дардың саны 681 бірлік бол­ды, бұл 2016 жылғы сәйкес ке­зеңмен салыстырғанда 2 есе­ге көп. Жалпы 2016 жылы Қазақ­­стан Республикасының ау­мағы бойынша транзиттік қа­ты­наспен 245 мың контейнер тасымалданды, бұл 2015 жыл­дың сәйкес ке­зеңімен салыс­тырғанда 35,3 мың контейнерге немесе 14 пайызға көп. Ал осы 5 айда транзиттік кон­тейнерлік тасымалдардың кө­лемі 119 мың ЖФЭ құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­­тырғанда 1,5 есе өсті. 2020 жылға қарай жалпы көлем 2 млн контейнерді құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек соңғы 7 жылда әуе көлігіндегі транзиттік жолаушылар ағы­ны 20 еседен астамға өсіп, 2010 жылғы 20 мың адамнан өткен жылы 478 мың адам­ға жеткендігін атап өтті. Қазақ­стан арқылы транзитпен өте­тін негізгі жолаушылар ағы­ны Қытайдан Еуропаға, Ре­сей және Түркияға, Еуропа мен Үндістан, Украина мен Өз­бекстан, Қырғызстан мен Оңтүс­тік Корея арасында кү­шейе түскендігі байқалды.  Қазақстан арқылы авиат­ран­зит тартымдылығын арт­­тыру үшін Мемлекет басшы­сының «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы шеңберінде транзиттік әуе жолаушылар санын 2017 жылдың аяғына дейін 600 мыңға, ал 2020 жылға қарай 1,6 млн адамға дейін ұлғайту көз­деледі. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жобалық басқару шеңберінде қанатқақты режімде ЭКСПО-2017 өт­кі­зу кезінде қа­зақ­стандық авиакомпаниялармен Астана және Алматының әуе­жай­лары арқылы транзитпен өте­тін ҚХР азаматтарына 72 са­­ғаттық визасыз режім енгі­зіл­ген.  «Сонымен қатар, қызмет көр­­сетілген транзиттік ұшу­лар­дың өскендігі байқалады. 2017 жыл­дың 5 айында ұшулар саны 48,5 мыңды құрады. Бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңінен 5,9 пайызға артық», деді министр. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин жүк контейнерлері тасымалының артуы Қазақстан үшін маңызды екендігін атап көрсетті. Оның айтуынша, Қытайдан басталатын жүк кон­тей­нерлерінің бұрын 10 пайызы ғана Қазақстан аумағы ар­қылы, қалған бөлігі басқа елдер арқылы өтіп келсе, енді 2020 жылға таман 80 пайызы біздің елдің аумағы арқылы өтеді деп күтілуде. Отырыста осы қаралып отырған мәселенің жалғасы іс­петті «Инфрақұрылымдық жоба­ларды жүзеге асыру және темір жол көлігімен транзитті дамыту барысы» туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қа­нат Алпысбаев толығырақ баян­дап берді. Оның айтуынша, 2017 жылдың желтоқсан айын­да Құрық портында автокөлік өтке­лінің бірінші кезегі пайдалануға беріледі. Алматы – Шу темір жол желісінің бірінші кезегінің құ­рылысы аяқталды. Сөйтіп, оның мүмкіндігі 1,5 есе өсті. «Жаңадан іске қосылған «Нұр­лы жол» вокзалы кешені ар­қылы тәулігіне 27 жүк пойызы өтеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев ха­лықаралық әуежайының жаңа терминалы пайдалануға беріл­гелі 195 халықаралық әуе рей­сіне, 48 мың жолаушыға қыз­мет көрсетілді», деді Қ.Алпыс­баев. 

Кодекске түзетулер үш бағытты қамтиды

Күн тәртібіндегі үшінші мәсе­ле бойынша Әділет ми­нистрі Марат Бекетаев Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасын қарауға ұсынды. Ол үш бағытты қам­тиды. Соның біріншісі ізгі­лен­діру ісі осыған дейін жеке тұл­ғаларға қолданылса, енді заң­ды тұлғаларды қамту да көзде­леді. Сондай-ақ, санкцияларды жеңіл­дету шаралары да қарас­тырылған. Екінші бағыт бойынша осы­­ған дейін рұқсаттама құ­жаты­ның әрекеті толық тоқ­та­ты­лып келсе, енді оны жеке қызмет түр­леріне қатыс­ты ішінара тоқтату да қарасты­рылатын болады. Үшінші бағыт бойынша мемлекеттік органдар мен сот деңгейлерінің істерді қайта қа­рау рәсімдері ажыратылады және бөлек процестік құжат­тардың мәртебесі белгіленетін болады. Үкімет отырысының соңы­нан журналистерге арнал­ған баспасөз мәслихаты ұйым­­да­с­тырылып, қаралған мәсе­лелердің мәні мен маңызы түсін­дірілді.

Сұңғат Әліпбай, «Егемен Қазақстан»